Accessibility links

Жаңаөзендіктер биліктен Шыңжаңдағы туыстарын іздеп жүргендерге көмектесуін сұрады


Шыңжаңдағы туыстарына араша сұрап жүргендерді қолдап, видео мәлімдеме жасап тұрған Жаңаөзен тұрғындары. Шілде айы, 2021 жыл.
Шыңжаңдағы туыстарына араша сұрап жүргендерді қолдап, видео мәлімдеме жасап тұрған Жаңаөзен тұрғындары. Шілде айы, 2021 жыл.

Жаңаөзендік бірнеше белсенді, мұнайшы мен қала тұрғыны ақпан айынан бері Алматыдағы Қытай консулдығы алдында Қытай билігінен Шыңжаңда қалған жақындарын қайтаруды талап етіп жүрген адамдарға қолдау білдіріп, билікке үндеу жолдады.

Үндеу Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мен дүниежүзі қазақтар қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашевке бағытталған.

Бұл туралы Азаттыққа мәлімдеген Шолпан Өтекееваның айтуынша, белсенділер үндеудің мәтінін Egov интернет порталы арқылы жолдап, қосымша видеомәлімдеме де жасаған.

"Шиеленіс кезінде, сын сағатта дауға араласып, араағайындық жасай алмаса, бюджеттің қомақты қаражатына ортақтасып отырған Қазақстан халқы ассамблеясының құны көк тиын деп санаймыз. Бұл қазіргі қазақтың өз жерінде көріп отырған теперіштерінің бір парасы ғана. Ал Қытайдан көшіп келген қандастарымыздың мұң-зары бұдан да өтіп, ұлтымыздың жан-жарасына айналуда. Бірі ұл-қызынан, бірі әке-шешесінен, туған бауырынан айырылып, зар илеп, амалсыздан Қытай елшілігінің алдына барып, оларды босатуды сұрап жүр. Олардың бар арманы - туысымен қауышу, қолдарындағы бар "қаруы" - туысының суреті ғана. Олардың зарына құлақ аспақ түгілі, күштік құрылымдармен қуып, белсенділерін қамауы жүрегі қазақ деп соққан барлық азаматтарың жанына батып жатыр. Олардың әлеуметтік желілерде айтып жатқан қайғы-қасіреті біздің де қабырғамызды қайыстырып, өзіңізден араша сұрауға мәжбүр болып отырмыз" деп жазылған үндеуде.

Жаңаөзендіктер Қазақстан билігін Қытаймен келіссөзді тек экономикалық қарым-қатынас шеңберінде жүргізбей, қандастардың ахуалы туралы да тақырыптарды көтеруге шақырды. Үндеу авторлары бұған қоса, Қытай қазақтары туған еліне оралса, оларды солтүстік өңірге шоғырландырып, геосаяси қауіпсіздік мәселесін шешуге болады деген ұсыныс та айтқан.

"Тоқсан сөздің тобықтай түйіні қандастарымыздың көз жасына, қасіретіне алаңдай отырып, оларға моралдық қолдау және дипломатиялық көмек беруіңізді сұраймыз. Қандастарымыздың әрбірінің жанайқайына елшілік, консулдықтар деңгейінде құлақ түріп, мәселесі шешімін табуына ықпал етуді сұраймыз" делінген жаңаөзендіктер үндеуінде.

Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдындағы наразылық биыл ақпан айында басталған. Наразылар Қытай билігінен Шыңжаңда "жазықтан-жазықсыз" қамалған жақындарын босатып, жақындарымен қауыштыруды, Қазақстанға келе алмай отырғандарын бері қарай жіберуді талап етеді. Әлі күнге дейін консулдықтан наразылардың алдына ешкім шыққан жоқ.

Сәуір айында Қытайдың Қазақстандағы елшісі Шыңжаңда қамалғандардың "Қытай азаматы" екенін және олардың "Қытай заңын бұзғанын" айтқан. Қазақстан сыртқы істер министрлігі "өзге елдің ішкі ісіне араласа алмайтынын" айтып келеді.

Бұған дейін Алматы соты Қытай консулдығы алдында пикет өткізген адамдарды бірнеше рет әкімшілік жауапқа тартқан.

Қарай отырыңыз: Шыңжаңдағы қазақтар мәселесін көтеріп жүрген белсенді Күнболатұлы қамаудан шықты (30 маусым 2021 жыл).

Шыңжаңдағы қазақтар мәселесін көтеріп жүрген белсенді Күнболатұлы қамаудан шықты
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:03 0:00

Бұған дейін халықаралық ұйымдар мен Батыс елдері Пекинді Шыңжаң өлкесінде ұйғыр, қазақ, қырғыз және өзге де мұсылман топтарға "геноцид" жасады деп айыптаған. Пекин мұны жоққа шығарған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG