Accessibility links

Ақмола облысында алтын фабрикасын салуға қарсылық білдірген белсендіні ұрып кетті


2 тамызда Ақмола облысы Степногорскіден 18 шақырым жердегі Ақсу елді мекенінде белсенді Александр Сизовты ұрып кетті. Бұл туралы Vlast сайты хабарлады. Белсенді кейінгі кезде ауылдың өзге тұрғындарымен бірге елді мекен маңындағы алтын өндіретін фабрика құрылысына қарсылық білдірген.

Vlast сайтының жазуынша, даудың жалғасып келе жатқанына екі жыл болған, бірақ алғаш рет төбелеске жетіп отыр.

Ақпаратқа қарағанда, белсенді елді мекенде шаң көтерілгені жайлы тұрғындар шағымынан кейін 2 тамызда құрылыс маңына барған. Вагондардан 150-200 метр жерде видеоға түсіре бастаған кезде бір ер адам келіп, телефонды өшіруді талап еткен. Бұдан соң телефонын қағып түсіріп, екеуі ұстасып қалған. Оларға тағы екі ер адам қосылып, біреуі Александрдың бетінен ұрған. Құлап түссе де ұра берген.

"Олар үшеу болды, біреуі қартаң адам. Мен оларға жауап қайтарған жоқпын. Өзімді ұстап қалдым. Егер ұрғанымда бәріне мені кінәлі етіп шығарар еді" деді Александр Сизов.

Ол алтын өндіретін Adelya Gold компаниясының жетекшісі Сергей Хабердің фабрика төңірегінде дау өршіп тұрған тұста "компания ашық, видеоға түсіре берсеңдер болады" деген сөзін еске түсірген.

Сизов дәрігерлерге көрініп, алған жарақатын тіркеткен. Оған полициядан хабарласып, оқиғаны тексеретінін айтқан.

Ақпаратқа қарағанда, Ақсу тұрғындары елді мекен маңында алтын өндіретін тағы бір зауыт салынатынын былтыр жазда білген. Айналасында қалдық төгетін орындар, үйінділер көп елді мекенге таза ауа тек батысынан ғана кеп тұрған. Енді ол жақта да Adelya Gold фабрика салып жатыр дейді тұрғындар.

Олар 2018 жылы Степногорскіде жаңа фабрикаға қатысты тыңдау өткенін білмеген. Олар елді мекеннің өзінде тыңдау өткізуді ұсынып, президентке хат жазған. Түрлі заңбұзушылықтар туралы да шағымданған. Бірақ одан нәтиже болмаған, есесіне қызу құрылыс жұмыстары басталған.

Александр Сизов тұрғындар билік өкілдерінен қанша көмек сұраса да, мәселеге назар аудармай отырғанын айтқан.

"Елді мекенде шаң, мұнда тұру мүмкін емес. Бір ғана жол бар шығар: мәселені республикалық деңгейге көтеріп, елді мекен халқын толық көшіру керек" дейді белсенді.

Азаттық тілшісі әзірге полициядан жауап ала алмады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG