Accessibility links

Энергетика министрі Түркістан мен Жамбыл облыстарында жарықтың сөнуін боранмен байланыстырды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев Түркістан мен Жамбыл облыстарында жарықтың сөнуін боранмен байланыстырды. 17 қарашада Жамбыл облысында қатты боран соғып, соның салдарынан кейбір аумақта үйлердің шатыры ұшып, инфрақұрылымдық жабдықтардың бүлінгені хабарланған. Түркістан облысында да қатты боран болып, адамдардың жолда қалғаны айтылды.

"Кеше (17 қараша) Түркістан мен Жамбыл облыстарында қатты дауыл болып, бірнеше линия құлап, жұрт жарықсыз қалды. Қазір 300-ге жуық адам жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр" деді 18 қарашада сенат отырысынан шыққаннан кейін журналистер сұрағына жауап берген министр.

Tengrinews сайтының жазуынша, Шымкентте кешегі боранның салдарынан әлі мыңдаған тұрғын жарықсыз отыр.

Қазақстанда кейінгі кезде электр энергиясы тапшылығы және жарықтың сөнуі жайлы ақпараттар жиіледі. Бұған дейін Алматы, Түркістан, Қызылорда, Шығыс Қазақстан облыстарында, Шымкент және Алматы қаласының түрлі аудандарында тұрғындар жарық сөнгенін хабарлаған.

Қазақстандағы электр энергиясының негізгі тасымалдаушысы KEGOC ұлттық компаниясы осыған дейін елде жарықтың сөне беруін электр станцияларындағы энергия қондырғыларының едәуір бөлігінің дұрыс жұмыс істемей тұрғанымен және жоспардан тыс жөндеумен, электр энергиясын тұтынудың қатты өсуімен байланыстырған.

Энергетика министрінің айтуынша, ГРЭС-тердегі бірнеше энергоблоктарының іске қосылуы (Жамбыл ГРЭС-інің үшінші және төртінші энергоблогының іске қосылуы, Екібастұз ГРЭС-інде жөндеу жұмыстарының аяқталуы т.с.с) қыс кезінде үзіліссіз тоқпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бұған дейін Энергетика министрлігі тәуліктің электр энергиясын көп пайдаланатын бөлігінде майнингпен айналысатын компанияларды тоқтан ажырататынын айтты. Билік те, тасымалдаушы оператор да елдегі электр қуаты тапшылығының бір себебін криптовалюта өндірісімен айналысатын майнерлердің күрт көбеюімен байланыстырған еді.

Ресми ақпарат бойынша, жыл басынан бері Қазақстанда көмір электр станциялары – 66,9 млрд кВт (69%), газ электр станциялары – 18,9 млрд кВт (19,5%), гидроэлектр станциялары – 7,4 млрд кВт (8%), жасыл энергия көздері – 3,6 млрд кВт (3,5%) қуат өндірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG