Accessibility links

Нұр-Сұлтан полициясы Макс Боқаевпен кездесуге шыққан белсенді көлігін айып тұрағына қойды


Адвокат Ольга Эннс (ортада), азаматтық белсенділер Роза Мұсаева мен Жанат Нұркішев Целиноград аудандық полиция бөлімінде. 4 тамыз 2020 жыл.
Адвокат Ольга Эннс (ортада), азаматтық белсенділер Роза Мұсаева мен Жанат Нұркішев Целиноград аудандық полиция бөлімінде. 4 тамыз 2020 жыл.

2 ақпанда таңғы сағат 7 шамасында Нұр-Сұлтан полициясы алдағы бейсенбі түрмеден шығатын белсенді Макс Боқаевты қарсы алмақ болып Атырауға жолға шыққан төрт белсенді мінген көлікті тоқтатып, көлікті айып тұрағына қойғызды.

Астаналық азаматтық белсенді Жанат Нұркішевтің Азаттыққа мәлімдеуінше, полиция қала сыртындағы айналма жолда қуып жетіп, оның көлігін тоқтатқан.

– Өздерін "Сарыарқа аудандық жол полициясы өкіліміз" деп таныстырған екі полиция қызметкері бірден "нөміріңіз қайда, бар ма?" деп еңкейіп көлігімінің артын қарай бастады. Кеше жолға шығар алдында көлікті дайындап, жуып, тазалатқанмын, ол кезде нөмірі бар болатын. Кейін полицей сұрағанда қарасам, темір бұрамашегемен мықтап бекітілген нөмір расымен жоқ. Меніңше оны әдейі алып тастаған болуы мүмкін, – дейді Жанат Нұркішев.

Машинада онымен бірге азаматтық белсенділер Іңкәр Тиштыбаева, Гүлдана Қасымова және Бекболат Мұханалиев болған. Полиция көлікті бірден айыппұл тұрағына апарып қойдыртқан.

Жанат Нұркішев айыппұлды төлеп, бәрібір жолға шықпақшы болған. Алайда полиция автомашинаның іздеудегі көлікке ұқсайтынын айтқан және жол ережесін бұзғаны үшін оған тағы 7200 теңге айыппұл салған.

– Көлік айып тұрағында тұр. Айыппұлды және көлік нөмірінің ақшасын төлеп, машинаны шығарып алайын десем, бермеді. "Ориентировка бар, машинаны толық тексеруден өткізу керек" деді, – дейді ол.

Жанат Нұркішев бұл оқиғаны Атырауға сапарымен байланыстырады. Полиция бөлімшесінде жазған түсініктемесінде де ол мұны "Атырауға барып, Макс Боқаевпен кездесуге жол бермеу мақсатында жасалған әрекет деп санайтынын" баяндағанын айтады.

Азаттық тілшісі істің мән-жайын білу үшін Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментіне хабарласқанымен, жауап ала алмады.

Жанат Нұркішев 2016 жылы Атырауда өткен жер реформасына қарсы митинг өзіне қатты әсер еткенін, содан бері саяси көзқарасын белсенді түрде жеткізе бастағанын айтады. Кейін ол тағы бір азаматтық белсенді Қайырлы Омармен бірігіп, ірі көлемдегі жер учаскелерінің иелеріне қатысты зерттеу жүргізе бастап, қудалауға түскен. 2019 жылдан бері Нұр-Сұлтандағы түрлі наразылыққа қатысып, "рұқсат етілмеген митингіге шақырды" деген айыппен бірнеше мәрте 15 тәулікке қамалып, айыппұл төлеген. Ол – былтыр Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында қайтыс болған белсенді Дулат Ағаділдің ісін әділ тергеуді талап етіп жүргендердің бірі.

Былтыр желтоқсанда ол бір топ белсендімен бірге "Сайлау туралы", "Саяси партиялар туралы", "Бейбіт жиналыстар" туралы заңдардың адам құқығын шектейтін баптарына өзгеріс енгізуді, парламенттің төменгі палатасы – мәжіліс пен жергілікті өкілдік орган – мәслихаттардың сайлауын кейінге қалдыруды талап етіп, Қазақстан президентіне, парламент пен конституциялық кеңеске үндеу тапсырған.

48 жастағы Макс Боқаев 2016 жылғы қарашадан бері түрмеде отыр. Бес жыл бұрын, 24 сәуірде Атырауда мыңдаған адам алаңға жиналып, жерді шетелдіктерге жалға беруге қарсылық білдірген. Атырауда басталған наразылық кейін елдің басқа аймақтарында да жалғасып, билік жерді шетелдіктерге жалға беруге уақытша мораторий жариялаған.

Қазақстандық құқық қорғаушылар оларды "саяси тұтқын" тізіміне қосқан, ал ресми билік елде саяси тұтқын жоқ деумен келеді.

Бұдан бұрын Макс Боқаевтың 4 ақпанда бостандыққа шығатыны хабарланған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG