Accessibility links

БҰҰ жұмыс тобы Серікжан Біләш заңсыз ұсталған деген шешім шығарды


Азаматтық белсенді Серікжан Біләш.
Азаматтық белсенді Серікжан Біләш.

БҰҰ-ның жұмыс тобы 2019 жылы наурызда "әлеуметтік алауыздық қоздыру" бабы бойынша ұсталып, 5 ай үйқамақта болған белсенді, тіркелмеген "Атажұрт еріктілері" ұйымының жетекшісі Серікжан Біләштің ісін қарап, ол заңсыз ұсталған деген шешім шығарды.

Шыңжаңдағы қазақтардың құқығын қорғаумен танылған белсендінің ісіне байланысты жұмыс тобының шешімін 23 қарашада әлемдегі ар-ұждан тұтқындарының құқықтарын қорғаумен айналысатын америкалық Freedom Now үкіметтік емес ұйымы жариялады.

БҰҰ жұмыс тобының анықтамасында Қазақстан билігі Біләшті "еркін пікір айту мен жиналу құқығын жүзеге асырғаны үшін" қудалады деп жазылған. Жұмыс тобының пікірінше, оған тағылған 174-бапқа "қажетті дәрежеде құқықтық айқындық" жетіспейді және ауқымы кең. Жұмыс тобы бұл Біләшті ұстауға "құқықтық негіз бола алмаған" деген қорытындыға келген.

"Серікжан Біләшті негізсіз ұстау Қазақстанда адамдарды бейбіт түрде пікірін айтқаны үшін қылмыстық тұрғыда қудалайтынын дәлелдей түседі. Шыңжаңда адам құқығын жаппай таптауды тоқтату үшін халықаралық қауымдастықты әрекет етуге шақырған Серікжанның үндеулеріне құлақ асудың орнына [Қазақстан] үкіметі оның үнін өшіруге тырысты. Біз Қазақстанды БҰҰ шешімін орындап, Серікжанға тағылған айыптарды алып тастауға, қуғындалмайтынына кепілдік беруге шақырамыз" делінген хабарламада.

46 жастағы Серікжан Біләш Қазақстанға Қытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжаң өлкесінен көшіп келген. Ол былтыр наурыз айында Алматыдағы қонақ үйде ұсталып, ізінше Нұр-Сұлтанға жеткізілді. Ол жақта үйқамақта 5 айдан астам уақыт отырды.

2019 жылы 15 тамызда Біләштің ісі басқа қалаға ауыстырылып, белсенді қамауға дейін отбасымен тұрған Алматы қаласына оралды. Екі күннен соң Әуезов аудандық соты оған айыппұл салып, жеті жыл қоғамдық ұйымды басқаруға тыйым салды. Бірақ өзіне тағылған айыпты мойындамаған Біләштің прокурормен келісім жасағаны да сол күні белгілі болды. Соттан кейін Азаттыққа сұхбат берген Біләш "келісім жасауға мәжбүр болдым" деп айтқан.

Бұл сот ел ішінде және халықаралық қауымдастықтың назарын аударған. Құқық қорғаушылар “билік Біләшті жауапқа тарту арқылы Қытай қазақтарының мәселесін көтеріп жүрген белсенділердің жұмысына кедергі келтіріп жатыр” деп сынаған.

Серікжан Біләш тіркелмеген “Атажұрт еріктілері” ұйымын басқарып тұрғанда Шыңжаңдағы қазақтар мәселесін көтеріп, олардың құқығын қорғаумен айналысқан.

Біріккен Ұлттар Ұйымының есебінше, 2017 жылдан бастап Шыңжаңда тұратын бір миллионға жуық ұйғыр, қазақ, қырғыз және басқа да мұсылман "қайта саяси тәрбиелеу" лагерьлеріне қамалған. Пекин бұл орындарды "терроризммен күрес орталығы" деп атаған. Құқық қорғаушылар мен куәгерлер лагерьлерде азаптау, қысым жасау, зорлық-зомбылық, мәжбүрлі түрде жұмыс істету сияқты адам құқығын өрескел бұзу фактілері барын айтады.

Халықаралық ұйымдар мен құқық қорғаушылар Қазақстан билігінен бұлыңғыр жазылған "Әлеуметтік, ұлттық, рулық, діни араздықты қоздыру" (174-бап) бабын Қылмыстық кодекстен алып тастауды сұраған. Осы баппен соңғы жылдары ондаған азаматтық белсенді, журналист, блогер, түрлі діни қауым өкілдері сотталған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG