Accessibility links

Семейде әлдекімдер 19 ғасырда салынған ғимаратты құлатуға тырысты


Белгісіз адамдар тарихи ескерткіш қатарына кіргелі жатқан үйдің бір бұрышын құлатты. 17 маусым, 2021 жыл.
Белгісіз адамдар тарихи ескерткіш қатарына кіргелі жатқан үйдің бір бұрышын құлатты. 17 маусым, 2021 жыл.

Семейде белгісіз біреулер 19 ғасырда салынған көпес үйін құлатуға тырысқан. Бұл жөнінде тарихи ғимарат орналасқан Найманбаев көшесінің тұрғындары мен өлкетанушылар хабарлады. Оқиға кезінде ғимаратқа зақым келді: үйдің солтүстік-шығыс бұрышы қирады. Бұдан бұрын Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтың пәрменімен үй қираудан аман қалған еді.

— Үш машина, газель және трактор келді. "Ешкім келмей тұрғанда тездетіңдер!" деп ер кісі бұйрық беріп тұрды. Газельден сымарқан шығарып, ғимаратқа лақтырды, трактор тартып, үйдің бұрышы құлады. 90-жылдарға қайтып барғандай әсерде қалдық, — деді жақын маңда тұратын әйел.

Бұл ұй қазір жеке меншікте. Мамырда тұрғындар үйді құлатуға әрекет болып жатқанын байқаған. Жұрттың айтуынша, иесі оның орнына көпқабатты тұрғын үй салғысы келеді. Семейдің өлкетанушылары президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына хат жазып, тарихи ғимаратты сақтап қалуды сұраған. Бұдан соң оқиғаға облыс басшылығы араласты. Әкімдік үйді сүруді тоқтатып, оған архитектура ескерткіші мәртебесін беріп, бұрынғы келбетін қайтарып, иесіне басқа жерде жер телімін беру туралы шешім шығарды.

— Үш апта бұрын өлкетану қоғамына бұл ғимараттың құлатылатынын, оны жалдап отырған фирмалардың көшірілетінін хабарлады. Мұнда таңертең келіп, ғимараттың бұзылып жатқанын көрдік: ішіндегі қаптауышы, жылыту жүйесі алып тасталыпты. Әкімге барып едік, мұндай әрекетке жол берілмейтіні жөнінде архитектура бөліміне пәрмен беретіндерін айтты. Оған тарихи ескерткіш мәртебесін беру-бермеу, оны құлату-құлатпау мәселесі шешілгенге дейін мұнда ештеңе жасалмайды деп, үйді қорғау үшін екі полицей жіберді, — дейді өлкетанушы Павел Жуков.

Әкімдік өкілдері ғимаратты бұзуға ешкім рұқсат бермегенін айтты.

— Иесі қазір іссапарда, меншік иесінің өкілі оны сүру бойынша ешқандай ақпараты жоғын айтты. Қожайынының оны құлатуға ешқандай рұқсат қағазы жоқ. Ғимараттың иесі ретінде ол үйді құлатардан бұрын рұқсат алуы керек, — деді Семей қаласы архитектура және қала құрылысы бөлімінің басшысы Ардақ Исатаев.

Бұған қоса әкімдік қалалық полиция басқармасына арыз жазғанын хабарлады.

Үй 1844 жылы салынған. Оған архитектура ескерткіші мәртебесін беру процедурасы соңына жетіп қалды. 8 маусымда бұл жөніндегі өтінішті облыстық комиссия қолдаған. Өлектанушылардың айтуынша, ғимаратты әлі де қалпына келтіруге болады.

2019 жылы күзде Азаттық Семейде қаланың тарихи бейнесі жойылып жатқаны туралы жазған. 2020 жылғы қазанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Семей қаласын "қастерлі аймақтардың бірі" деп атап, тарихи-мәдени нысандарды қалпына келтіруді тапсырған. Өлкетанушылар мен белсенділердің айтуынша, содан бері тағы бірнеше тарихи ғимарат қиратылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG