Accessibility links

Байден Тәуелсіздік күніне дейін індетті жеңуге күш салатынын мәлімдеді


АҚШ президент Джо Байден.
АҚШ президент Джо Байден.

Америка экономикасын коронавирустың кері әсерінен қорғауға бағытталған құны 1,9 трлн болатын құжаттар пакетіне қол қойғаннан кейін АҚШ президент Джо Байден 11 наурызда ұлттық телеарнаның прайм-тайм уақытында халыққа үндеу жасады. Коронавирустың пандемия ретінде жариялануына бір жыл толған шақта Ақ үйде сөйлеген президент 1 мамырға дейін әрбір ересек Америка азаматының вакцина алуына мүмкіндігі болады деп мәлімдеді. 4 шілде - Тәуелсіздік күні мерекесіне дейін елдің қалыпты тіршілікке оралуына күш саламыз деді ол.

Байден жарты миллионнан астам адамның өліміне себепкер болған індетті ауыздықтау үшін президент әкімшілігінің "соғыс жағдайында" қимылдап, үкіметтің бар күш-жігерді соған жұмсайтынын атап өтті. Оның сөзіне қарағанда, вакцинацияны жылдамдату үшін билік коронавирусқа қарсы екпені медициналық орталықтар, дәріхана, мобильді орындардан да алатындай жағдай жасайды. Президент вакцинация кампаниясына көмектесетін әскерилер санын 6 мыңға жеткізуді де жоспарлап отырғанын айтты. Бұған қоса, екпені стоматолог, медбике, медицина университетінің студенті, ветеринар сала алатындай амалдар қарастырылатынын жеткізді.

Бейсенбі күні президент экономиканы сауықтыруға бағытталған құны 1,9 трлн долларлық құжаттар пакетіне қол қойған. Байден әкімшілігі бұл заң әрбір америкалыққа коронавирус дағдарысынан құтылуға көмектесуі тиіс деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG