Accessibility links

Құқық қорғаушы Елена Семенова түрмеде жатқан диссидент Арон Атабекке жолығып шықты


Түрмеде жатқан диссидент, әрі ақын Арон Атабек құқық қорғаушы Елена Семенова. Павлодардағы тергеу изоляторы. 26 шілде 2019 жылы.
Түрмеде жатқан диссидент, әрі ақын Арон Атабек құқық қорғаушы Елена Семенова. Павлодардағы тергеу изоляторы. 26 шілде 2019 жылы.

Құқық қорғаушы Елена Семенова түрмеде жатқан диссидент, ақын Арон Атабекке жолығып шыққанын мәлімдеді. 18 жылға сотталған Атабек Павлодардың тергеу изоляторында қамауда жатыр. Семенованың сөзінше, ол ақынмен қайырымдылық көмек көрсету аясында жолыққан. Ол Атабектің "бостандықты қалайтынын, бірақ еңсесін тік көтеріп шыға алатындай" бостандық керек екенін айтты дейді.–

– Ол маған адвокатының қызметінен бас тартатынын айтып, құқығын қорғауды менен сұрады. Арон Атабектің сөзінше, ол мені бостандыққа шығару мәселесін өзгелерден жақсырақ білгенім үшін таңдаған. Дүйсенбіден бастап (21 қыркүйек) біз сенімхатты әзірлеу процедурасын бастаймыз" – деді Семенова Азаттыққа. Құқық қорғаушының айтуынша, Атабек кешірім сұрауды және өкініш білдіруді талап ететін бостандықтан бас тартқан. Өйткені ол өзін кінәсіз санайды.

Семенованың сөзінше, тергеу изоляторындағы кездесу қысқа уақыттық жолығу форматында өткен: олар терезе екі жағында отырып, телефон арқылы сөйлескен.

– Бақытжан Төреғожина ["Ар.Рух.Хақ" құқық қорғау қорының жетекшісі] маған ақша аударды, мен оған киім-кешек пен азық-түлік сатып алып, тергеу изоляторына апарып бердім. Сол жерде терезе арқылы сөйлесу мүмкіндігі туды. Ол Бақытжан Төреғожинаға көмегі үшін, досы Нұрлан Әмреқұловқа мен апарған кітабы үшін алғыс білдірді" деді Семенова.

Семенова 67 жастағы Атабектің ауырып отырғанын, оны мүгедек деп тану қажетін, бұл мәселенің шешілмей отырғанын айтады. Құқық қорғаушы Атабек жасы келсе де зейнетақысын ала алмайты отыр дейді. Оның сөзінше, зейнеткерлікті рәсімдеуде қиындықтар туған.

Кездесудің қысқаша есебін Семенова Facebook желісіндегі парақшасында жариялады. Осыған дейін ол Атабекпен 14 тамыз күні видео байланыс арқылы сөйлескен.

31 шілде күні Арон Атабек біршама жыл өткенде алғаш рет отбасына қоңырау шалып, қызы Айдана Айдарханмен сөйлесе алған. Қызымен сөйлескенде ол хәлінің нашарлығын айтып, құқық қорғаушылардан мүгедектіктікті рәсімдеуге көмек сұраған. Сол күні-ақ онымен "ресми" құқық қорғаушылар кездесіп, оның өтінішін растады. Олар Атабектің коронавирусқа шалдыққанын терістеді.

Атабектің коронавирусқа шалдыққан болуы мүмкін деген ақпаратты бір күн бұрын құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина хабарлаған. Ол бұл ақпаратты аноним дереккөздерден алғанын айтқан.

Атабек 2006 жылғы 14 шілдедегі Шаңырақ оқиғасынан кейін сотталған. Сол күні Алматы шетіндегі Шаңырақ шағын ауданының тұрғындары билік заңсыз соғылған деген үйлерді бұзуға келген полиция күштеріне қарсылық көрсетіп, қақтығыс болған. Салдарынан 24 жастағы полицей қайтыс болған. Билік оның өліміне бірқатар жергілікті тұрғында және сол күні Шаңырақта болған ақын, әрі диссидент Арон Атабекті айыптаған. Атабек 18 жылға, Құрманғазы Өтегенов 16 жылға, Ерғанат Тараншиев 15 жылға, Рүстем Тұяқов 14 жылға сотталды. Кейінгі екеуі 2018 жылы мерзімінен бұрын босатылды. Өтегенов 2013 жылы түрме әкімшілігі қызметкерлерінің "заңды талаптарына бағынбады" деп айыпталып, мерзімі екі жылға ұзартылды.

Арон Атабек түрмедегі жылдарының бәрі өзі тұратын Алматыдан тысқары жерде өткізді. Павлодар тергеу изоляторына оны 2014 жылдың сәуірінде ауыстырған.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG