Accessibility links

Елде бір күнде 5,6 мың адамнан Covid анықталды. 975 науқастың халі ауыр


Қазақстанда кеше, 16 шілдеде 5658 адамнан коронавирус табылды. Ал 15 шілдеде елде 146 адам коронавирусқа ұқсас пневмонияға шалдыққан. 15-16 шілдеде коронавирус пен коронавирусқа ұқсас пневмониядан 57 адам қайтыс болды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Елде кейінгі аптада Covid індетіне шалдыққандар күрт көбейіп, вирус жұқтырғандар саны бойынша антирекорд болып жатыр.

Ресми дерек бойынша, елде коронавирус жұқтырғандар 483 мыңнан, қайтыс болғандар 4900-ден асты.

Ал ПТР тестінің нәтижесі теріс, бірақ белгілері коронавирусқа ұқсас пневмонияға шалдыққандар 58 мыңнан, көз жұмғандар 3,5 мыңнан асып жығылды. Қазақстан "пневмонияға" шалдыққандарды былтыр тамыздан бері есептеп келеді. Оған дейін бұл дертпен ауырғандар және қайтыс болғандар ешқандай статистикаға енбей қалды.

Сарапшылар Қазақстандағы коронавирус статистикасына күдікпен қарайды. Үкімет коронавирус жұқтырған мыңдаған науқасты "өліміне басқа дерт себеп болды" деп статистикаға қоспады.

Қазір елде 53 мыңдай адам емделіп жатыр. Олардың 16 мыңнан астамы ауруханада. 975 науқастың халі ауыр. 123 науқас жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.

Елде індет өршіген тұста билік жұртты екпе алуға шақырып жатыр. Үкімет еңбек ұжымдарына вакцинаны міндеттеген.

Елде ақпан айынан бері халыққа коронавирусқа қарсы вакцина салына бастады. Содан бері 4 млн 835 мың адам вакцинаның кемінде бір дозасын алған. 2 млн 731 мың адам вакцинаның екі дозасын алған.

Қазақстан "Спутник V" екпесінен бөлек, жергілікті мамандар жасаған QazVac, Hayat-Vax (Қытай-БАӘ), Sinopharm вакцинасын салып жатыр.

Осы аптада елде ресейлік екінші вакцина "Спутник лайттың" уақытша тіркелгені хабарланды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG