Accessibility links

Шымкент пен Ақтөбеде полиция "митинг орнын" бақылауға алды, кемінде бір адам ұсталды


Азаттық тілшісі полицияның мына газельге бір адамды ұстап отырғызғанын көрді. Тілші жеткенше полиция көлігі жүріп кетті. Ақтөбе, 20 қараша 2021 жыл.
Азаттық тілшісі полицияның мына газельге бір адамды ұстап отырғызғанын көрді. Тілші жеткенше полиция көлігі жүріп кетті. Ақтөбе, 20 қараша 2021 жыл.

20 қарашада Шымкент пен Ақтөбеде "оппозиция митингісі өтеді" деген орындарды полиция бақылауға алып, күзетті күшейтті. Азаттық тілшісі Ақтөбеде полицияның бір адамды ұстап әкеткенін көрді.

Оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов Шымкентте "митинг орны" ретінде Арбат маңын белгілеген. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, сенбі күні Байтұрсынов пен Республика көшелерінің қиылысында, Қызғалдақ су бұрқағы, Арбат, Шымкент Плаза маңына көп полиция көліктері қойылды. Аумақта полиция киімін киген ондаған адам жүрді. Жәй киімдегі адамдар да болды. Арбат маңында әрбір 15-20 метр сайын полицейлер тұрды. Дегенмен наразылар байқалмады.

Сенбі күні Ақтөбеде де қала әкімдігінің алдында полиция күзеті күшейтілді. Азаттық тілшісі әкімдік пен Тахауи Ахтанов атындағы драма театр арасында полицияның бір адамды автозакқа отырғызып, ұстап әкеткенін көрді. Тілші жүгіріп жеткенше полиция көлігі жүріп кетті.

Әкімдік ғимараты маңында бірнеше автобус, полиция, өрт сөндіруші көлігі тұрды. Құқық қорғау органдары "күмәнді көрінген адамдардың" құжаттарын тексеріп, сұрады.

"Митинг орны" ретінде белгіленген қала әкімдігінің айналасы. Полиция көлігінен бөлек, анадайда жедел жәрдем көлігі мен автобус тұрғаны көрінеді. 20 қараша 2021 жыл.
"Митинг орны" ретінде белгіленген қала әкімдігінің айналасы. Полиция көлігінен бөлек, анадайда жедел жәрдем көлігі мен автобус тұрғаны көрінеді. 20 қараша 2021 жыл.

Полиция ұсталған адамға қатысты әзірге ресми ақпарат таратпады.

Журналист Махамбет Әбжан телеграм-арнасында астанада Кенесары хан ескерткіші маңында бір белсендінің ұсталғанын жазды. Ақпарат анықталып жатыр.

Бұған дейін қуғындағы бизнесмен, қазір Еуропада тұратын Мұхтар Әблязов өзі жетекшілік ететін "Қазақстан демократиялық таңдауы" қозғалысына әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы үндеу тастап, саяси тұтқындарды босату, жалақы мен зейнетақыны екі есе көбейту, шетелден әкелетін көліктерден утилизациялық алымды алып тастау туралы талап қойып, 20 қарашада Қазақстанда жаппай митингіге шығуға шақырған.

Қазақстан соты бұл ұйымды "экстремистік ұйым" деп санап, жұмысына тыйым салған, алайда Еуропарламент ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық ұйым" деп таныған.

Сенбі күні Алматы мен астанада "митинг орындарында" күзет күшейді, бірақ ешқандай белсенділік байқалмады.

Бұл жолы да митинг қарсаңында және митинг өтеді деген күні Қазақстанның түрлі аймағында белсенділер "полиция қысымына" шағымданды. 20 қарашада таңертең Алматыда белсенді Бибігүл Жоламанова мен Айман Кохаеваның үйінен шыға берісте ұсталғаны хабарланды. Шымкенттік белсенді Ләззат Досмамбетова Азаттық тілшісіне таңертеңнен бері үйінің айналасын белгісіз біреулер торуылдап жүргенін айтты. Оның алдында пробация қызметінің өкілдері келіп, "митингіге шықпа" деп ескертіп кеткен.

Барған сайын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов шақырған митингілерге жиналатындар саны сиреп барады. Кейбір бақылаушылар оның себебін елде 405-баппен ("тыйым салынған ұйым ісіне араласу немесе қатысу", нақты жағдайда ҚДТ мен "Көше партиясы" ) айыпталып, бостандығы шектелген немесе түрмеге жіберілген белсенділердің көбеюімен және саяси қудалаумен, митинг алдындағы "алдын алу шараларымен" байланыстырады. Елде құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" деп таныған 12 адам түрмеде отыр. Олардың басым бөлігі "ҚДТ мен Көше партиясына" қатысты айыпталып, сотталған.

Билік елде саяси қудалау барын мойындамайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG