Accessibility links

Өзбек оппозиционері: Мирзияев Ислам Каримовтың тәсілдеріне көшті


Мұхаммед Салих

Өзбекстандағы оппозициялық "Эрк" ("Ерік") партиясы 2021 жылғы 24 қазанға белгіленген президент сайлауына кандидат ұсынатынын сәуірдің басында мәлімдеді. "Эрк" – тәуелсіз Өзбекстан тарихындағы алғашқы оппозициялық партия. Елдің әділет министрлігі 1991 жылы тіркеген бұл саяси ұйымның басшысы, өзбек ақыны Мұхаммед Салих 1991 жылы өткен алғашқы президент сайлауында Ислам Каримовтың жалғыз оппоненті болған.

Өзбекстаннан 1993 жылы кетіп қалған Салих содан бері Түркияда тұрып жатыр. Ел басшылығы оны террорист деп танып, халықаралық іздеу жариялаған, ал саясаткердің Өзбекстанда қалған үш бауыры тұтқындалған.

Каримов қайтыс болып, билікке Шавкат Мирзияев келген соң Салихтың есімі Интерпол арқылы іздеу салынған қылмыскерлер тізімінен алып тасталды. Сол жылы наурызда Салих Мирзияевті қолдап видеоүндеу жариялады. Бірақ кейін Азаттықтың "Настоящее время" арнасына берген сұхбатында Мұхаммед Салих Мирзияевтен көңілі қалғанын, оның "Каримов тәрізді жай популистке айналғанын" айтты. Содан соң Өзбекстан әділет министрлігі "Эрк" партиясының жұмысын қайта бастау туралы өтінішін қанағаттандырмай тастады.

"Эрк" президент сайлауына түсетін ықтимал үміткерлер ретінде партия ардагері Саловат Умирзақов пен белгілі әнші Жахонгир Атажановты атаған.

Азаттық: Салих мырза, былтыр партияңыздың Өзбекстанда қайта жұмыс бастау туралы өтініші қанағаттандырылмады. Сіздер сонда да президент сайлауына өз кандидаттарыңызды ұсынбақсыздар. Үміткерлеріңізді тіркетуге қалай қол жеткізбексіздер, оны бәрібір тіркемей қоятын болар?

Салих: Біздің партия – 1991 жылы тіркелген заңды партия. Алдағы президент сайлауына мен қатыса алмаймын, себебі елге кіруіме рұқсат берілмеді, әлі де тыйым салып отыр. Сондықтан Өзбекстанда тұратын адамды ұсынуды жөн деп санадық.

Азаттық: Дегенмен сіздің партия Өзбекстанның қазіргі басшылығына ұнамайды. Партия атынан ұсынылатын үміткерді тіркемей қоюы әбден мүмкін. Бұл жөнінде қосымша жоспарларыңыз бар ма?

Салих: Біздің партия атынан ұсынылған кандидатты тіркемеуге биліктің батылы жететін болса, онда Мирзияев өзін лидер-реформатор кейпінде көрсетпеді деген сөз. Ал біз Мирзияевтің имиджі елдің санасында қалған сол баяғы өтірік имидж екенін дәлелдейміз.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев халықпен кездесуде.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев халықпен кездесуде.

Азаттық: Сайлау жақындаған сайын Өзбекстанның ішіндегі оппозицияға қысым күшейіп келеді. Қандай жағдайда Шавкат Мирзияев бұрынғы президент Ислам Кәрімов әдістерін қалпына келтіруі мүмкін?

Салих: Меніңше, ол бұл әдістерді толық дерлік алпына келтірді. Ол тек бізді ғана емес, тіпті жаңа партияларды, Өзбекстанда бірдеңе істеуге тырысып жатқан партияларды сайлауға өткізбейді.

Азаттық: Өзбекстанда күзде болатын сайлаудан не күтесіз?

Салих: Өкінішке қарай, пессимистік болжам жасап отырмын. Тоннельдің арғы басынан ешқандай сәуле көрінбейді. Бірақ бұл - қол қусырып отыра берейік дегенді білдірмейді. Бұл режимді жеңу үшін соңына дейін күресуіміз керек. Ол болашақтағы жеңісімізге жасалған бір қадам болмақ. Бұл күреске менің ғұмырым жетпесе де, жастарымыздың өмірі жетеді, олар біздің күресті жалғастыра береді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG