Accessibility links

Кеңқияқ пен Жаңажол мұнай кеніштерінде жұмысшылар ереуілі аяқталды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Ақтөбе облысы Кеңқияқ, Жаңажол мұнай кенішінде жалақының аздығына наразылық білдірген жүз шақты адам дүйсенбі күні түстен кейін жұмыс орнына оралған. Бұл туралы Азаттыққа Темір ауданы әкімдігі хабарлады. Аты-жөнін атамауды өтінген көлік жүргізушілері де наразылық акциясының аяқталғанын растады. Олардың сөзінше, әзірге талаптары орындалмаған, жалақы жайы екі айдан соң жаңа келісімшарт жасар кезде қайта талқыланады.

1 қарашада жұмысшылары наразылық білдерген алты компанияның бірі - "СНПС-Ақтөбемұнайгаздың" қосалқы мердігері "Western hope trade" серіктестігі. Серіктестік директоры Ханзада Есқалиев өзі басшылыққа келген алты жыл көлемінде жалақы көбеймегенін айтады. Компания "СНПС-Ақтөбемұнайгазға" көлік қызметін көрсететін бас мердігер "СНПС-АТК" серіктестігінің тапсырысымен жұмыс істейді. Ханзада Есқалиевтің сөзінше, "Western hope trade" компаниясындағы орташа жалақы - 200 мың теңге.

- Наразы топпен уақытша мәмілеге келдік. Осыдан кейін олар жұмыстарына қайта кірісті. Мәселенің шешілмегені де рас. Жылдың аяқталуына екі ай қалды. Жаңа жылда жаңа келісім-шарт жасайтын кезде бұл мәселеге қайта ораламыз. Әзірге бізге тапсырыс беруші мердігер "СНПС-АТК" компаниясымен келіссөз жүргізіп жатырмыз, - дейді "Western hope trade" серіктестігінің директор Ханзада Есқалиев.

Дүйсенбі күні Кеңқияқ пен Жаңажолда жұмысшылар наразылығы басталғанда Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясы Темір ауданына арнайы комиссия жіберілгенін хабарлаған еді. Инспекция басшысының орынбасары Талғат Есқарин арнайы комиссияның бүгін, 2 қарашада Ақтөбеге қайта оралғанын айтады. Есқариннің сөзінше, қосалқы компанияға жеке көлігін жалға берушілердің яғни, қызмет көрсетушілердің наразылығы келісім-шартқа сай Азаматтық кодекспен реттеледі. Сондықтан инспекция "Кеңқияқ пен Жаңажолда еңбек қатынастары бұзылмаған" деп санайды.

1 қарашада Ақтөбе облысындағы Кеңқияқ, Жаңажол мұнай кеніштеріне көлік қызметін көрсететін алты компанияның жүз шақты жүргізушісі наразылық білдіріп, жұмысқа шықпай қойған еді. Олар жалақының аздығына наразы болған.

Наразылық акциясына қатысушы жеке көлік иелері "Western hope trade", "АктобеТрансСервис АТС", "Pride Group Aktobe", "Актобе Транс Групп" серіктестіктері мен жеке кәсіпкер "Шевченко Е.Н.", "Табынмен" келісім жасасқан. Аталған компаниялар "СНПС-Ақтөбемұнайгазға" көлік қызметін көрсететін бас мердігер "СНПС-АТК" серіктестігінің тапсырысымен жұмыс істейтін қосалқы мердігерлер.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG