Accessibility links

Бір күнде 600-ге жуық адамға коронавирус жұққаны анықталды, 200 адам жазылды


Жедел жәрдем көліктері жанында тұрған медицина қызметкері. Көрнекі сурет.
Жедел жәрдем көліктері жанында тұрған медицина қызметкері. Көрнекі сурет.

5 қарашада Қазақстанда 591 адамға коронавирус жұққаны тестпен расталды. Бір күнде 200 адам жазылды. Денсаулық сақтау министрлігінің 6 қараша таңертең таратқан хабарламасында осылай деп жазылған.

Өткен тәулікте ең көп науқас Шығыс Қазақстан облысында (250) тіркелген. Павлодар облысында - 68, Қостанай облысында - 49, Нұр-Сұлтан қаласында - 34, Алматы қаласында 30 адамнан коронавирус инфекциясы табылған. Қызылорда, Маңғыстау облыстарында бірде-бір науқас анықталмаған.

Қазақстанда наурыз айынан бері коронавирус жұққаны ПТР-тестпен расталғандар саны 114 826 адамға жетті. 107 мыңнан астамы жазылған. Наурыз айынан бері кемінде 1873 адам қайтыс болған. Бұл статистикаға коронавирус жұқтырғаны расталған, бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген жүздеген адам өлімі енгізілмеген.

Коронавирус жөніндегі ұлттық статистикаға 1 тамыздан бері есебі жүргізіліп келе жатқан коронавирус пневмониясы дерегі де қосылмай отыр. Диагнозы тек ауру белгілері бойынша қойылатын коронавирус пневмониясы 38 мыңнан астам адамнан анықталған, 406 адам қайтыс болған. Үкімет коронавирус пневмониясы дерегінің аймақ бойынша бөлінісін жүйелі түрде жарияламайды.

Джонс Хопкинс университеті секілді көптеген әлемдік ұйымдар мен дереккөздер Қазақстанның дерегін ПТР тестімен расталған науқастарға ғана сүйеніп беріп отыр. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстан билігі біріктірмеген екі деректі қосып жариялап жүр. Екі деректі қосқанда Қазақстанда коронавирусқа шалдыққандар 114 826 емес - 153 316 болады.

Қазақстанның бірқатар облыстарында шектеу шаралары күшейді. 9 қарашадан бастап Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай облыстары, Көкшетау қалаларында блокбекеттер қойылып, аумаққа кіріп шығу шектеледі. Қазір Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстары аумағына кіріп-шығу үшін жолаушылар қолында ПТР-тест нәтижесі болуы тиіс.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG