Accessibility links

Беларусь билігі спорт сайтын "экстремистік" деп таныды


Беларусь жеңіл атлеті Кристина Тимановская.
Беларусь жеңіл атлеті Кристина Тимановская.

Беларусь ішкі істер министрлігі елдегі "Трибуна" спорт сайты мен оның әлеуметтік желілердегі парақтары және мобильді қосымшасы "экстремистік" деп танылғанын хабарлады.

"Негізгі интернет-ресурстан басқа, "Tribuna.com Belarus" телеграм-арнасы, Instagram, Facebook, Twitter, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі осындай атаумен аталатын чат және парақшалар, сондай-ақ смартфонға арналған мобиль қосымшалары тыйым салынған тізімге енгізілді" деп хабарлады министрлік.

Беларусь билігі аталған веб-қауымдастық администраторлары "экстремистік іс-әрекетке шақыратын материалдар жариялады" деп есептейді.

"Трибуна" веб-сайты Беларусьте 2020 жылдың тамызында президенттік сайлаудың ресми қорытындысына келіспеген сайлаушылардың жаппай наразылық акциялары басталғаннан кейін демонстранттарды қолдауына және ақ-қызыл-ақ түсті туды өз жарияланымдарында қолдануына байланысты бұғатталған.

Басылым беларусь спортшысы Кристина Тимановскаямен байланысты ахуал туралы да жазды. Тимановская ұлттық құрама басшылығын сынағаннан кейін Олимпиададан шеттетіліп, портал журналистеріне алғашқы сұхбатын берді.

Оның айтуынша, жаттықтырушылар оны дайындалмаған жарысқа (4х400 метрлік эстафетаға) қосып, "жыртықты жамамақшы" болған. Өйткені эстафетаға қатысушылар допинг-тестіден толық көлемде өтпегендіктен олардың жарысқа қатысуына рұқсат етілмеген.

Осыдан кейін олар Тимановскаяны Токиодан Минскіге мәжбүрлеп қайтаруға тырысты. Оған 200 метр қашықтыққа жүгіру жарысына қатысуына рұқсат бермеген. Токио әуежайында Тимановская жергілікті полицияға жүгініп, Беларуське оралса өзіне қауіп төнетінін мәлімдеген.

Кристина Тимановская Отанына оралудан бас тартқаннан кейін оған Польша гуманитарлық виза берді, оның күйеуі де дәл сондай құжатқа ие болды (ол әйелі аталған ахуалға тап болғаннан кейін дереу Беларусьтен шетелге кетіп қалған). Тимановская Вена арқылы Варшаваға ұшып жеткен. Қолда бар ақпаратқа қарағанда, поляк дипломаттары қауіпсіздік мақсатында оған ұшар алдында сапар маршрутын өзгертуге кеңес берген.

6 тамызда Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) Кристина Тимановскаяның жарыстан шеттетілуіне байланысты Токио Олимпиадасындағы Беларусь құрамасының екі жаттықтырушысын аккредитациядан айырғаны белгілі болды.

Сондай-ақ Беларусьте Борисов пен Жодино елді мекендерінің жаңалықтары туралы жазатын EX-PRESS.BY сайты бұғатталды деп хабарлайды басылымның телеграм-каналы. Шешімді Беларусь ақпарат министрлігі қабылдаған, бірақ министрлік сайтында ол жөнінде әлі күнге еш ақпарат жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG