Тараз қалалық соты бір жылға бас бостандығынан айырылған белсенді Санавар Закированың жазаның өтелмеген бөлігін ақшалай айыппұлға ауыстыру туралы өтінішін онлайн режимде қарады. Сот отырысына судья, прокурор және сотталушы жазасын өтеп жатқан мекеме өкіліне қоса Закирова, оның адвокаты Жанар Балғабаева және жәбірленуші Д.Ш. қатысты. Бұл жөнінде Азаттыққа Балғабаева хабарлады.
Заңгердің айтуынша, бүгінгі сот отырысында Закирова өтінішхатын оқып берді, ал жәбірленуші Д.Ш. бұл өтінішті қанағаттандырмауды сұрады. Содан соң сот ісінде үзіліс жарияланды. Соттың келесі отырысы 30 қарашаға белгіленген.
Санавар Закирова 12 қазанда Алматыдағы тергеу изоляторынан Тараздағы қоныс-колонияға жеткізілген. Ол қамаудағы басқа әйелдермен болған оқиға кезінде өзін кінәлі деп тауып, карцерге жапқанына қарсылық ретінде қыркүйектен бері аштық жариялап, Таразға жіберілерден бес күн бұрын ғана ашығуды тоқтатқан.
1 қазанда Алматы қалалық апелляциялық соты Закированың 15 шілдедегі Медеу аудандық сотының шешімін жоққа шығару талабын қанағаттандырмай тастаған. Ол шешім бойынша, Закирова биліктегі "Нұр Отан" партиясының мүшесі Т.Ш. есімді азаматтың қызы, 39 жастағы Д.Ш.-ның "денсаулығына бұзақылық мақсатта орта дәрежеде қасақана зиян тигізді" деп танылып, 12 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесілген.
Айыптау материалына сәйкес, оқиға 8 наурызда Т.Ш.-ның үйінің қасында болған, сол жайттан кейін қос тарап дене жарақатын салды деп бір-бірін айыптаған. Бірақ сот отырысында Закирова айыпталушы, ал Д.Ш. жәбірленуші статусында болдв.
Закирова мен оның жақтастары оны қылмыстық қудалаудың саяси астары бар деп санайды және мұны былтырғы басқа бір сот ісімен байланыстырады. Ол жолғы сот шешімі бойынша Закирова мен оның екі әріптесі биліктегі "Нұр Отан" партиясының төрт мүшесінің, соның ішінде Т.Ш.-ның абыройы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтірді деп танылып, оларға өтемақы төлеуге міндеттелген. Оның өзі мен қызы бұл істің астарында ешқандай саясат жоқ деп санайды.
Санавар Закирова өздері әділетсіз деп санайтын сот шешімдерінің күшін жоюды талап етіп жүрген топтың жетекшісі. Закирова, сондай-ақ, Facebook-те биліктегі "Нұр Отан" партиясын жиі сынайды. Қыркүйектің басында қазақстандық құқық қорғаушы мамандар Санавар Закированы саяси тұтқындар тізіміне қосқан.
ПІКІРЛЕР