Accessibility links

Ресей ІІМ: Түркімен белсендісі "өз еркімен" еліне оралды


Азат Исаков.
Азат Исаков.

Ресей ішкі істер министрлігі (ІІМ) 20 қазаннан бері хабарсыз кеткен түркімен оппозициялық белсенді Азат Исаковтың қайда екенін хабарлады. Бұл туралы 10 қарашада "Түркіменстан хроникасы" басылымы жазды.

Мекеменің Шұғыл тергеу істерін ұйымдастыру басқармасы жетекшісінің орынбасары Михаил Карпуниннің атынан жазылған ресми жауапта белсенді 22 қазанда Мәскеудегі Домодедово әуежайынан Түркіменстанның Түркіменабад қаласына ұшып кеткені айтылған.

Карпунин белсендіні табу үшін Түркіменстанның құқық қорғау органдарына хабарласуды ұсынған.

Ресми жауапта Исаковтың Ресейден кетуі депортация емес екені айтылып, ол елден "өз еркімен" ұшып кеткені жазылған. Қазір Ресейден Түркіменстанға тұрақты рейс ұшпайды. 2020 жылдың наурыз айынан бері пандемияға байланысты тоқтап қалған.

"Түркіменстан хроникасы" атап өткендей, Исаков отанына депортацияланса, оны Адам құқықтары жөніндегі Еуропа сотының шешімімен тоқтатып қоюы мүмкін.

Ресейде тұрып жатқан оппозициялық белсенді Азат Исаков 20 қазанда Мәскеу түбінде жоғалып кеткен.

2 қарашада "Түркіменстан хроникасы" басылымы "Түркіменстан, біргеміз" атты оппозициялық топтың лидері Чемен Ореге сілтеме жасап, белсендінің ешкіммен байланысқа шықпай жатқанын хабарлаған.

Ақпаратқа қарағанда, Исаков соңғы рет Чемен Оремен байланысып, "Полиция келді, Мен жасырынып қалдым. Тапса, алып кетеді" деген смс жөнелткен. Ол содан кейін телефон қоңырауына жауап бермеген.

Соңғы айларда шетелде тұрып жатқан түркімен белсенділері мен оппозиция мүшелеріне қарсы қысым күшейіп жатыр. Олардың көбі қамалып, Түркіменстанға депортациялануы мүмкін деген қауіп бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG