Accessibility links

Белсенді Байболат Күнболатұлы "WhatsApp аккаунтының да бұзылғанын" хабарлады


Байболат Күнболатұлы.
Байболат Күнболатұлы.

Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдындағы наразылықтан тікелей эфирде хабар таратқан белсенді Байболат Күнболатұлы енді WhatsApp аккаунтының бұзылғанын айтып отыр. Бір күн бұрын белсенді Шыңжаңдағы туыстарына араша сұраған аналардың акциясын түсіріп жатқан кезде Facebook пен электронды поштасының бұзылып, тікелей эфирге шыға алмай қалғанына шағымданған еді.

"Хакерлік шабуылға ұшырады" делінген Байболат Күнболатұлының уатсап аккаунтынан тараған видеоға сілтеме. Скриншот.
"Хакерлік шабуылға ұшырады" делінген Байболат Күнболатұлының уатсап аккаунтынан тараған видеоға сілтеме. Скриншот.

– Бүгін түскі сағат 12 шамасында менің WhatsApp-тағы (уатсап) аккаунтым қолды болды. Қазір уатсапқа кіре алмай отырмын. Бірнеше рет ашуға тырысып едім, уатсап бетінде"сіз енді бұл нөмірді 6 сағаттан кейін ғана аша аласыз" деген хабарлама тұр. Менің таныстарым менің атымнан чаттарда неше түрлі ақпараттар жіберіліп жатқанын айтты. Ішінде "Қайша Ақанның бір адаммен сөйлескен сөздерін" менің атымнан бөлісіп таратып жатыр екен. Егер менің уатсабым арқылы жалған ақпараттар немесе өтірік өсектер тарап жатса, ол үшін мен жауап бермеймін және оған ешқашан сенбеңіздер, – деді Байболат Күнболатұлы Азаттық тілшісіне.

Ол интернетте "WhatsApp аккаунтының бұзылғаны жайлы" ескерту видео таратқан. Онда ол уатсабына кіріп көруге талпынады. Бірақ мессенжерден "5 жарым сағаттан соң қайта кіріп көріңіз" деген хабарлама алады. Тағы бір скриншотта оның нөмірінен әлдеқандай видео таратылғаны да көрінеді.

Бір күн бұрын Facebook аккаунты мен поштасы бұзылған Байболат Күнболатұлы оқиғаны консулдық алдындағы наразылықтан хабар таратып, көрсеткен белсенділігімен байланысты болуы мүмкін деп болжаған еді. Ол екі жылдан бері "Қытайда жазықтан-жазықсыз сотталған бауырын босатуды талап етіп", жиі пикет өткізіп келеді.

Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында бір айдан астам уақыттан бері бір топ адам Шыңжаңдағы туыстарына іздеу салып, оларды елге қайтаруды талап етіп келеді. Осы уақыт аралығында консулдықтан оларға ешкім шыққан жоқ. Жергілікті әкімдік өкілдері "шараның заңсыз" екенін ескертіп, полиция бір-екеуін "митинг заңы" бойынша әкімшілік қамауға алған.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі консулдық алдындағы наразылыққа байланысты туыстарын іздеген адамдардың арызын қарастыру бойынша Қытай тарабына өтініш айтылды деп мәлімдеген. Ал Қытайдың Қазақстандағы елшісі 15 наурызда Шыңжаңда қамалған қазақтардың "Қытай азаматы" екенін және олардың "заң бұзғанын" айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG