Accessibility links

ІІМ Дулат Ағаділдің ұлының өліміне қатысы бар күдіктілердің ұсталғанын хабарлады


Жанболат Ағаділ.
Жанболат Ағаділ.

10 қарашада Нұр-Сұлтанның Көктал ықшам ауданындағы төбелес кезінде пышақ жарақатынан қаза болған Жанболат Ағаділдің өліміне қатысы бар күдіктілер ұсталды. Бұл ақпаратты ішкі істер министрлігінің тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов 12 қараша күнгі брифинг кезінде хабарлады.

Әділовтің сөзіне қарағанда, тергеу тобы төбелестің Көкталда тұратын кәсіпорын жұмысшылары мен Талапкер ауылы жастары арасында тұтанғанын анықтаған. Талапкерден 20 шақты жігіт "мәселені шешу үшін" Көкталға барған.

"Төбелеске қатысқандардың барлығы, негізгі күдіктілер де ұсталды. Төбелеске қатысқан үш адам, арасында адам өлтірді деп күдікке ілінгені де бар, Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің уақытша қамау изоляторына қамалды" деді ІІМ өкілі.

Ол "іс бойынша жиналған дәлелдердің көмегімен күдіктілердің кінәсі дәлелденгенін" де жеткізді.

11 қарашаға қараған түні Нұр-Сұлтан маңындағы ықшам ауданда азаматтық белсенді, марқұм Дулат Ағаділдің ұлы Жанболат Ағаділ төбелес кезінде пышақ жарақатын алып, мерт болған. Полиция оқиғаға байланысты "Адам өлтіру" және "Бұзақылық" бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған.

Төбелестің нақты неден шыққаны айтылмайды. Марқұмның жақындары осыған дейін Азаттыққа Жанболат Ағаділдің үш жерден - шынтақ тұсы, қабырғасы және жүрегінен пышақ жарақатын алып, мерт болғанын айтқан.

11 қарашада кешке бір топ белсенді Алматы қалалық полиция департаменті алдына жиналып, Жанболат Ағаділ мен әкесі азаматтық белсенді Дулат Ағаділдің де өлімін ашық тергеуді талап еткен.

17 жастағы Жанболат Ағаділ биыл 24 ақпанда әкесі, азаматтық белсенді Дулат Ағаділді полиция түнде үйінен ұстап алып бара жатқанда араша түскен еді. Сол жолы курткасы жыртылған бозбала кейін әкесінің өлімінің әділ тергелуін талап етуімен де көзге түскен.

Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында жұмбақ жағдайда көз жұмған Дулат Ағаділ өлімінен кейін Қазақстан қалаларында наразылық шаралары өтіп, оған қатысқандар белсендінің өліміне билікті айыптаған. ІІМ "Ағаділ жүрек талмасынан қайтыс болды" деп мәлімдеген. Марқұмның туыстары биліктің нұсқасына күдік келтіріп, ашық тергеуді талап еткен. Ал прокуратура белсенді өлімінен кейін ашылған қылмыстық істі жапқан.

Видео: "Үш жерден пышақталған". Дулат Ағаділдің ұлы Жанболаттың қазасының анық-қанығы (11 қараша 2020 жыл).

"Үш жерден пышақталған". Дулат Ағаділдің ұлы Жанболаттың қазасының анық-қанығы
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:19 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG