Accessibility links

Өзбекстан Қытайдың коронавирус вакцинасын сынақтан өткізу үшін еріктілер жинай бастағанын хабарлады


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Өзбекстан инновациялық даму министрлігі қытайлық коронавирус вакцинасын клиникалық сынақтан өткізу үшін еріктілер жинай бастағанын хабарлады. Инновациялық даму министрі Иброхим Абдурахмановтың сөзіне қарағанда, Ташкентке 5 мың вакцина дозасы әкелінген, еріктілер жиналған соң 4 айға созылатын сынақ басталады.

Абдурахмановтың хабарлауынша, сынақ Ташкенттегі отбасы клиникаларында жүргізіледі, оған 18 жас пен одан асқан еріктілер қатысады.

Билік еріктілерге ақша төлейтінін айтып отыр, бірақ өтемақы мөлшері айтылмайды.

Елге Қытайдан төрт маман келген. Сынақ басталмай тұрып, вакцинациялау шарттары жөнінде тренинг өткізу үшін тағы 5 адам келеді.

Осыған дейін Өзбекстан инновациялық даму министрлігі мен Қытай ғылым академиясының микробиология институты және қытайлық Anhui Zhifei Longcom Biopharmaceutical компаниясы өкілдері арасында келіссөз жүргізілгені хабарланған еді, ізінше елге қытайлық вакцина жеткізілген.

Бұған дейін министрлік сынақ сәтті аяқталса, Өзбекстан вакцина сатып алу бойынша түрлі артықшылықтарға ие болады деген еді.

Өзбекстан денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Баходир Юсупалиев мемлекет Ресей мен Қытайдан коронавирус вакцинасын сатып алу мүмкіндігін қарастырады деп хабарлаған. Министрлік өкілінің айтуынша, мемлекет ең бірінші кезекте "вакцинаның қауіпсіздігі мен тиімділігіне" назар аударады.

Қазір өзге елдерде де ондаған вакцина дайындалып жатыр.

Ресейде коронавирустан қорғайтын екі вакцина тіркелген: Гамалея атындағы орталықтың Sputnik V және Новосибирскідегі "Вектор" орталығының "ЭпиВакКорона" вакцинасы. Қазан айының соңында Гамалея орталығы сынаққа қатысқан кейбір еріктілерден коронавирус анықталғанын хабарлаған. Қазір вакцина сынақтың үшінші кезеңінен өтіп жатыр. Оған 40 мың адам қатысып жатыр.

Американың Pfizer және немістің BioNTech компаниясы дүйсенбі күні таратқан ортақ мәлімдемесінде Covid-19 індетіне қарсы сынақтан өтіп жатқан вакцина коронавирустан 90 пайыз қорғай алатынын көрсетті деп хабарлаған болатын. Сынаққа 43 538 ерікті қатысқан. Оларға вакцина мен плацебо егілген. Сынаққа қатысқандар арасында 94 адам коронавируспен ауырған. Компания өкілдерінің айтуынша, сынақ жалғасса, тиімділік деңгейі өзгеруі мүмкін. Вакцинаның адамдарды қанша уақыт қорғай алатыны айтылмаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG