Accessibility links

"Улы қалдықтарды заңсыз тастаған". Ресей мұнай компаниялары табиғатты қалай бүлдіріп жатыр?


Ресейлік мұнай компаниялары бұрғылау кезінде шығатын миллиондаған тонна зиянды қалдықтарды заңсыз түрде утилизация жасап, Солтүстік мұзды мұхитқа құятын өзендерді ластап жатыр. Бұл туралы Азаттық радиосының Орыс қызметінің зерттеуінде айтылады.

ЗЕРТТЕУДЕ НЕ АЙТЫЛАДЫ?

Зерттеу кезінде мұнай компаниялары бұрғылау кезде шығатын зиянды заттарды жою туралы нормативті актілерді жиі бұзғаны, инспекторларға пара бергені, құжаттарда деректерді көрсетпегені, жергілікті билік заң бұзушылықты ескермес үшін қысым жасағаны анықталған.

Мемлекеттік инспекторлар заң бұзушылық тапса да, көз жұма қарап, компаниялар заңды сақтап отыр деген қаулылар шығарған. Ал компаниялар қалдықтарды тазалағаан.

"Мәскеуден инспекторлар келеді де, ақша салынған чемоданмен кетеді. Олар қалдықтарды дұрыстап жойып, ластанған тундраны тазалауды талап етпейді. Керісінше қоқыстарыңды көміп тастап, жұмыстарыңды жалғастыра беріңдер деп кетеді" деді мұнай саласында жұмыс істейтіндердің бірі Азаттықтың Орыс қызметіне.

Бұрғылау құрылғылары жер астынан мұнай алу үшін құрамында су, май және химиялық заттар бар арнайы сұйықтық пайдаланады. Ресейде мұнай орташа есеппен алғанда 3100 метрден алынады, бес шақырымға жететін ұңғымалар да бар. Мұнай саласындағы деректерге қарағанда, мың метрді бұрғылағанда шамамен 560 тонна қалдық шығады. Ресей энергия министрлігінің дерегінше, 2019 жылы елде 28,5 миллион метр жер бұрғыланған. Яғни, бұл жерден 16 миллион тонна қалдық шығады. Бірақ Ресейдің табиғатты қадағалау органы Росприроднадзор 2019 жылы 5 миллион тонна қалдық шықты дейді. Демек, елде 10 миллион тонна қалдық заңсыз жойылуы мүмкін.

Ресейдегі ірі мұнай компаниясы "Ростнефтьтің" бір кен орнынан шығатын заңсыз қалдықтардың экологияға зияны 8 млрд долларды құрайды. Бұл туралы Ресей денсаулық сақтау министрлігінің тапсырысымен дайындалған үш есептің бірінде айтылады.

Экологиялық заңға сай, бұрғылаудан шыққан улы қалдықтар қайта өңделуі тиіс я жердегі суға тарап кетпес үшін арнайы орынға төгілуі керек. Ал Ресейдегі қалдықтар мұнай ұңғымаларының жанындағы уақытша қазылған траншеяда сақталады. Арнайы қазылған траншеялардың қабырғасы қалдықтарды өзен-көлге өткізбейтіндей мығым болуы керек. Бірақ Ресейде мұны ешкім тексеріп жатқан жоқ.

Траншейнге көмілген мұнай қалдықтарының жер асты суларына түсуі схемасы
Траншейнге көмілген мұнай қалдықтарының жер асты суларына түсуі схемасы

"Мұндай траншеялар біреу болса бірсәрі ғой, бірақ олар өте көп. Яғни, Ресейдің солтүстігіндегі өзендер арқылы Солтүстік мұзды мұхитқа қанша мұнай төгіліп жатқанын есептей беріңіз" дейді "Greenpeace Россия" ұйымының бағдарлама, зерттеу және сынақ департаментінің директоры Иван Блоков.

ҚАЛДЫҚТЫҢ БАРАР ЖЕРІ - СОЛТҮСТІК МҰЗДЫ МҰХИТ

2000 жылдан бастап Ресей экологияға зиянды азайту үшін бұрғылаушыларға "аралас технологияны" қолдануға рұқсат берген. Бұл технологияға сай, қалдықтарды, құм, цемент және ценопластпен араластырып, құрылыс материалдарын жасауға пайдалануы керек. Бірақ бұл технология қағаз жүзінде ғана қалды. Бұрғылаушыларға құрылыс материалын дайындайтын зат дайындағаннан гөрі топырақпен көме салған жеңіл әрі арзан.

Бұрғылаушылар "аралас технологияны" қолданғанның өзінде бұл экологиялық стандарттарға сай келмейді. Ресейдегі индустрия саласындағы бақылаушы орган Ростехнадзор мұнай қалдықтарынан жасалған құрылыс материалы "буролитті" стандарттарға сай емес, құрылыс пен жол салғанда жарамайды деген. Бірақ кейін Ростехнадзор буролитті пайдалануға бір жылға рұқсат беріп, 2015 жылы рұқсатын тағы да ұзартқан.

Экскаватор "құрылыс материалын" дайындап жатыр. Сурет Приобский кен орнына жүргізілген рейд кезінде түсірілген. 2010 жыл.
Экскаватор "құрылыс материалын" дайындап жатыр. Сурет Приобский кен орнына жүргізілген рейд кезінде түсірілген. 2010 жыл.


Азаттықтың Орыс қызметі зерттеуінде осы заң бұзушылықтың салдарынан Ресейдің солтүстік аймақтары, Ханты-Мансийск облысының табиғаты көп зиян шеккенін анықтаған. Мұнай қалдықтары елдің солтүстігіндегі тундра, тайгадағы өзен-көлдер арқылы Солтүстік мұзды мұхитқа төгіліп жатыр.

Метеорологиялық бақылау агенттігінің дерегінде Росгидрометтің есебінде 2019 жылы Об өзенінен Кар теңізіне 17 500 тонна мұнай төгілгені айтылады. Ал Кар теңізінің суы Солтүстік мұзды мұхитқа құяды. Федералдық комиссияның есебінде Об өзеніндегі балықтардың 90 пайызының дене құрылысы бұзылғаны, балықтардың түрі жойылып жатқаны көрсетілген.

Бұған қоса, Ресейде мұнай өндіру үшін кейбір жерлердегі ағаштарды кесуге рұқсат беріледі. Бұрғылаушылар мұнай алған соң ол жерді қалпына келтіріп, ағаш отырғызуы тиіс. Бірақ бұл да орындалмайды.

Азаттықтың Орыс қызметі Ресейдегі мұнайдың көп бөлігін өндіретін Роснефть, ЛУКойл, Сургутнефтьгаз компанияларынан комментарий алу үшін қайырылғанымен, олар жауап бермеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG