Accessibility links

ЕО өкілдері Ағаділ қаза болған және "саяси тұтқындар" қамалған астанадағы изоляторға барды


ЕО-ның Адам құқығы жөніндегі арнайы уәкілі Имон Гилмордың (ортада) астанадағы ЕЦ-166/1 қауіпсіздігі аралас мекемесіне барған сәті. Нұр-Сұлтан, 7 қазан 2021 жыл.
ЕО-ның Адам құқығы жөніндегі арнайы уәкілі Имон Гилмордың (ортада) астанадағы ЕЦ-166/1 қауіпсіздігі аралас мекемесіне барған сәті. Нұр-Сұлтан, 7 қазан 2021 жыл.

7 қазанда Еуроодақ өкілдері Нұр-Сұлтандағы ЕЦ-166/1 қауіпсіздігі аралас мекемесіне барды. Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті ЕО өкілдерінің сапарынан кейін "түрме реформасы" жөнінде хабарлама таратты. Кейбір құқық қорғаушылар түрмелердегі жағдай іс жүзінде басқаша екенін айтады.

ІІМ-ге қарасты Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің таратқан хабарламасына сәйкес, ЕО-ның Адам құқығы жөніндегі арнайы уәкілі Имон Гилмор мен Орталық Азия бойынша өкілі Тери Хакала айыпталушылар мен сотталушылардың түрмедегі жағдайымен танысқан. ЕО өкілдеріне тұтқындар "сәлемдеме қабылдайтын немесе сауда-саттық жасайтын" электронды дүкен, сотталушылардың шағымы мен өтініштеріне арналған электронды терминал да көрсетілген.

“Пенитенциарлық жүйені реформалау халықаралық стандартқа сәйкес түрлі бағытта жүріп жатыр. Бұл ретте түрмедегі жағдай, тамақтану, медициналық қамтамасыз ету жақсарып жатыр, сотталғандардың құқықтық жағдайын жетілдіру бойынша шаралар қабылданды. Қазір медициналық қызметті денсаулық сақтау министрлігінің қарамағына беру жөнінде іс-шаралар қызу жүріп жатыр” деді ҚАЖК төрағасы Жанат Ешмағамбетов.

Ақпаратқа қарағанда, сапар барысында сонымен бірге "сотталушылардың құқығын қорғау мақсатында" түрмелерге бақылау камераларын орнату, медициналық кабинеттердің жабдықталу сапасы жөнінде де сөз болған.

Әлеуметтік желіде ЕО өкілдерінің сапары жөнінде жазған кейбір құқық қорғаушылар 2020 жылы аталған тергеу изоляторында азаматтық белсенді Дулат Ағаділдің жұмбақ жағдайда көз жұмғанын еске салды (Белсенді қазасы ЕО өкілдерінің сапары барысында айтылды ма, жоқ па, белгісіз). Бұған қоса, саяси тұтқын деп танылған белсенділер Ербол Есхожин, Айдар Сыздықов, Асқар Қайырбектің аталған түрмеде қамауда болғанын, изолятордағы "азаптау камералары", шағым жазған айыпталушылар мен сотталушылардың қысымға ұшырайтыны жөнінде жазды.

ІІМ хабарламасымен танысқан құқық қорғаушы Елена Семенова ЕО өкілдеріне "көрсетілген" электронды дүкен және электронды терминалды жақсы идея деп бағалайды, бірақ іс жүзінде олардың жүзеге асырылып жатқанына күмән келтіреді.

"Мысалы, электронды терминал өте жақсы. Бірақ практика көрсеткендей, терминал арқылы шағымды жіберу мүмкін емес. Себебі, ол бақыланады. Терминал тұр, бірақ оған жетудің өзі мәселе. Түрме әкімшілігінен зәбір көргендер азаптау немесе дөрекі қарым-қатынас жөнінде шағымды жібере алмайды. Зардап шеккен адам камерада, ал терминал камерадан тыс жерде. Кейде түрме әкімшілігі отыратын дәлізде болуы мүмкін. Терминал жұмыс істесе, жақсы болар еді. Ал осы терминал арқылы белгілі бір уақыт аралығында қанша шағым түсті? Сол жағына да мән беру керек" деді ол.

Бірнеше жыл бұрын осы изоляторда қамауда болған, қазір бостандықта жүрген "Мы против пыток" (Қысымға қарсымыз!) қоғамдық бірлестігінің мүшесі Бауыржан Мусин кейінгі бірнеше жылда аталған түрмедегі жағдай сәл де болса тәуірлегенін айтады. Бірақ айтуынша, медициналық жабдық және көмек көрсету мәселесі әлі шешілмеген.

"Мен 2017-2018 жылдары тергеу изоляторында отырған кезде екі рет жол апатына ұшырадым. Екеуі де мені автозакпен апара жатқан кезде болды. Тобығым шығып кетті. Жарақат ауыр болды. Ол кезде тіпті мені таңған да жоқ. Сүйтіп, асқындырып алып, үш операцияны бастан кешірдім. Түрмеде тіпті балдақ та болған жоқ. Төсегіме жартылай тізерлеп жеткен күнім болды. Қазір күн сайын өзгелермен қатар сол Нұр-Сұлтандағы сотталушылармен де хабарласып отырамын. Бірнеше жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда сәл оңалған. Бірақ білікті дәрігерлер әлі де жоқ. Ешкім ол жақта істегісі келмейді. Фельдшер бар, бірақ қажетті дәрежеде көмек көрсете алмайды" дейді Бауыржан Мусин.

Ол осындай түрмелерге сырттан бақылаушылар келген кезде түрме әкімшілігінің шағым айтатын айыпталушыларды немесе сотталушыларды көрсетпеуге тырысатынын айтады.

Оның пікірінше, түрмелердегі азаптау мен ұрып-соғуларды болдырмас үшін азаматтық бақылау күшеюі керек. Түрмелерге бейнебақылау камераларын орнату сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде жүзеге асуы тиіс.

Халықаралық ұйымдар мен қазақстандық құқық қорғаушылар Қазақстандағы түрмелерде сотталушыларды азаптау барын, қамаудағыларға дұрыс жағдай жасалмайтынын айтып, Нұр-Сұлтанға жиі қайырылады.

Amnesty International құқық қорғау ұйымы былтыр Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі есебінде де "елдегі түрмелерде азаптау мен басқа да қорлық түрлері қолданылған. Билік санаулы жағдайда ғана болмаса, көбіне мұндай оқиғаларға байланысты әділ, тәуелсіз әрі тиімді тергеу жүргізбеген" деп мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG