Accessibility links

Серікжан Біләш Қазақстаннан кету себебін түсіндірді


Серікжан Біләш.
Серікжан Біләш.

Шыңжаңдағы қудалаулар туралы айтқаны үшін "қысымға ұшырап" Қазақстаннан кетуге мәжбүр болғанын мәлімдеген белсенді Серікжан Біләш Азаттыққа берген сұхбатында елден кетуіне екі қылмыстық іс себеп болғанын айтты.

- Қазақстаннан кетуіме 2020 жылы сәуір айында қозғалған 2 қылмыстық іс себеп болды. "Мемлекеттік туды қорлады" деп "қоғамда алауыздық қоздыру" бабы (174-бап) бойынша бірінші іс ашылды. Менің үстімнен төрт қоғамдық ұйым арыз түсірді..." деді Біләш.

Оның айтуынша, бұрынғы әріптестерінің арызы бойынша 389-баппен ("Өзінше билік ету") екінші қылмыстық іс қозғалған.

Бірнеше күн бұрын Financial Times басылымы Шыңжаңдағы мұсылмандардың қысымға ұшырауын құжатқа түсіріп, халықаралық қауымдастыққа жеткізіп жүрген тіркелмеген "Атажұрт еріктілері" ұйымының жетекшісі Серікжан Біләш өз елінде қысымға ұшырап, елден кетуіне мәжбүр болды деп жазған еді. 46 жастағы белсенді Қазақстанның ірі инвесторы Қытайдың Нұр-Сұлтанға ірі ықпалы барын айтып, сол себепті соңғы кезде Қазақстан арнайы қызметінен құқай көргенін айтқан.

29 желтоқсанда белсенді Азаттық тілшісінің "Қазақстанға қай күні ораласыз?" деген сұрағына нақты жауап бере алмады. Біләш "құзырлы органдар қылмыстық істерді қысқартып, қудаланбайтынына көзі жеткенде" ғана елге оралатынын айтты. Бірақ қайда жүрсе де, Шыңжаңдағы қысым жайлы ақпарат таратуын тоқтатпайтынын айтты.

Белсендінің адвокаты Шынқуат Байжанов Азаттыққа қылмыстық істердің жабылмағанын, 389-бап бойынша тіркелмеген "Атажұрт еріктілерінің" өзге бірнеше мүшесі де тартылғанын айтты.

Шамамен 20 жыл бұрын Қытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжаң өлкесінен Қазақстанға көшіп келген Серікжан Біләш былтыр "әлеуметтік алауздық қоздыру" бабы бойынша айыпталып, процессуалдық келісімнен кейін босатылған. Сот оны 7 жыл қоғамдық ұйымға жетекшілік етуге тыйым салды. Сот үкімінен кейін Біләш прокурормен келісімге келуге "мәжбүр болғанын" айтқан.

Бұл сот ел ішінде және халықаралық қауымдастықтың назарын аударған. Құқық қорғаушылар “билік Біләшті жауапқа тарту арқылы Қытай қазақтарының мәселесін көтеріп жүрген белсенділердің жұмысына кедергі келтіріп жатыр” деп сынаған.

Қараша айында БҰҰ-ның жұмыс тобы Серікжан Біләштің ісін қарап, ол заңсыз ұсталған деген шешім шығарған.

Серікжан Біләш тіркелмеген “Атажұрт еріктілері” ұйымын басқарып тұрғанда Шыңжаңдағы қазақтар мәселесін көтеріп, олардың құқығын қорғаумен айналысқан.

Біріккен Ұлттар Ұйымының есебінше, 2017 жылдан бастап Шыңжаңда тұратын бір миллионға жуық ұйғыр, қазақ, қырғыз және басқа да мұсылман "қайта саяси тәрбиелеу" лагерьлеріне қамалған. Пекин бұл орындарды "терроризммен күрес орталығы" деп атаған. Құқық қорғаушылар мен куәгерлер лагерьлерде азаптау, қысым жасау, зорлық-зомбылық, мәжбүрлі түрде жұмыс істету сияқты адам құқығын өрескел бұзу фактілері барын айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG