Accessibility links

Алтынтөбеде наразылық білдірген 31 адамға полиция хаттама толтырды


Шымкент түбіндегі Алтынтөбе ауылының тұрғындары алтын бұйымдарын өндіретін жергілікті цех директорының ұсталуына және цехтың полиция қоршауына алынуына наразылық білдіріп тұр. 4 сәуір, 2021 жыл.
Шымкент түбіндегі Алтынтөбе ауылының тұрғындары алтын бұйымдарын өндіретін жергілікті цех директорының ұсталуына және цехтың полиция қоршауына алынуына наразылық білдіріп тұр. 4 сәуір, 2021 жыл.

5 сәуір күні Шымкент түбіндегі Алтынтөбе ауылында алтын бұйымдарын өндіретін цех директорын ұстап, ауылға полиция кіргізгеніне наразылық білдірген 31 адамның үстінен хаттама толтырылды.

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, 4 сәуір күні Алтынтөбе ауылында 40-қа жуық адам орталық мешіттің алдына жиналған. Олар алтыннан жасалған зергерлік бұйымдарды шығаратын цех басшысының ұсталып, цех жұмысының тоқтап қалуына наразылық білдіріп, орталық жолды жабуға тырысқан. Полицияға жеткізілген 30-дан астам адамның іс әрекетіне құқықтық баға берілген.

Абай аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Клара Аманқызы Алтынтөбедегі орталық мешіт жанына жиналып, "карантин талаптарын бұзды" деген 31 адамға полиция хаттама толтырғанын растады. "Істі енді қарап жатырмыз. Егер карантин талаптарын бұзғаны рас болса, тұрғындарға айыппұл саламыз" деді басқарма басшысы.

4 сәуірде Шымкент қаласы Абай ауданына қарасты Алтынтөбе ауылында тұрғындар алтын бұйымдарын өндіретін жергілікті цех директорын ұсталуына наразылық танытқан. Полиция наразыларды кеттлингке алып, ондаған адамды күшпен әкеткен. (Тұрғындардың сөзіне қарағанда, кейінірек оларды босатқан). Осы оқиғадан хабар тарату кезінде журналистер кедергіге ұшыраған.

5 сәуір күні таңертең қалалық полиция департаментінің алдында үш тілші полицияның журналистерге қысым жасауын доғаруды талап етті. Журналистерді ішке кіргізіп, шағымын тыңдаған полиция департаментінің бастығы Ерғали Жармұхамбетов олардан кешірім сұрады.

Тұрғындардың айтуынша, Алтынтөбе ауылындағы цех үш жыл бұрын іске қосылған. Алтын бұйымдарын өндіретін кәсіпорын Diamond Exclusive жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарайды.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, зергерлік бұйым өндіретін ЖШС 2017 жылы 7 желтоқсанда тіркелген. Ресми құжатта 21-30 адам жұмыс істейтін шағын кәсіпорын ретінде көрсетілген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG