Accessibility links

Түркістан облысында тұтқындарды азаптады деп айыпталған экс-полицейлер соты өтіп жатыр


Сот залынан күдіктіні алып бара жатқан күзетші. Көрнекі сурет.
Сот залынан күдіктіні алып бара жатқан күзетші. Көрнекі сурет.

Түркістан облысында "тұтқындарды азаптады" (146-бап) және "өзін өлтіруге итермеледі" (105-бап) деп айыпталған үш экс-полицей соты өтіп жатыр. Қазір куәлар сұралып жатыр.

Істі Ордабасы аудандық соттың төрағасы Алтай Қалықұл қарап жатыр. Сот отырысына айыпталушы ретінде Ордабасы аудандық полиция басқармасының бұрынғы қызметкерлері Жасұлан Сейітжаппар, Қанат Налмишов, Сағадат Жандарбек және жәбірленуші ретінде Нүркен Салханов пен Азамат Жарасов және олардың адвокаттары қатысып жатыр. 26 қараша күнгі сот отырысында куә ретінде облыстық және аудандық прокуратура қызметкерлері сұралды.

Айыпталушылардың қорғаушысы Молдабай Мырзагелдиевтің айтуынша, экс-полицейлер тағылған айыпты мойындамайды.

Жәбірленушілердің қорғаушысы Абибулла Шәмшиевтің сөзіне қарағанда, биыл мамыр айында Азамат Жарасов пен Нүркен Салханов күдікті ретінде ұсталып, Ордабасы аудандық полиция бөліміне жеткізілген. Полиция ғимаратында түрлі қысымға ұшырап, дене жарақатын алған. Қысымға шыдамаған Азамат Жарасов полициядан шыққаннан соң үйінде өзіне қол салып, асылған. Дәл сол сәтте туыстары көріп қалып, аман алып қалған.

Экс-полицейлер Азаттыққа жәбірленушілердің биыл көктемде мал ұрлығына күдікті ретінде ұсталғанын растайды. Бірақ тағылған айыптармен келіспейді. Жасұлан Сейітжаппар мен Қанат Налмишов күдікке ілінгеннен кейін сот үкімі шықпаса да жұмыстан қуылдық деп отыр.

Былтыр Ақтөбе облыстық соты "адам азаптады" деген айыппен бірнеше жылға кесілген төрт полицейді ақтаған. Жәбірленуші тарап үкіммен келіспейтінін айтқан.

Құқық қорғаушылар Қазақстанда полиция бөлімшесі мен қамау орындарында жиі қайталанатын азаптау қылмысының көбісі ашылмай қалатынын, оған кедергі көп екенін айтады. Азаптау туралы шағымдардың тек кейбірі ғана сотқа жетеді.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен Батыс елдері үкіметтері Қазақстан билігін түрмедегі азаптауды тоқтатуға бірнеше рет шақырған. АҚШ мемлекеттік департаменті әлемдегі адам құқығының ахуалы туралы былтырғы есебінде Қазақстанда қамауда отырғандарды азаптау, ұрып-соғу тыйылмай тұрғанына назар аударған. Еуропарламент былтыр наурыздағы қарарында Қазақстанда "тұтқындар мен күдіктілерді азаптау қалыпты жағдайға айналғанын" айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG