Accessibility links

Нұр-Сұлтанда мүгедектігі бар адамдар еңбек министрлігінің алдына жиналды


Еңбек министрлігі алдында мәселелерін айтып тұрған мүгедектігі бар адамдар. Нұр-Сұлтан, 12 қазан 2020 жыл.
Еңбек министрлігі алдында мәселелерін айтып тұрған мүгедектігі бар адамдар. Нұр-Сұлтан, 12 қазан 2020 жыл.

12 қазанда Нұр-Сұлтанда республиканың түкпір-түкпірінен келген мүгедектігі бар бір топ адам еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алдына жиналып, жеке көмекшіге байланысты туындаған мәселелерін айтты. Олардың сөзіне қарағанда мүгедектігі бар адамдардың жеке көмекшісіне берілген сағаттар саны қысқарып жатыр, кейбір аумақта оларға тиесілі қаржы дұрыс төленбейді.

– Жеке көмекшіге берілген сағаттар саны қысқарып жатыр. Бұл бірінші кезекте мүгедектердің өзіне ауыр тиеді. Біз көшеге шыққымыз келеді. Ал бұлар карантинге сілтеп отыр. Біз сонда карантинде мүлде далаға шықпауымыз керек пе? Бізге қоғамдық көлікте де жеңілдік жоқ. Жеке көмекші болу бұл жұмыс емес – қызмет. Ал мұндағылар оны жұмыс формасында қарастырғысы келеді. Біз сонда сенбі, жексенбі күндері үйде қамалып отыруымыз керек пе? Біз үздіксіз қызметке мұқтажбыз. Тек сыртта ғана емес, үйде де көмекке зәруміз. Арамызда көзі көрмейтін арбамен жүретін адамдар бар. Жағдайымыз қиын, – дейді Семейден келген бірінші топ мүгедегі Айгүл Қасенова.

Қызылордадан келген мүгедектігі бар Роза Смағұлова есімді әйел жеке көмекшілерге дұрыс ақша төленуі тиіс деген талап айтты.

Қызылордадан келген Роза Смағұлова. Нұр-Сұлтан, 12 қазан 2020 жыл.
Қызылордадан келген Роза Смағұлова. Нұр-Сұлтан, 12 қазан 2020 жыл.

– Қызылорда облысында 2018 жылы тендер өткізілмеді деген желеумен жеке көмекшілерге 2,5 айдың ақшасы төленген жоқ. 2019 жылы да 1 шілдеден бастап 30 пайыз көлемінде коэффициент қосылған. Ол да төленбеді. Одан кейін биыл карантин кезінде жеке көмекшілерге бір сағаттан ғана төленді. Шын мәнінде президент Тоқаев "барлық жұмыс орындары сақталады, жұмысшылардың ақшалары толық төленеді" деп айтқан еді. Бірақ көмекшілерге бір сағаттан ғана төленді. Неге бұлай? Келесі жылдан бастап портал енгізіледі деп жатыр. Сол порталға жеке көмекшілер қызметін қосамыз деп отыр. Біз бұған қарсымыз. Бізге монетизация жасап, жеке көмекшілер ешқандай есеп тапсырмасын деп отырмыз. Бәріміз 24 сағат жеке көмекші көмегіне мұқтажбыз ғой, – деді Роза Смағұлова.

Шағым айтушы топтың сұрақтарына жауап беру үшін министрліктен бірнеше адам шықты. Солардың бірі әлеуметтік көмек департаменті директоры Дәмежан Садуақасова Азаттық тілшісіне мәселеге байланысты былай жауап берді.

– Жеке көмекшіге нақты көрсеткен қызметтері үшін төленуі керек. Бұған серуен де кіреді. Ешқандай шектеулер жоқ. Мүгедектігі бар адамдар уақытты көрсетпей, оны жәрдемақы ретінде алғысы келіп отыр. Нақты түрде ақшалай беріңдер, бізден есеп талап етпеңдер деп отыр. Олар қайда барғандарын көрсеткісі келмейді. Ал заң бойынша нақты көрсетілген қызметке ғана ақша төленеді, – деді ол.

Министрлік өкілі осыны айтып еді, оның жанында тұрған мүгедектігі бар әйелдер "біз неге әрбір қадамымызды айтып, есеп беріп отыруға тиіспіз? Біз қылмыскерміз бе сонда? Бұл жеке өмірге қол сұғу ғой. Егер гинекологқа барсақ, сол туралы есеп беріп, видео түсіруіміз қажет пе?" деді.

Далада суық болғандықтан министрлік өкілдері шағымданып келген топты ғимаратқа кіргізді, мүгедектігі бар адамдардың талаптарын ескеретінін айтты.

Шағымданған адамдар арасында Қарағанды облысы, Екібастұздан да келгендер болды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG