Accessibility links

Жанболат Мамай өзіне қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады


Белсенді Жанболат Мамай.
Белсенді Жанболат Мамай.

Тіркелмеген "Демократиялық партиясының" жетекшісі, белсенді Жанболат Мамай полицияның өзіне қылмыстық іс қозғағанын хабарлады.

– Маған WhatsApp желісіне жаңа ғана хабарлама келіп түсті. "Сағат 16.00-де қалалық полиция департаментіне келіңіз, алдында хат жібергенбіз, бірақ сіз келмедіңіз" деп айтылыпты. 378-бап 2-бөлік яғни, БАҚ арқылы билік өкілін қорлау бабы бойынша қозғаған. Бірақ қай билік өкілі, кімге қатысты екенін білмеймін, – деді Жанболат Мамай Азаттық тілшісіне.

Ол жиырма күннен бері өзін белгісіз бір көліктердің аңдып жүргенін, оның фотолары мен видеоларын әлеуметтік желіге жариялағанын да айтты.

Алматы полициясы әзірге түсініктеме бермеді.

Бұған дейін Жанболат Мамай елдегі ірі шенеуніктердің ықтимал "жемқорлық әрекеттері" туралы зерттеу фильмдер жариялап, оларды "мемлекет есебінен байыды" деп айыптаған. Фильм кейіпкерлерінің арасында мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, "Нұр Отан" партиясы төрағасының орынбасары Бауыржан Байбек, мәжіліс спикері Нұрлан Нығматуллин және өзге де жоғары лауазымды шенеуніктер бар.

Жазда "Нұр Отан" партиясы төрағасының орынбасары Бауыржан Байбек Жанболат Мамайды сотқа беріп, маусымда Алматы соты белсендіні аталған фильмді өшіруге міндеттеген. Байбек Мамайды өзін қаралап, дәлелсіз жала жапты деп кінәлаған. Ал сот үкімімен келіспеген белсенді мен жақтастары "Қазақстанның ресми орындары біз келтірген фактілерді зерттеп, жемқорлықты тергеудің орнына біздің үнімізді өшіруге тырысты" деп мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG