Accessibility links

Құқық қорғаушылар Шыңжаңнан келген екі этникалық қазақтың шабуылға ұшырауына алаңдады


"Пышақ жұмсап, тепкіледі". Қытайдан қашқан екі қазақ шабуылға ұшырады
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:53 0:00

Адам құқығы және заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюро (Адам құқығын қорғау бюросы) Шыңжаңдағы қысымға байланысты Қазақстанға қашып келіп, осында босқын мәртебесін алған екі этникалық қазақтың шабуылға ұшырауына алаңдаушылық білдірді. Құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігін шабуылдарды тез арада объективті зерттеуге шақырды.

22 қаңтар күні тараған мәлімдемесінде бюро Алматыдағы Қайша Ақан мен Нұр-Сұлтан маңындағы Мұрагер Әлімұлына шабуылдың бір мезгілде жасалғанына назар аударады.

"Біз шабуылдың артында кім тұрғанын білмейміз, бірақ олардың бірге қимылдауы шабуылдың саяси сипаты бар деп тұжырымдауға мүмкіндік береді" делінген мәлімдемеде.

Ұйым "бұл Қытайда қудалаудан құтылу үшін елден кетпек болған өзге де аз ұлттарға берілген ескерту болуы мүмкін" деп санайды. Бұл сонымен бірге Қытайдағы аз ұлттардың құқықтарын қорғаумен айналысатын қазақстандық белсенділерді де қорқыту амалы болуы мүмкін деп болжайды. Бюро Шыңжаңдағы қысым туралы айтып жүрген тіркелмеген "Атажұрт еріктілерінің" бұрынғы жетекшісі Серікжан Біләштің қауіпсіздігіне алаңдап, былтыр елден кеткенін еске салады.

"1951 жылы қабылданған "Босқындар мәртебесі туралы" конвенцияға сәйкес, Қазақстан босқындарды қорғау жөнінде міндеттемелер алған. Босқындардың шабуылға ұшырауына жол беруге болмайды және Қазақстан билігі қылмыстың объективті тергелуіне мүдделі болуы тиіс" делінген мәлімдемеде.

22 қаңтарда Human Rights Watch ұйымының Орталық Азия бойынша зерттеушісі Мира Ритман "Қазақстан билігі екі этникалық қазақ босқынына жасалған жексұрын шабуылды дереу зерттеуі тиіс және қылмыскерлерді жауапқа тартуы қажет" деп мәлімдеді.

21 қаңтар түнде Алматы мен Нұр-Сұлтан маңында Қайша Ақан мен Мұрагер Әлімұлы соққыға жығылды. Шабуылдың салдарынан Қайша Ақан басынан қатты жарақаттанып, Мұрагер Әлімұлының денесіне сызат түскен, темір зат тиген басы мен белі ауырған. Олар медициналық көмекке зәру болғанмен "қауіпсіздіктеріне алаңдап" ауруханада қаралудан бас тартқан.

Полиция екі оқиғаны "Бұзақылық" бабы бойынша зерттеп жатыр.

Қайша Ақан Қытайда қысым көргенін айтып 2018 жылы мамыр айында Қазақстанға өткен. 2019 жылдың желтоқсан айында Алматы облысы Панфилов аудандық соты Қайша Ақанды "шекара бұзғаны" үшін шартты түрде жарты жылға бостандығынан айырған. Сот оны 2018 жылдың мамыр айында Қазақстанға Қытайдан заңсыз өткені үшін айыпты деп таныған. Шыңжаңда туып-өскен Қайша Ақан сотта Қытайда өзіне "лагерьге қамалу қаупі төнген соң" Қазақстанға қашып өтуден басқа амалы қалмағанын мәлімдеген. Былтыр қазан айында Қазақстан оған бір жылға босқын мәртебесін берді.

Қазақстан 2019 жылы Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы арқылы қазақ-қытай шекарасын заңсыз кесіп өткен Мұрагер Әлімұлына да босқын мәртебесін берген. Ол Шыңжаңдағы қысымнан құтылу үшін шекарадан өтуге мәжбүр болғанын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG