Accessibility links

Денсаулық сақтау басқармасы: Алматыда коронавируспен күреске 48 млрд теңге жұмсалды


Дене қызуын өлшейтін құрал. Көрнекі сурет.
Дене қызуын өлшейтін құрал. Көрнекі сурет.

Алматыда былтыр коронавируспен күреске 48,1 млрд теңге (шамамен 115 миллион доллар) жұмсалды. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының Азаттықтың ресми сауалына жіберген жауабында осындай мәлімет көрсетілген.

Басқарма өкілдерінің айтуынша, 41,6 млрд теңге медициналық жабдықтарға кеткен. Осы соманың 36,2 миллиарды ғана игерілген. Қалғаны 2021 жылы клиникаларды газбен жабдықтауға жұмсалады.

Төтенше жағдай режимі кезінде (былтыр 16 наурыз бен 11 мамыр аралығында күшінде болды) және карантин уақытында1,8 миллиард теңге бөлінген. Басқарма мәліметінше, бұл қаражатқа:

  • жеке қорғаныш заттары (1,1 млрд теңге);
  • медициналық бұйымдар (50,4 миллион теңге);
  • қашықтан істейтін тепловизорлар (549,7 миллион теңге);
  • дәрі-дәрмек (34,5 миллион теңге);
  • оттегі баллондары (60,5 миллион теңге) сатып алынған.

Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қатаң карантин кезінде дәрігерлердің қонақ үйде тұрып, тамақтануына 3,1 миллиард теңге (2,1 миллиард - тұруына, 1 млрд - тамағына) жұмсалған. Басқарма өкілдері бөлінген қаражаттың 1,7 миллиард теңгесі игерілгенін, карантин жұмсарғаннан кейін игерілмей қалған қаражат бюджетке қайтарылғанын айтады.

Сарапшылар 2020 жылы денсаулық сақтау саласына көп қаражат бөлінсе де, Алматы қаласының коронавируспен күрес кезінде үлкен қиындыққа ұшырағанын айтады. Індет кезіндегі денсаулық сақтау министрлігінің әрекетін сынаған белсенді, дәрігер Қайырғали Көнеев қала билігі "коронавируспен күрес міндетін атқара алмады" деп санайды.

— Былтыр Алматыда медициналық қызметкерлерге сапасы нашар қорғаныш киімдері берілді. Соның нәтижесінде медицина қызметкерлерінің заттарды өздері сатып алуына тура келді. Ол кезде жасанды тыныс аппараттары да жетпеді. Көп жағдайда демеушілер қамтамасыз етті. Егер естеріңізде болса, жазда дәрі тапшы болды. Ауруханаларда тіпті аспирин, градус өлшегіш құралын табу мүмкін болмады. Адамдар қиналып, туыстарына градус өлшегіш құрал әкелуді өтінді. Бұл масқара жайт емес пе. Соған қарап мынадай қорытынды жасауға болады: денсаулық сақтау саласына қоғамдық бақылауды күшейту керек, саланы қаржыландыру жүйесіне бақылауды күшейту қажет. Денсаулық сақтау саласы - Қазақстанда жемқорлық ең көп кездесетін сала. Індет осыны дәлелдеп берді. Сол себепті коррупциямен күресу керек. Сатып алулар ашық өтуі тиіс. Медицина шенеуніктері жұмсалған әрбір тиын үшін қоғам алдында есеп беріп отыруы тиіс, - деді Көнеев.

Алматыда ресми мәлімет бойынша, наурыз айынан бері 20 мыңнан астам адамнан коронавирус анықталған. (Елде коронавирус жұқтырғандар 166 мыңнан асқан). Бұл республика бойынша ең жоғары көрсеткіш. Алматы қаласы адам өлімі көрсеткіші жөнінен де алда тұр. Мұнда 400-ден астам адам коронавирустан қайтыс болған (Жалпы елде барлығы 2 340 адам көз жұмған).

Денсаулық сақтау министрлігі тамыз айынан бері коронавирусқа ұқсас пневмонияға шалдыққандар мен одан қайтыс болғандарды бөлек тіркеп келеді. Бірақ аймақтағы пневмония дерегін сирек жариялайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы былтыр маусым мен шілдеде қатты өршіп, бәсеңсіген "пневмонияны" "диагнозы дұрыс қойылмаған коронавирус" деп атайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG