Accessibility links

Белсенді Санавар Закированы бір жылға соттады


Белсенді Санавар Закирова (ортада) сот шешіміне наразы өзге адамдармен бірге Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың резимденциясына келіп тұр. Нұр-Сұлтан, 16 тамыз 2019 жыл.

Алматы соты азаматтық белсенді Санавар Закированы бір жылға бас бостандығынан айырды. Ол тағылған айыпты мойындаудан бас тартты. Қаладан шықпайтыны туралы қолхатпен жүрген Закированы соттан кейін үйінен түрмеге әкетті. Белсендіге қарсы істе жәбірленуші деп танылған азамат "айыптаудың саяси астары барын" жоққа шығарады.

СОТ ҮКІМІ ШЫҚҚАН КҮН

"Бір жылға бостандығынан айырылып, жазасын қоныс колониясында өтесін". 15 шілде күні Алматының Медеу аудандық сотының судьясы Залина Махарадзе Facebook әлеуметтік желісінде жарияланған билікті сынайтын жазбалардың авторы әрі "әділетсіз" деп санайтын сот шешімдерінің күшін жою үшін күресіп жүрген азаматтар тобының жетекшісі Санавар Закироваға осындай үкім шығарды.

Сот азаматтық белсендіні "бұзақылық ниетпен Алматының 39 жастағы тұрғыны Д. Ш.-ның (аты-жөнін көрсетпеуді өтінді) денсаулығына орташа деңгейде қасақана зиян келтіргені үшін" айыпты деп таныды.

Онлайн режимде өткен сот Алматы қаласының аумағынан шықпау туралы қолхатпен жүрген 52 жастағы Закированы тұтқындау туралы шешім қабылдады. Сот біткеннен кейін екі сағаттан соң полиция белсендіні үйінен әкетіп, Алматының шетіндегі тергеу изоляторына апарды. Закирова сот үкімі күшіне енгенше тергеу изоляторында отырады.

Сот үкімі шыққан соң полиция белсенді Санавар Закированы үйінен тергеу абақтысына алып кетті. Алматы, 15 шілде 2020 жыл.
Сот үкімі шыққан соң полиция белсенді Санавар Закированы үйінен тергеу абақтысына алып кетті. Алматы, 15 шілде 2020 жыл.

Үйіне полиция келгенге дейін Азаттық тілшісімен телефонмен сөйлескен Санавар Закирова үкіммен келіспейтінін және қарсы шағым беретінін айтты.

Полиция өкілдері Закированы алып кетуге келгенде, Алмалы аудандық сотында белсендінің қатысуымен тағы бір онлайн отырыс өтіп жатқан еді. Белсенді бұл процеске жеке айыптаушы ретінде қатысады. Ол өзін бір жылға бостандығынан айырған сот процесіне жәбірленуші ретінде қатысқан азаматтың анасын (Т. Ш.) "балағат сөз айтып, қорлады" деп сотқа берген. Полиция жасағының келуіне байланысты сот отырысын келесі аптаға қалдырды.

БОЛМАЙ ҚАЛҒАН СЪЕЗД, СЫНИ ЖАЗБАЛАР МЕН СОТҚА ШАҒЫМ БЕРУ

Санавар Закированы жұрттың көбі өз ісі бойынша шығарылған сот шешімін қайта қарауды талап етіп жүрген азаматтардың бастамашыл тобының мүшесі ретінде таниды. Бұл топ "Нұр Отан" партиясының астанадағы кеңсесі, бас прокуратура мен жоғарғы сот ғимаратына барып, шағымдарын қарауды талап етіп, бірнеше рет наразылық акциясын өткізген.

Былтыр Закирова оппозициялық саяси партия құрғысы келетінін мәлімдеген. Қазақстанда биліктің партия алаңын бақылауда ұстап, өзіне қарсы айтылған сын-пікірді көтере алмайтынын ескерсек, бұл мәлімдемені жүйемен тіреске шақырған үндеу деп қабылдауға болады. Сол кездегі заң талабы бойынша, партияны тіркету үшін өңірлерден кемінде мың делегат жинап, құрылтай съезін өткізу және 40 мың қол жинау шарт еді (биыл бұл көрсеткіш 20 мың қолға азайды - ред.).

Партияның құрылтай съезі өтпей қалды: белгіленген уақыттан бір күн бұрын Санавар Закирова билік өкілдері өзіне қысым көрсетіп, шарадан бас тартуды талап етіп жатқанын айтты. Одан бөлек, белсенді съезд өткізу үшін жалдаған ғимараттың иесі Закировамен келісімшартын бұзған. Съезд өтетін күні ол ғимараттың алдына арнаулы жасақ жиналды, Закированың пікірін қолдайтын Әлнұр Ильяшев пен Марат Тұрымбетов үйден шыққан бетте ұстап, полиция бөлімшесіне жеткізді (екеуін біраз уақыттан кейін босатты).

Съезд өтпей қалған соң Закирова, Тұрымбетов пен Ильяшев Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшаларында билік пен былтыр отставкаға кеткеніне қарамастан, әлі күнге билікке ықпал ететін құзырет берілген бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын, елдің саяси алаңында басымдыққа ие "Нұр Отан" партиясын сынап, көп жазба жариялаған. Белсенділер өздеріне партия құруға кедергі келтіріп отыр деп "Нұр Отан" партиясын айыптаған.

Бұл пікір назардан тыс қалмай, "Нұр Отан" белсенділер жариялаған жазбалар "ұйымның іскерлік беделіне нұқсан келтіреді" деп тауып, сотқа жүгінді. "Нұр Отанның" төрт мүшесі "абыройы мен қадір-қасиетін қорлағаны үшін" белсенділерден өтемақы талап етті. 2019 жылы 18 қарашада Алматының Жетісу аудандық соты ол шағымды қанағаттандырып, Закирова, Тұрымбетов пен Ильяшевтан "Нұр Отан" партиясы мүшелерінің пайдасына жиынтығы алты миллион теңге (сол кездегі валюта бағамымен 15 мың доллардан астам) өндіріп алу туралы шешім шығарған. Белсенділер мұндай ақшасы жоғын айтқан.

Сот шешімінен соң бірнеше күннен кейін Закирова Алматыдағы орталық мешіттің алдына барып, халықтан өтемақыны төлеуге көмектесуді сұраған. Полиция белсендіні тұтқындап, "қоғамдық орында тиісу" бабы бойынша айыппұл салған.

8 НАУРЫЗДАҒЫ ЖАҒДАЙ МЕН ЖАҢА СОТ

2019 жылы қарашада үш белсендіге қарсы сотта жеңіске жеткен азаматтардың қатарында "Нұр Отан" партиясының мүшесі Т. Ш. да болған.

Санавар Закированың айыптау актісіне сәйкес, биыл 8 наурызда белсенді "наразылық білдіру үшін" Т. Ш.-ның үйіне барған. Бірақ ол үйде болмаған. Іс материалдарында Закированың өзіне есік ашқан Т. Ш.-ның қызы Д. Ш. есімді азаматқа "арандатуға тырысып", "балағат сөздер айтып", "басынан ұрғаны" жазылған.

Іс материалдарына қосылған сараптама қорытындысында Д. Ш.-ның бас сүйегінен жарақат алғаны айтылған. Д. Ш. Азаттыққа сараптама қорытындысымен келісетінін айтты. Оның сөзінше, өзі ұзақ уақыт невропатологтың көмегімен емделген, ал жарақат салдары әлі де байқалады. Закирова мен оның адвокаты сараптама дұрыс жасалмағанын айтып, жарыссөз кезінде судьядан істі жаңа сот тергеуіне қайтаруды сұрады.

Закирова ешкімге арандату жасамағанын, өзін Д. Ш. бірінші болып ұрғанын, соққы орны қанталап қалғанын айтады. Закирова сот-медицина сараптамасынан 10 наурыз күні өткен. Сараптама қорытындысында Закированың бетінде тырналған, қолында қанталаған іздер бары жазылған. Бұл қорытынды Закирова жеке айыптаушы ретінде қатысатын екінші сот процесінің іс материалдарына қосылған.

Бүгінгі үкімнен кейін жәбірленуші Азаттық тілшісіне 12 айлық түрме жазасын "жеткілікті" деп санайтынын айтты. Д. Ш. ешкім өзін және отбасын "пайдаға кенелуді көздеді" деп айыптамауы үшін қылмыстық іс барысында ешқандай азаматтық шағым бермегенін атап өтті.

БЕЛСЕНДІГЕ ҚАРСЫ ІСТІҢ САЯСИ АСТАРЫ БАР МА?

Санавар Закированың жақтастары оны белсенділігі үшін қудалап отыр деп біледі. Жәбірленуші тарап мұны жоққа шығарады.

- Мен партия мүшесі болсам, осы фактіні пайдаға жаратуға болар еді. Бірақ не саясатқа, не мемлекеттік органдарға, не "Нұр Отан" партиясына (бұл ұйыммен ешқашан байланысым болмаған) қатысым жоқ. Жекеменшік компанияда жұмыс істеймін. Сондықтан бұл істің саяси астары бар деуге еш негіз жоқ. Ол – кәдімгі бұзақы, - дейді Д. Ш.

"Ар.Рух.Хақ" құқық қорғау ұйымының басшысы Бақытжан Төреғожина "Нұр Отан" партиясын сынаған үш белсенді де қудалауға ұшырағанына назар аударады.

Биыл сәуірде билік пен "Нұр Отан" партиясының коронавирус дағдарысына реакциясы туралы сыни жазба жариялағаны үшін "көрінеу жалған ақпарат таратты" деп айыпталған Әлнұр Ильяшев тұтқындалды; маусымда сот үш жылға оның бостандығын шектеп, бес жылға дейін қоғамдық қызметпен айналысуына тыйым салды (үкімді Закированың ісін қараған Залина Махарадзе шығарған). Ильяшев тергеу изоляторынан шыққаннан кейін қылмыстық істі өзінің "аузын жабудың амалы" деп атады.

Былтыр сот "алаяқтық" туралы бұрынғы қылмыстық іс бойынша Марат Тұрымбетовтың шартты жазасын шынайы түрме жазасына ауыстырып, белсендіні төрт айға тергеу абақтысына қамады. Ол өзіне тағылған айыпты мойындаудан бас тартты. Кейінірек Тұрымбетовті денсаулығына байланысты түрмеден босатты: оған гемодиализ процедурасы (бүйректің қатысынсыз қанды тазарту әдісі) қажет болды.

- "Нұр Отан" партиясымен тірескен үшінші адам – Санавар Закирова. Бүгінгі үкім – Жетісу аудандық сотының белсенділерден алты миллион теңге өндіру туралы шығарған шешімінің салдары, - дейді Бақытжан Төреғожина.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Әлнұр Ильяшевқа шығарылған үкімді сынап, "бұл – билікке қарсы пікір айтқандардың аузын жабудың амалы" деп бағалады. АҚШ мемлекеттік департаменті Қазақстан билігін Ильяшевқа саяси құқығын қайтаруға үндеді. Amnesty International құқық қорғау ұйымы "Нұр-Сұлтан коронавирус пандемиясына байланысты енгізілген шектеу шараларын өз пайдасына асырып, "өзіне қарсылардың даусын басып-жаншуға тырысты" деп мәлімдеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG