Accessibility links

Украина соты Шыңжаң қазағы Ерсін Еркінұлын босқындар орталығында қалдыруды ұйғарды


Қытайдан қашып, Украинадан босқын мәртебесін сұраған Ерсін Еркінұлы.
Қытайдан қашып, Украинадан босқын мәртебесін сұраған Ерсін Еркінұлы.

Украинаның Ужгород аудандық сотының 13 тамыз күнгі ұйғарымына сәйкес, Қытайдың Шыңжаң өлкесінде туған 24 жастағы қазақ Ерсін Еркінұлы алты айға дейін Украинада босқындарды уақытша ұстау орталығында болмақ. Азаттыққа бұл туралы сот отырысы кезінде аудармашы қызметін атқарған Дәулет есімді азамат айтты.

Азаттықтың Украин қызметінің хабарлауынша, қазір Ерсін Еркінұлы Чоп шекара тобының босқындарды уақытша ұстау орталығында отыр.

"Бүгін Ужгородта 1997 жылы туған Қытай азаматына қатысты сот отырысы өтті. Бірнеше күн бұрын ол Украинаның Словакиямен арадағы мемлекеттік шекарасынан заңсыз өткені үшін ұсталған. Сот отырысы барысында оны пана сұраған өтініші қаралып болғанға дейін уақытша ұстау мәселесі қаралды. Айтпақшы, оның Украинадан паналатуды сұрап өтініш бергені жайлы, жыл соңына дейін жарамды анықтамасы бар" деді 13 тамыз күні Чоп шекара тобының баспасөз хатшысы Елена Трачук Азаттықтың Украин қызметіне.

Украина билігі Ерсін Еркінұлының бұған дейін босқын мәртебесін беруді сұраған өтініші қарастырылғанға, яғни жыл соңына дейін оны қамауда ұстауға пәрмен берген.

Еркін Ерсінұлын 8 тамызда украин-словак шекарасын заңсыз кесіп өткеннен кейін ұсталған. Трачуктың сөзінше, Ерсінұлының шекарадан заңсыз өтуге талпынғаны алғаш рет емес.

"Былтыр қараша айында Украинаның Львов облысында шекарашылар қолында Қытай азаматы деген куәлігі бар Ерсін Еркінұлын Польшаға заңсыз өтпек болған кезде ұстаған. Сот оған айыппұл салып, кім екені анықталғанша 6 ай уақытша ұстау орталығына жіберген. 2020 жылғы желтоқсанда әкімшілік соттың апелляция шешімі бойынша қамаудан босатылған. Еркінұлына босқын мәртебесін сұраған өтініші қаралғанға дейін "пана іздеуші тұлға" мәртебесі берілген. Өтініші мемлекеттік миграция қызметінде қаралап жатқан кезде бұл адам Украина заңын тағы да бұзып, 2021 жылғы тамыздың басында Еуропа Одағы аумағына шекараны заңсыз кесіп өткен" деді Трачук.

Словакия шекарашылары Ерсін Еркінұлын шекарадан заңсыз өткені үшін ұстағаннан кейін ол Украинадан пана сұрап тағы өтініш берген деп хабарлайды Азаттықтың Украин қызметі.

Ерсін Еркінұлының өзімен хабарласу мүмкін болмады, оның телефоны өшіріп тұр.

Бұған дейін Азаттық тілшісі сөйлескен Еуропада тұратын белсенді Ботагөз Иса өзіне хабарласқан Ерсін Еркінұлының "әлдекімдер қоқан-лоқы жасаған соң үрейленіп, басқа елге кетіп қалуды ойлап жүргенін" айтқанын жеткізген еді.

Кейінгі жылдары Қытайдың Шыңжаң өлкесінде тұратын ұйғыр, қазақ және өзге де байырғы ұлт өкілдері (негізінен мұсылмандар) биліктің қысымы мен қудалауы күшейгенін айтып, кейбірі өзге елдерге қашты.

БҰҰ, АҚШ пен өзге де батыс елдері мемлекеттік департаменті Қытай билігі арнайы "лагерлерде" млн-ға жуық аз ұлт өкілдерін мәжбүрлеп, еркінен тыс ұстап отыр деп мәлімдеген.

Пекин ондай айыптауларды үзілді-кесілді жоққа шығарып, оларды "экстремизммен күресетін орталықтар" және "кәсіп үйрететін" мекемелер деп атаған.

Қазақтар Шыңжаңды байырғы кезден мекендейтін түркітілдес ұлттар арасында саны жағынан ұйғырлардан кейін екінші орында тұр. Сонымен бірге аймақта қырғыз, тәжік, дүнген және өзге де мұсылмандар тұрады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG