Accessibility links

"Өлтіру керек!" деп шулады". Бір топ ер адам Қарағандыдағы феминистер шарасының шырқын бұзды


Feminita тобының кездесуі өткен ғимарат алдына жиналған наразы топ пен олардың жолын бөгеп тұрған полиция жасағы. Қарағанды, 28 шілде 2021 жыл.
Feminita тобының кездесуі өткен ғимарат алдына жиналған наразы топ пен олардың жолын бөгеп тұрған полиция жасағы. Қарағанды, 28 шілде 2021 жыл.

Feminita тобының Қарағандыда ұйымдастырған кездесуі де басталмай жатып аяқталды. Шара өтетін ғимарат алдына жиналған топ (негізінен ер кісілер) ашу-ыза білдіріп, ішке кіруге әрекет жасаған соң, Feminita белсенділерімен кездесуге келген адамдар ол жерден жедел кетуге мәжбүр болды. Полиция мен арнаулы жасақ оларды екі топқа бөліп, автобусқа отырғызып, белгісіз жаққа алып кетті. Сөйтіп, бұған дейін Шымкентте болған жағдай енді Қарағандыда қайталанды.

ШАҚЫРУСЫЗ КЕЛГЕН АШУЛЫ ТОП

Әйелдер мен ЛГБТИК қауымдастығы өкілдерінің құқығын қорғаумен айналысатын қазақстандық Feminita тобы белсенділері Қарағанды қаласында өткізбекші болған шарасы басталмай тұрып қиындыққа кезіккен.

27 шілдеде қаладағы кездесу өтеді деп белгіленген, алдын ала ақшасы төленген қонақ үйлердің бірі аяқ астынан сөзінен айнып, орын беруден бас тартқан. Сөйтіп ұйымдастырушыларға шұғыл түрде басқа жер іздеуге тура келген.

Олар кездесу орнын құпия сақтаған. Содан болар, "Қазақстандық Feminita тобымен таныстық, феминизм және әйелдер құқығы жайлы" тақырыбында өткен шара бейбіт басталды. Бірақ бір сағатқа жетпей кездесудің шырқы бұзылды.

Кездесуге келген қыздар мен үш жігіт – барлығы 14 адам ЛБТ-әйелдердің құқығы мен оларға жасалатын дискриминацияны айтып, Feminita тобының жұмысымен таныстырған белсенділерді тыңдап отырды.

Бірақ жиналғандардың басынан өткен хикаясы мен олар кездескен мәселелерді талқылауға мүмкіндік болмады: кенет дәлізден дауыс көтерген адамдардың айқай-шуы естіле бастады. Не болып жатқанын білуге шыққан белсенділердің бірі тез оралып, кездесуді аяқтап, ғимараттан шығып кету керегін, көшеге наразы топ жиналғанын айтты. "Іште адамдар қалса, билік қауіпсіздігімізге кепілдік бере алмайды" деді ол.

Feminita тобының кездесуі өтіп жатқан ғимарат алдына жиналған ашулы адамдар тобы. Қарағанды, 28 шілде 2021 жыл.
Feminita тобының кездесуі өтіп жатқан ғимарат алдына жиналған ашулы адамдар тобы. Қарағанды, 28 шілде 2021 жыл.

Тұтқиылдан болған айқай-шуды естіп, кездесу өтіп жатқан жерде алаңдап отырған адамдар бұл хабарды естігенде үрпиіп, қорқып қалды. Белсенділер оларды сабырға шақырып, полиция іште отырған адамдарды ғимараттан аман-сау алып шығады деп үміттенетінін айтты.

Кездесуге қатысқан адамдарды біраз уақыт дәлізде ұстады. Азаттықтың сырттағы топ адам "Неге сонша ашу-ыза білдіріп жатыр?" деген сұрағына бір қыз "Өйткені Қарағандыда бұрын-соңды мұндай шара болмаған. Бұл жақта біз туралы айтатындар жоқтың қасы. Қазір неге бұлай болып жатқанын білмеймін, өзім де таңғалып тұрмын" деп жауап берді.

Алматыдан келген Feminita тобының белсенділері Гүлзада Сержан мен Жанар Секербаева өздерін жақтырмайтындардың реакциясын күткенін, бірақ дәл мұндай ауқымдағы қарсылық болады деп ойламағанын айтты.

– Бұл Қазақстандағы әйелдер құқығы мен феминизм тақырыбына арналған іс-шараны бұзу. Мұнда гомофобтар, бізді өртеп жіберуді талап еткен өте агрессивті адамдар жиналған. Олар шараны тоқтатуды талап етіп отыр. Мүмкін бізге күш қолданғысы келетін шығар. Тағы не ойы барын білмеймін, бірақ шараның шырқын бұзды. Арнаулы қызмет өкілдері мына жиналған топқа кездесу орнын біліп алуға көмектесетін сияқты. Өйткені бұл жердің мекенжайын әр қатысушыға жеке-жеке бергенбіз, – дейді Feminita тобының негізін қалаушылардың бірі Жанар Секербаева.

– Полиция қауіпсіздігімізді қамтамасыз ете алмайды екен. Дәл қазір ғимараттың алдында рұқсат етілмеген митинг өтіп жатыр, ал полиция ештеңе істей алмай тұр. Ішкі саясат бөлімі, полиция жағдайды реттеп, жиналғандарға "мұнда адам құқығы, әйел құқығы туралы шара өтіп жатыр" деп түсіндірсе болар еді. Әр адамның өмір сүруге құқығы бар, ал жиналғандар "Өлтіру керек!" деп айқайлап жатыр. Басқа азаматтардың құқығын шектегісі келетін топтың ырқына жығылуға болмайды, – дейді Feminita белсендісі Гүлзада Сержан.

ҒИМАРАТ СЫРТЫНДА

Азаттық тілшісі оқиға орнынан тікелей трансляция жүргізді. Видеода Қарағандының орталық бөлігіндегі Абай даңғылының бойында орналасқан ғимарат алдына жүзден астам адам (негізінен әртүрлі жастағы ер азаматтар) жиналғаны көрінеді. Оқиға орнына арнаулы жасақ пен полиция қызметкерлері де келді.

Кездесу өткен ғимарат әкімшілігі шараға қатысушылардан бет-жүзін маскамен, шашымен барынша жауып алуды сұрады. Полиция оларды есік-терезені ұрғылап жатқан топтың арасымен көшеге алып шығатынын ескертті.

Полиция кездесуге қатысушыларға әлгі айтылғанды жылдам әрі бұлжытпай орындап, арнаулы жасақтан құралған "қалқан" арқылы жүгіріп барып, ғимарат алдына әкелінген автобусқа отыру қажетін ескертті. Бұл кезде сыртта жиналып тұрғандардың ашу-ызасы күшейіп, кейбір ер адамдар өңмеңдеп, ғимаратқа қарай өтуге тырысты. Олардың жолын бөгеген арнаулы жасақ есікке жақындаған адамдарды күшпен итеріп тастап тұрды.

Кездесуге қатысушыларды бірден эвакуациялау мүмкін болмады. Ғимарат ішіндегі адамдардың кейбірі есіктен шыққан бойда қайта кіруге мәжбүр болды. Ғимарат әкімшілігі мен күзетшілер бірден барлық есікті жауып, терезелерді пердемен тұмшалап үлгерді. Бірақ перденің арасынан табалдырықта тұрған адамдар тобы көрініп тұрды.

Ғимарат алдындағы жұрт автобусқа жетіп үлгергендерге пластик бөтелке лақтырып, балағаттап, айқайлап, ысқыра жөнелді. Автобус есігі жабылған бойда бірден жүріп кетті.

Арнаулы жасақ өкілдерінен құралған "қалқан" және феминистер шарасына қарсы адамдар тобы. Сәл әрірек тұста кездесуге қатысушыларды алып кетуге келген автобус тұр. Қарағанды, 28 шілде 2021 жыл.
Арнаулы жасақ өкілдерінен құралған "қалқан" және феминистер шарасына қарсы адамдар тобы. Сәл әрірек тұста кездесуге қатысушыларды алып кетуге келген автобус тұр. Қарағанды, 28 шілде 2021 жыл.

Алайда сырттағы наразы топ тарай қоймады. Ғимарат ішінде әлі де бірнеше адам қалды. Кездесудің шырқын бұзуға келген адамдар өз әрекетін діни ұстанымына сілтеп, "бұл біздің менталитетімізге қайшы келеді" деп түсіндірді.

– Мұны ешқашан мойындамаймыз. Шариғат пен ұлтымызға жат нәрсе. Міне, халықтың реакциясын көріп тұрсыз ғой, – деді саусағын шошайта наразы топқа нұсқаған ер адам.

– Мұндай кездесу өтпеуі керек, бұл дұрыс емес. Біздің тәрбиеміз, дініміз, өмірлік құндылықтарымыз басқа. Ал мынаның бәрі азғындауға апарады, өз жерімізде, туған қаламыз Қарағандыда мұндайға жол бермеу керек, – деді тағы бір кісі. Ол бұл кездесу жайлы өзіне "хабарласқан достарынан білгенін" айтты.

Азаттыққа пікірін айтқан азамат феминистер кездесуі өткен ғимарат алдында селфи жасап тұр. Қарағанды, 28 шілде 2021 жыл.
Азаттыққа пікірін айтқан азамат феминистер кездесуі өткен ғимарат алдында селфи жасап тұр. Қарағанды, 28 шілде 2021 жыл.

Біраз уақыттан кейін билік өкілдері сыртта жиналғандармен келісімге келіп, ғимарат ішінде қалған адамдарды алып шықты. Арнаулы жасақ қызметкерлері "қалқан" жасап, полиция кездесуге қатысқандардың қалғанын шағын автобустарға отырғызды. Наразылар ғимараттан шыққан екінші топты да айқайлап шығарып салды.

Оқиға орнында болған Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары "ешқандай бұзақылық әрекет болған жоқ", "биліктің реакциясы дұрыс болды" деп мәлімдеді.

– Біз ұйымдастырушыларға осындай реакция болуы мүмкін деп ескерттік. Өйткені әртүрлі пікір айтылып жүрді. Ескерттік, бірақ олар "Іс-шара өткізуге құқылымыз. Сендер – биліксіңдер, бізді қорғаңдар" деді. Міне, қорғап қалдық, – деді Нұрлан Бикенов.

Ғимарат ішіндегі азаматтардың екінші тобы кеткеннен кейін жиналғандар "Аллаху әкбар!" деп айғайлап, біртіндеп тарай бастады. Көшеде біраз уақытқа дейін бірнеше полиция қызметкері қалды.

Кездесу өткен ғимарат алдына жиналған топ. Қарағанды, 28 шілде 2021 жыл.
Кездесу өткен ғимарат алдына жиналған топ. Қарағанды, 28 шілде 2021 жыл.

Полицияның Feminita тобының белсенділері мен шырқы бұзылған кездесуге қатысушыларды қайда алып кеткені әзірге белгісіз. Олармен байланысу мүмкін болмай отыр.

Бұл – Feminita тобына қарсы жасалған бірінші шабуыл емес. Биыл 29 мамырда топ белсенділері Гүлзада Сержан мен Жанар Секербаева Шымкентте осыған ұқсас кездесу өткізбек болған. Дәл осылай қонақ үймен алдын ала келісіп, ақшасын төлеп қойған. Бірақ дәл кездесу басталар алдында қонақ үй иелері белсенділерді қабылдаудан бас тартқан. Мұнан соң ұйымдастырушылар мен кездесуге қатысушылар әлгі қонақ үйдің маңындағы дәмханаға барған кезде, оларға ашу-ызаға булыққан бір топ адам тап берген. Полиция күш қолданғандарды емес, Секербаева мен Сержанды алып кеткен. Оларды полиция басқармасына жеткізіп, сегіз сағат ұстағаннан кейін көлікпен Алматыға жеткізген.

Қазақстандағы Feminita тобы әйелдер мен ЛГБТ қауымдастық өкілдерінің құқығын қорғаумен айналысады. Биыл 8 наурызда топ мүшелері басқа феминист белсенділермен бірге Қазақстандағы ең ірі әйелдер маршын өткізген. Бұл шараны қоғамдағы кей азаматтар сынаған.

Еуропарламент биыл наурызда Қазақстандағы адам құқықтарының ахуалы жайлы қабылдаған қарарында ЛГБТ өкілдерінің дискриминацияға жиі ұшырайтынына назар аударған. Елдегі адамдарды жыныстық сипатына байланысты алалау мәселесі халықаралық құқық қорғау ұйымдарының Қазақстан туралы есебінде де жиі айтылады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG