Түркістан облысының полиция департаменті Сарыағашта "кәмелетке толмаған қыздың зорлануына" байланысты мәлімдеме таратты. Бір күн бұрын жергілікті телеарналар "17 ер адам зорлады" деп шағымданған 17 жастағы қыздың туыстарының шағымын полиция тіркегенмен "сараптама жүргізбей отырғаны жөнінде" хабар таратқан.
"Ол әйел [қыздың анасы - ред.] 17 жастағы қызының жоғалғанын айтып, алғаш рет полицияға 25 мамырда жүгінген. Аталған фактіні 125-бап (Адам ұрлау) бойынша тіркедік. Ол кезде қызды полицейлер іздеп, бір күн ішінде ата-анасына қайтарған. Бір аптадан соң, 31 мамырда әйел тағы да өтініш түсіріп, күдіктілерге қатысты қылмыстық істі тоқтату жөнінде нотариустың қолы бар арызын әкеліп тапсырды. Әйелдің өзі шағымнан бас тартқанын қайталап айтамын. 10 маусымда әйел полицияға қайтадан хабарласты. Бұл жолы ол қызы жоғалған кезде оны 17 ер адам зорлағанын мәлімдеді. Хабарланған қылмыстың ауырлығын ескере отырып, полиция бұл хабарламаны Қылмыстық кодекстің 120-бап, 3-бөлігі бойынша тіркеді. Сараптама тағайындалды" деді облыстық полиция департаментінің бастығы Қайрат Дәлбеков Facebook парақшасында.
Оның айтуынша, жәбірленушінің анасы қызының киімін өртеп жібергендіктен сот-медициналық сараптама орталығы зорлаудың болғанын-болмағанын анықтай алмаған.
"Анасы өз қолымен қызының киімдерін өртеп жібергенін мойындаған. Соған орай сарапшылар сараптама жүргізе алмады. Сонымен бірге әйел күдіктілерден 8 миллион теңге алғанын да хабарлаған. Қылмыстық істі тергеу кезінде күдіктілердің кінәсі тек сараптама нәтижесіне негізделіп құрылады. Қазір аталған іс Түркістан облысының полиция департаментінің өндірісінде. Кешенді сараптама тағайындалды. Нәтижесі бойынша заңды процессуалдық шешім қабылданады деді ол.
17 жастағы қыздың сөзіне қарағанда, биыл көктемде ол үйіне жеткізіп қоямын деген танысының көлігіне отырған. Қыз өзіне ұсынылған суды ішкеннен кейін есін білмей, өзен маңында жалаңаш күйде оянған. Ол өзін 17 ер адамның бір-бірін телефон арқылы шақырып, зорлағанын айтқан. "Олар мені өлтіріп, суға тастайтынын айтып қорқытты" дейді жәбірленуші "Астана" телеарнасына берген сұхбатында.
Қыз ақпарат құралдарына сол оқиғадан кейін алты рет өзіне қол жұмсағысы келгенін айтқан. Анасы қорқынышты оқиғаны еске түсірмесін деп киімдерді өртеп жібергенін айтқан.
Полицияның айтуынша, қазір тергеу амалдары жалғасып жатыр.
ПІКІРЛЕР