Accessibility links

Ағаділ ұлының өлімінен соң алматылық белсенділер полиция департаментіне барды


Алматы қалалық полиция департаменті ғимаратының алдында наразылық жасап тұрған белсенділер. Алматы, 11 қараша 2020 жыл.

Азаматтық белсенді Дулат Ағаділдің ұлының қазасынан кейін 11 қараша кешке Алматы қалалық полиция ғимаратының алдына бір топ белсенді жиналды. 2000-жылдардан бері жұмбақ жағдайда қаза тапқан журналистер мен саясаткерлер, белсенділердің суретін ұстаған топ эмоцияға беріліп, Жанболат Ағаділді жоқтады. Полицияның әрекетсіздігін сынап, билікті кінәлады.

- Полиция әдетте митингілер қарсаңында белсенділерді тырп еткізбеуші еді, ал осындай жағдайға келгенде неге қылмыскерлерді анықтай алмайды? Неге тез қимылдамайды, әрекет етпейді? - деді жиналғандар.

Наразылардың бірі "Билік ешқашан шындықты айтпайды, Дулатты өлтіргенде де өтірік себеп айтқан. Бұл жолы да сөйтеді" деді.

Адам құқығы мен заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюро оқиғадан тікелей эфирде хабар таратты.

Қалалық полиция департаментінен Исмаилов есімді қызметкер шығып, жиналғандарға "бұл шараларыңыз заңсыз, тараңыздар" деп ескерту жасады. Ғимарат маңына арнайы жасақ та әкелініп қойғаны байқалды.

11 қарашаға қараған түні Нұр-Сұлтанда азаматтық белсенді, марқұм Дулат Ағаділдің ұлы Жанболат Ағаділ төбелес кезінде пышақ жарақатын алып, мерт болған. Полиция оқиғаға байланысты "Адам өлтіру" және "Бұзақылық" бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған.

Туыстарының айтуынша, 10 қарашада түнде жергілікті жастар Көктал мен Талапкер ауылы болып бөлініп, төбелескен. Оған нақты не түрткі болғаны белгісіз. Марқұмның жақындары осыған дейін Азаттыққа Жанболат Ағаділдің үш жерден: шынтақ тұсы, қабырғасы және жүрегінен пышақ жарақатын алып, мерт болғанын айтқан.

17 жастағы Жанболат Ағаділ биыл 24 ақпанда әкесі, азаматтық белсенді Дулат Ағаділді полиция түнде үйінен ұстап алып бара жатқанда араша түскен еді. Сол жолы курткасы жыртылған бозбала кейін әкесінің өлімінің әділ тергелуін талап етуімен де көзге түскен.

Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында жұмбақ жағдайда көз жұмған Дулат Ағаділ өлімінен кейін Қазақстан қалаларында наразылық шаралары өтіп, оған қатысқандар белсендінің өліміне билікті айыптаған. ІІМ "Ағаділ жүрек талмасынан қайтыс болды" деп мәлімдеген. Марқұмның туыстары биліктің нұсқасына күдік келтіріп, ашық тергеуді талап еткен. Ал прокуратура белсенді өлімінен кейін ашылған қылмыстық істі жапқан.

  • 16x9 Image

    Манас ҚАЙЫРТАЙҰЛЫ

    1994 жылы 20 мамырда дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде филология мамандығы бойынша бакалаврды, Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінде магистратураны тәмамдаған. 

    "Дарабоз" журналында (2012-2014), "31 арнаның" жаңалықтар қызметінде (2015-2018) жұмыс істеген.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG