Accessibility links

Коронавирустың қайдан шыққаны туралы дау қайта өршіді. Бұған не себеп? Түсіндіреміз


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Қытайдың АҚШ-тағы елшілігі коронавирустың шығу тегін іздеу төңірегіндегі "саяси хайп" оның шынымен қайдан шыққанын, әлемді дүрліктірген вирустың адамзатқа қалай таралғанын анықтауды қиындата түседі деген мәлімдеме жасады.

ҚЫТАЙ "САЯСИ ХАЙП" ТУРАЛЫ ӘҢГІМЕНІ ҚАЙДАН ШЫҒАРДЫ?

27 мамырда Қытай елшілігінің сайтында жарияланған мәлімдемеде: "Соңғы кездері әлдебіреулер COVID-19-дың әлемге қайдан тарағаны жөніндегі ескі ойынды қайта ойнай бастады. Қаралау және кінә арту науқаны қайтып оралды, конспирология теориясы және [індеттің] "зертханадан таралғаны" туралы әңгіме қайта қозды" делінген.

Елшіліктің баспасөз хатшысы атынан таралған мәлімдемеде Қытайдың "әлемнің барлық түкпіріндегі COVID-19 жұқтырған алғашқы жағдайларды жан-жақты қарап, бүкіл жер шарындағы құпия базалар мен биологиялық зертханаларды зерттеуді қолдайтыны" айтылады.

Қытай елшілігі "хайпты қоздырғандар" дегенде ешқандай елді не кісі атын атамайды. Дегенмен Пекиннің бұлайша ашулануына АҚШ президенті Джо Байденнің бір күн бұрын жасаған мәлімдемесі түрткі болса керек.

ДЖО БАЙДЕН ҚЫТАЙҒА ҚАТЫСТЫ НЕ АЙТТЫ?

Бұдан бір күн бұрын ғана АҚШ президенті Джо Байден елдің барлау қауымдастығына вирустың шығу тегіне қатысты зерттеуді "екі есе күшейтуге тапсырма бердім" деген мәлімдеме жасады. Байденнің айтуынша, ол президент қызметіне кіріскеннен көп өтпестен ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісіне Covid-тің қайдан шыққанына қатысты ең соңғы есепті әзірлеуді тапсырған. Онда АҚШ президенті коронавирустың "инфекция жұқтырған аңның адаммен байланысқа түсуінен шыққанын, я зертханадағы оқыс жағдайдан тарағанын" анықтауды сұраған. Мамырдың басында америкалық зерттеушілер вирустың шыққан жеріне қатысты тұжырым жасауға "дәлелдер жеткіліксіз" деген қорытынды жасаған.

"Қазір барлау қауымдастығынан соңғы тұжырым жасауға негіз болатын ақпаратты жинау мен саралау жұмысын екі есе күшейтуді, бұл жөнінде маған 90 күннің ішінде хабарлауды өтіндім. Осы есептің аясында қажет болуы мүмкін деген басқа да зерттеу аймақтарын нақтылауды, соның ішінде Қытайға қоюға тура келетін сұрақтарды көрсетуді сұрадым" деп мәлімдеді Байден.

Ол АҚШ "көзқарасы ұқсас серіктерімен бірге Қытайды толық, транспарентті, дәлелге негізделген халықаралық зерттеуге қатысуға, барлық қажетті мәлімет пен айғаққа жол ашуға көндіруге тырысатынын" айтты.

Байден Қытайды халықаралық тергеушілермен толық ынтымақтасудан бас тартқан жағдайда сұраққа нақты жауап табылмауы мүмкін екенін де ескертті.

КОРОНАВИРУСТЫҢ ШЫҚҚАН ЖЕРІНЕ ҚАТЫСТЫ ҚАНДАЙ БОЛЖАМДАР БАР?

2019 жылы желтоқсанда Қытайдың Ухань қаласында таралған вирустың шыққан тегі, оның адамдарға жайылуы туралы бір-біріне кереғар пікір көп. Қытай пандемияға жауапты еместігін, вирус басқа елден мұздатылған теңіз тағамынан келген болуы мүмкін екенін айтады. Елдің мемлекеттік ақпарат құралдары пандемия шын мәнінде Қытайдан тысқары басқа бір елде, мәселен Испания, Италия не АҚШ-та басталған болуы ықтимал деген ақпарат таратты.

Алдымен әлем жұрты Уханьдағы жабайы аңдардың етін сататын базарға назар аударған. Бұл қалада вирустарды зерттейтін зертханада да орналасқандықтар, COVID-19 сол жерден шыққан болуы ықтимал деген болжамдар айтылды. BBC-дің жазуынша, соңғы кездері америкалық басылымдарда вирус Уханьдағы зертханадан тарап кеткен болуы мүмкін дегенді растайтын дәлелдер көп жариялана бастаған.

ДДСҰ-ның зерттеушілер тобы Ухань қаласының әуежайында. 14 қаңтар, 2021 жыл.
ДДСҰ-ның зерттеушілер тобы Ухань қаласының әуежайында. 14 қаңтар, 2021 жыл.


Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) сарапшылар тобы биыл жыл басында Қытайға барып, коронавирус зертханадан тарауы мүмкін деген долбар негізсіз, ол жануардан адамға берілген болуы ықтимал деген қорытынды жасады.

Дегенмен АҚШ және тағы 13 ел ДДСҰ-ның бұл қорытындысына күмән келтірді және Covid-тің шығу тегіне қатысты "ешкім араласпайтын және ықпал етпейтін" ашық та тәуелсіз зерттеуді қолдайтындарын мәлімдеді.

ДДСҰ-НЫҢ ЕНДІГІ ЖОСПАРЫ ҚАНДАЙ?

Қытайға барған сарапшылар тобының есебі шыққаннан соң, 30 наурызда ДДСҰ-ның бас директоры Тедрос Аданом Гебрейесус бұл есеп "біздің түсінігімізді кеңейткенімен, көп сұрақ туындатты" деді. "ДДСҰ-ны толғандырған гипотезаның барлығы күн тәртібінде тұр. Бұл есеп – маңызды істің басы, бірақ соңы емес. Біз вирустың шыққан тегін тапқан жоқпыз, әлі де ғылыми зерттеу жүргізуіміз керек, ашылмаған дерек қалмауы тиіс" деді ол. Дегенмен халықаралық ұйымның бұл мәселе бойынша қазір нақты немен айналысып жатқаны белгісіз.

ІНДЕТТІҢ ҚАЗІРГІ БЕТАЛЫСЫ ҚАНДАЙ?

Америкалық Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша әлемде 168 миллионнан астам адам коронавирус жұқтырған, 3,5 миллионға жуық науқас қайтыс болған. Биыл жыл басында індеттің жаңа толқыны күшейіп, күніне 1 миллионға жетеқабыл жаңа науқас тіркеліп келген. Соңғы бірнеше апта ішінде Еуропа мен Американың көп елінде жағдай біршама оңалып, қатаң шектеу алынып жатыр. Вирусты ең көп жұқтырғандар қатарында АҚШ, Үндістан, Бразилия, Түркия, Франция және Ресей бар. Worldometer дерегі бойынша, Covid алғаш таралған Қытай әлемде коронавирус жұқтырғандар саны бойынша 98-орында тұр. Қытайда індет былтыр ақпанның соңында бәсеңсіп, келесі толқындары болмаған. Ал әлемнің өзге елдері індеттің бірнеше толқынынан әлі зардап шегіп жатыр. Дегенмен, Қытай елдегі шынайы ахуалды жасырып, цифрларды азайтып көрсетіп отыр деген де болжам жиі айтылады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG