Accessibility links

"Қажет жауапты интернеттен табуға үйретті". Мектептегі 1-тоқсан қалай өтті?


7-сынып оқушысы Роман Каймашников қашықтан оқып отыр. Орал, 1 қараша 2020 жыл.
7-сынып оқушысы Роман Каймашников қашықтан оқып отыр. Орал, 1 қараша 2020 жыл.

Қазақстан мектептерінде жаңа оқу жылының қашықтан оқу режимінде өткен бірінші тоқсаны аяқталуға жақын қалды. Мектептер онлайн-оқыту сәтті жүзеге асқанын, жақсы нәтижелер барын алға тартса, ата-аналар балалардың компьютерді қолдану дағдысы жақсарғанымен, білімі артпағанын айтады.

"ЖАҚСЫ БАҒА – ИНТЕРНЕТТЕГІ АҚПАРАТ ПЕН АТА-АНА КӨМЕГІНІҢ НӘТИЖЕСІ"

Оралдағы орта мектептің жетінші сынып оқушысы, 12 жастағы Роман Каймашников жарты күнін компьютердің алдында өткізеді. Онлайн-режимдегі сабақтар күндізгі сағат екіде басталып, кешкі жетіде бір-ақ аяқталады. Романның анасы Татьяна мұндай режим баланың компьютерлік дағдыларын дамытқанымен, білімін арттырмайды деп есептейді.

Өткен материалдарды есіне түсіріп, есепті өзі шығарудың орнына қажет ақпаратты тез арада іздестіру жүйесінен табуға дағдыланып алған

– Бағаларына қарасам, бұрын үлгерімі нашар болған пәндерден де жоғары балл алып жүр. Мысалы, алгебра бойынша (жетінші сыныптан бастап оқытылатын пән – ред.) – кілең бестік бағалар. Сөйтсем, тапсырмалардың шешімін интернеттен іздеп табады екен. Өткен материалдарды есіне түсіріп, есепті өзі шығарудың орнына қажет ақпаратты тез арада іздестіру жүйесінен табуға дағдыланып алған, – дейді Татьяна Каймашникова.

Татьяна қашықтан оқып, сапалы білім алуға болады дегенге сенбейді. Ол қазір оқушылар интернеттен көшіріп не ата-анасының көмегін пайдаланып, жақсы баға алып жүргенін айтады.

12 жасар Роман Каймашников пен оның анасы Татьяна Каймашникова. Орал, 1 қараша 2020 жыл.
12 жасар Роман Каймашников пен оның анасы Татьяна Каймашникова. Орал, 1 қараша 2020 жыл.

– Қазір еңбек демалысындамын. Сондықтан аралық бақылау жұмыстарының қалай өтетінін көріп жүрмін. Ұлым компьютердің алдында отырады, жанында ұялы телефоны бар. Телефоннан қажет жауаптарды тез іздеп тауып алады. Жасыратын несі бар, ұлым екеуміз физикадан аралық бақылау жұмысын солай орындадық. Өйткені кей сұрақ мен үшін де қиын болды, – дейді Татьяна.

"ҚАШЫҚТАН ОҚУ ҚОСЫМША ШЫҒЫНҒА АЙНАЛДЫ"

Алматылық Тамара Ваальдің ұлы үшінші сыныпта оқиды. Жыл басында ата-анасы баланы онлайн емес, мектепке жіберіп оқытамыз деп шешкен.

– Бірнеше педагогпен кеңесіп, артықшылығы мен кемшілігін саралап көрдік. Көбі кезекші сыныпқа баруды ұсынды. Өйткені мұғалімнің алдында оқудың орны бөлек. Артықшылығы да бар: бала мектепке барады, бірақ сынып жетекшісі жүргізетін сабақтардан үй тапсырмасы берілмейді, – дейді Тамара Вааль.

Тамараның сөзінше, бастапқыда кезекші сыныптың артықшылығы айқын көрінгенімен, іс-жүзінде бұлай оқудың кемшіліктері бар болып шыққан. Кезекші сыныптардағы сабақтар таңғы сегізде басталып, екі сағаттан астам уақытқа созылады. Осы уақыт ішінде бірнеше сабақ болады. Қалған сабақтар түстен кейін онлайн өтеді.

Мектепке барып, алты сабақтан кейін үйге келу бір бөлек те, түске дейін үш сабақ, түстен кейін екі не үш сабақ оқу бір бөлек.

– Нәтижесінде, бала өте көп уақытын, оқуға деген зейінін жоғалтады. Мектепке барып, алты сабақтан кейін үйге келу бір бөлек те, түске дейін үш сабақ, түстен кейін екі не үш сабақ оқу бір бөлек. Әр сабақтың әртүрлі уақытта өтуі қосымша сабақтарға да кедергі жасайды. Бірде жекеменшік мектептегі ағылшын тіліне, кейде жаттығуға (балам хоккеймен айналысады) үлгермей қаламыз. Мұндай оқу жүйесі балаға нақты режим құруға кедергі келтіріп, ұқыпсыздыққа әкеледі, – дейді Тамара Вааль.

Тамара баласы өткен оқу жылының төртінші тоқсанын карантинге байланысты қашықтан оқыған кезде мектеп бағдарламасына кіретін барлық пән бойынша репетитор жалдауға тура келгенін айтады.

– Қашықтан оқу қосымша шығынға айналды, – дейді Тамара Вааль.

"МҰҒАЛІМДЕР ТҮНГІ ЕКІ-ҮШКЕ ДЕЙІН ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ"

Білім министрлігінің дерегінше, биылғы оқу жылында 2,6 миллион оқушы қашықтан оқып жатыр. Бұл республикадағы оқушылар санының 76 пайызын құрайды. Ведомство қашықтан оқып жүрген оқушылардың бәрі бірдей компьютермен қамтылмағанын айтады.

Білім вице-министрі Шолпан Каринованың Азаттықтың жіберген жауабында "Оқушылардың қашықтан білім алуын ұйымдастыру, оның ішінде балаларды компьютерлік техникамен қамтамасыз ету бойынша жүйелі дайындық жұмыстары жүргізілді. Қазірге дейін мектеп оқушыларына 500 мыңға жуық компьютер үлестірілді. Айдың соңына дейін тағы 300 мың компьютер беріледі" делінген.

Гүлмира (басшылықтың қырына ілінбеу үшін аты-жөнін толық көрсетпеуді сұрады) орта мектептердің бірінде жұмыс істейді. Бірнеше жылдан бері жұмыс сағатын алып, сабақ бермесе де, техникалық мәселелер бойынша қызметкер ретінде штатта жұмыс істейді. Гүлмира "қашықтан оқыту" кезінде бала оқыта алмас едім" деп есептейді, өйткені мұндай оқу формасын қиын әрі сапасыз көреді. Қазір ол бүкіл уақытын мұғалімдерге техникалық көмек көрсетумен өткізеді.

Мектебімізде 30-40 жылдық еңбек өтілі бар мұғалімдер көп. Оларға өте қиын, үнемі бірнәрсе сұрап, кеңес алуға хабарласып тұрады.

– Әрине, мұғалімдердің бәрі бірдей оқытуға қажетті бағдарламалар мен платформаларды пайдалана алмайды. Мектебімізде 30-40 жылдық еңбек өтілі бар мұғалімдер көп. Оларға өте қиын, үнемі бірнәрсе сұрап, кеңес алуға хабарласып тұрады. Олар бір батырманы дұрыс баспасақ, бәрін бүлдіріп аламыз деп қорқады, – дейді Гүлмира.

Оның айтуынша, қашықтан оқу кезінде мұғалімдердің жүктемесі едәуір артқан: олар онлайн дәріс жүргізуден бөлек, кезекші сыныптардағы оқушыларға да сабақ өтеді.

– Мысалы, мұғалім таңертең ZOOM немесе BilimLand платформасында онлайн сабақ өтеді. Сабақты көбіне үйінде компьютердің алдында отырып жүргізеді. Осыдан кейін мектепке келіп білім алып жүрген балаларды оқытуы керек. Мектептегі сабағы аяқталған соң, қашықтан оқитын балалардың үй тапсырмасын жүктейді. Сосын барлық оқушының үй тапсырмасын тексереді. Бағаны күнделікті қою керек, өйткені қазір бұл бағалар оқушының қорытынды бағасына әсер етеді. Мұғалімдер ұйықтамай жүр деуге болады, кей әріптесім түнгі екі-үшке дейін жұмыс істейтінін айтады, – дейді Гүлмира.

Гүлмираның айтуынша, мұғалімдердің бәрінде бірдей қашықтан жұмыс істеуге қажетті компьютер мен ноутбук жоқ. Мектептен берілген гаджеттерге қолы жетпеген оқушылар да бар.

Білім саласының маманы жаңа форматтағы оқу ешкімге оңай тимегенін, бұл өз кезегінде оқушылардың білім сапасына әсер ететінін айтады. Оның пікірінше, мәселені дәстүрлі оқу формасына оралу арқылы ғана шешуге болады.

Мария Кабакова – Оралдағы № 16 мектеп директоры. Оның пікірінше, мұғалімдермен, оқушылармен және ата-аналармен үнемі жұмыс істеу арқылы ғана оқуда жақсы нәтиже мен өзара түсіністікке қол жеткізуге болады.

Орал қаласындағы №16 мектептің директоры Мария Кабакова. 21 қазан 2020 жыл.
Орал қаласындағы №16 мектептің директоры Мария Кабакова. 21 қазан 2020 жыл.

– Жұмыс күнімді оқушылардың үлгерімін тексеріп, оқу процесін қадағалап, мектепті аралаудан бастаймын. Күнделікті жұмысты Күнделік жүйесінен тексеруге болады. Онда өткен тақырып, бағалар, кері байланыс – бәрі көрініп тұрады. Мұны ата-аналар да қарай алады. Онда бөлімді жиынтық бағалау мен тоқсанды жиынтық бағалау кестесі де бар, – дейді онлайн-күнделікті көрсеткен Мария Кабакова.

Педагог қазір өз мектебінде оқуға байланысты қиындық жоғын айтады. Ол мұны бір жарым айға созылған тыңғылықты жұмыстың нәтижесі деп біледі. Кабакованың айтуынша, 16-мектептегі барлық оқушыда компьютер бар. Мектеп әкімшілігі гаджеттердің бір бөлігін мемлекеттік бюджет есебінен, екінші бөлігін жан басына шаққандағы қаржыландыру бойынша бөлінген ақшаға сатып алған.

ДЕПУТАТ СМИРНОВА: "АТА-АНАЛАРДАН КӨП ШАҒЫМ ТҮСІП ЖАТЫР"

Мәжіліс депутаты Ирина Смирнованың пікірінше, білім министрлігінің негізгі міндеті – санитарлық талаптарды сақтай отырып, балаларға сапалы білім беруді ойластыру. Депутат бұл үшін 1-6 сынып оқушыларының бәріне бірдей дәстүрлі оқыту жүйесін енгізу керек деп есептейді.

Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова. Алматы, 30 қаңтар 2015 жыл. Бұл кезде Смирнова Алматыдағы мектеп-гимназияның директоры болатын.
Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова. Алматы, 30 қаңтар 2015 жыл. Бұл кезде Смирнова Алматыдағы мектеп-гимназияның директоры болатын.

– Бізде мектептерде орын жоқ, сондықтан бұлай жасау мүмкін емес деп айтады. Бірақ жоғары сынып оқушылары сабаққа бармаса, қалған оқушыларды сыйғызуға болар еді, – дейді Смирнова.

Депутаттың сөзінше, оқушылардың бірі ауырып қалса, сыныпты карантинге жабуға болады. "Мұндай тәжірибе Совет одағы тұсында да, постсоветтік кезеңде де болған" дейді ол. Смирнованың дерегінше, ата-аналардың 20 пайызы балаларын мектепке жіберуге дайын емес, бұл да мектеп жүктемесін біршама азайтып, оқушыларға орын табуға көмектеседі.

Смирнова ата-аналардан көп шағым түсіп жатқанын айтады. Олар көбіне білім мен тәрбие сапасына, оқушылардың қажет техникамен қамтылмағанына шағынады. Депутат қазір балаларға беріліп жатқан білім сапасы сын көтермейді деп санайды.

Депутат бұл тұста тар бөлмеде тұратын, бірнеше баласы бір уақытта сабақ оқитын балалары бар отбасын мысалға келтірді. Смирнова "мұндай жағдайда балалардың не дұрыс білім алуға қажетті жеке бөлмесі, не гаджеті жоқ" дейді.

Кей аналар жұмыстан кейін баласымен сабақ оқуға мәжбүр. Өйткені отбасындағы жалғыз телефонды күндіз анасы жұмыста пайдаланады.

– Кей аналар жұмыстан кейін баласымен сабақ оқуға мәжбүр. Өйткені отбасындағы жалғыз телефонды күндіз анасы жұмыста пайдаланады. Бала күні бойы үйде анасын күтіп отырады, себебі сабақ оқуға не компьютері, не телефоны жоқ. Осындай бір ана жазды, – дейді Ирина Смирнова.

Смирнова мұндай жағдайда қашықтан алған білім сапасын бағалау үшін бөлімді жиынтық бағалау және тоқсанды жиынтық бағалау жұмыстарын жүргізу дұрыс нәтиже бермейтінін айтады.

– Қазіргі жағдайда бөлімді жиынтық бақылау және тоқсанды жиынтық бағалау жұмыстары білім сапасының көрсеткіші бола ала ма? Олай ойламаймын. Өйткені барлық мұғалім нәтиже көрсеткісі келеді. Оқушылар да жиынтық бағалау кезінде үйдегілерден көмек сұрауы мүмкін. Мұндайда күдік туғызатын, дұрыс емес нәтиже шығады. Әрине, жалпы алғанда, қазіргі білім жүйесінің өзі күдік туғызады, – дейді Ирина Смирнова.

DEMOSCOPE ЗЕРТТЕУІ: ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ 42 ПАЙЫЗЫ ОНЛАЙН-ОҚЫТУДЫҢ ТИІМДІЛІГІН "ОРТАШАДАН ТӨМЕН" ДЕП БАҒАЛАЙДЫ

Вера Садыкова білім туралы заңға өзгерту енгізумен айналысқан жұмыс тобына мүше болған. Садыкова заңға "үйде білім алу" ұғымын енгізуді ұсынған. Оған сәйкес, ата-ана мен бала мектепте, үйде немесе шетелдік мектепте онлайн оқудың бірін таңдауға мүмкіндік алады. Бұл жоба әлі талқыланып жатыр. Бірақ қазірдің өзінде Қазақстанда жүздеген бала әртүрлі шетелдік мектепте білім алып жүр. Ата-аналар көбіне Мәскеу немесе Санкт-Петербургтегі мектептерді таңдайды. Садыкованың айтуынша, қазір мектеп әкімшілігі баласын шетелдік мектепте онлайн оқытуға бел буған ата-аналарға оқушының құжаттарын бермейтін болған. Садыкованың дерегінше, Қазақстанда қашықтан оқу жүйесі енгізілгелі, шетелдік мектептерде оқуға қызығушылық танытқандар қатары біршама артқан.

Вера Садыкова заңға балаларды онлайн оқытуға мүмкіндік беретін өзгеріс енгізу үшін қол жинап көрмек болған. Бірақ "қашықтан оқуға қарсы қол жинағандардың қатары әлдеқайда көп" дейді ол.

Demoscope қоғамдық пікірді жедел бақылау бюросы жүргізген зерттеу нәтижесінде сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 43 пайызы қашықтан оқуға қарсы екені анықталған.

Бюро жауабында "2020 жылы 6-9 қазан аралығында өткен сауалнамаға 14 облыс пен республикалық маңызы бар қалалардан (Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент) 1100 адам қатысты. Сауалнама қазақ және орыс тілінде стационарлық нөмерлерге қоңырау шалу арқылы жүргізілді. 18 жастан асқан респонденттердің 25 пайызы – ер, 75 пайызы – әйел" делінген.

Зерттеу нәтижесінде сауалнама қатысушыларының 42 пайызы онлайн-оқытудың тиімділігін "орташадан төмен", 41 пайызы "орташа" және 12 пайызы "жоғары" деп бағалаған.

Қазақстан мектептеріне қашықтан оқу бірінші рет өткен оқу жылының соңында енгізілді. Бұл коронавирус пандемиясы мен төтенше жағдай режиміне байланысты қолға алынған шұғыл шара болды. Өткен оқу жылының төртінші тоқсаны онлайн өтті: оқу процесінде мессенджерлер мен электронды пошта, Күнделік жүйесі, YouTube платформасы мен республикалық арналар қолданылды. Ол кезде жаңа оқу форматы ата-аналардың наразылығын туғызды. Нәтижесінде билік төртінші тоқсанда оқушыларға баға қоймау туралы шешім қабылдады. Бұл тоқсандағы үлгерім жылдық бағаға әсер еткен жоқ. Түлектердің қорытынды тестілеуінде соңғы тоқсанда өткен тақырыптардан сұрақтар болған жоқ.

Жаңа оқу жылы тағы да қашықтан оқу форматында BilimLand Online Mektep платформасында өтетін болды. Оқу процесінде ZOOM платформасы, мессенджерлер мен электронды поштаны пайдалануға болады. Бастауыш сынып оқушылары мектепке барып оқи алады. Мектептерде олар үшін кезекші сыныптар құрылған. Әр сыныпта 15 оқушыдан ғана отырады.

Қазанның екінші жартысында бірінші тоқсанның соңына қарай билік мектептердегі кезекші сыныптардың санын арттыру туралы шешімге келді. Енді бесінші сынып оқушылары да мектепке барып оқиды. Қалған оқушылар үйден білім алады.

Білім министрлігі әзірге дәстүрлі оқу жүйесіне қашан оралуға болатынын айтқан жоқ. Ведомство дерегінше, мектепте оқуға рұқсат елдегі эпидемиологиялық жағдай жақсарған кезде ғана мектепте оқуға рұқсат беріледі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG