Accessibility links

ШҚО-да "азаптау" және "бопсалау" баптары бойынша айыпталған түрме қызметкерлеріне үкім шықты


Қазақстандағы түрмелердің бірі.
Қазақстандағы түрмелердің бірі.

Шығыс Қазақстан облысында "азаптау" және "бопсалау" баптары бойынша айыпталған түрме қызметкерлеріне үкім оқылды. Бұл жөнінде Arnapress.kz сайты хабарлады.

Өскемен қалалық № 2 сотының баспасөз қызметіне сүйенген сайттың жазуынша, облыстық қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің жеті лауазымды тұлғасына "тұтқынды азаптап, кездейсоқ өлтірді" (146-бап, 3-бап) деген айып тағылған. Одан бөлек, А.С. есімді адамға "өкілетін асыра пайдаланып, күш қолданды", "ақша бопсалады" (366-бап, 362-бап )деген айыптар тағылған.

Сот Е.А. және Р. Т. есімді адамдарды сегіз жылға бас бостандығынан айырған. А.Б. есімді айыпталушыға жеті жыл түрме жазасы тағайындалған. Е.Б., Р.О., Н.С бес жыл түрме жазасын алған. А.С. есімді айыпталушы жеті жыл түрме жазасына кесілген.

Сот ақпаратына қарағанда, 2019 жылы маусым айында ОВ-156/2 мекемесінің қызметкерлері ғимарат ішінде жәбірленушіні азаптап, соның салдарынан ол қаза болған. Қылмыс ізін жасыру үшін айыпталушылар екі сотталушының көмегімен мәйітті тәртіптік изоляторға апарып, суицид ретінде көрсетпекші болған. Одан бөлек, сот хабарламасында А.С. есімді айыпталушының тұтқындардың туыстарынан пара алғаны, тұтқындарды еңбекке жеккені айтылады.

"Куәлар сотталушылардың мәйітті изолятор камерасына ауыстырғанын растады. Сараптама қорытындысы оның өліміне дене жарақаты себеп болғанын анықтады. Одан бөлек, көлік шинасы, ағаш баспалдақ сияқты заттай айғақтар тергеу кезінде тәркіленді. Прокурор айыпталушыларды 10-11 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Айыпталушылар айыпты мойындамай, өздерін ақтауды өтінді" делінген сот хабарламасында.

Сот айыпталушылардың кәмелетке толмаған балалары барын ескерген, бірақ қабылдаған антты бұзуын жазаны ауырлататын жағдай ретінде бағалаған.

Сот үкіміне сәйкес, айыпталушылардың атақтары қайтарылған, өмір бойы мемлекеттік және құқық қорғау органдарында істеу құқығынан айырылған.

Сот үкімі әлі күшіне енбеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG