Accessibility links

Тоқаев: Қазақстан ұлттық мүддесін аспен де, таспен де қорғайды


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықты Жаңа жыл мейрамымен құттықтаған сөзінде аяқталып отырған 2020 жылы күллі әлем елдеріне зобалаң әкелген коронавирус пандемиясы Қазақстан халқына да ауыр соққы болғанын айтты.

"Пандемияның салдарынан көптеген азаматтарымыздан айырылып қалдық. Олардың ішінде елімізді өркендетуге зор үлес қосқан танымал тұлғалар да бар. Өмірден өткен адамдардың имандары саламат болсын! Енді мұндай қасірет қайталанбасын. Бұл үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Әр азамат мемлекеттің қамқорлығында болады" деді Тоқаев.

Президент 2021 жылы Қазақстан коронавирусқа қарсы тегін вакцина егуді бастайтынын, оны "азаматтардың қалауымен, ерікті түрде" жүргізетінін хабарлады.

"Осы күрделі кезеңде халқымыз береке-бірлігі мен ынтымағын арттыра түсті. Отандастарымыз бір-біріне қол ұшын беріп, жанашырлық танытты. Бұл – шын мәнінде, ізгілік пен қайырымдылықтың үлгісі. Ең бастысы, біз бәріміз бірге болдық. Мемлекет тарапынан миллиондаған адамға қолдау жасалды" деді ол.

Тоқаев жаңа, 2021 жылы Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл толатынын да атап айтты.

"Бұл – шын мәнінде, аса маңызды белес. Біз келешекте Қазақ елінің қуатын одан әрі арттыра түсеміз. Барлық саладағы реформалар лайықты жалғасын табады. Менің басты миссиям – халқымыздың тұрмыс сапасын жақсарту үшін сабақтастыққа негізделген тиімді саясат жүргізу. Біз аспен де, таспен де ұлттық мүдделерімізді табандылықпен қорғаймыз. 21-ғасырдың жиырма бірінші жылы толағай табыстарға, жаңа жетістіктерге толы болады деп сенемін" деді Тоқаев.

Ресми мәлімет бойынша, 2020 жылғы наурыз айынан бері Қазақстанда 155 473 адамның коронавирус тесті оң нәтиже көрсеткен, 2 293-і қайтыс болған. Бұған қоса жұрт коронавирусқа ұқсас пневмониядан да зардап шекті. Бірақ үкімет ондай науқастарды тек 1 тамыздан бастап есепке ала бастады, оған дейін қанша адамның коронавирус пневмониясымен ауырғаны белгісіз. 1 тамыздан бері Қазақстанда 45 840 адамнан коронавирус пневмониясы анықталып, 503-і қайтыс болған.

Індет өршіген жаз кезінде ауруханаларда орын болмай, ел дәрі-дәрмек таба алмай қиналған. Үкіметтің коронавирус пандемиясы кезіндегі іс-әрекеті қоғамда қатты сынға ұшыраған. Ресей парламентінің кейбір мүшелерінің "Қазақстан жерін Ресейден сыйға алған" деген мәлімдемесіне қазақ билігі тойтарыс бере алмады деп санайтындар да бар. Кей сарапшылар пандемия биліктің "қауқарсыздығын" ашып көрсетті дейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG