Accessibility links

Мәскеу соты Google мен Facebook-қа миллиардтаған рубль айыппұл салды


Мәскеу соты Facebook-тің иесі - Meta компаниясына Ресейде тыйым салынған ақпаратты алып тастамағаны үшін 1,9 млрд рубль (26 млн доллар) айыппұл салды. Бұл жөнінде Азаттықтың Орыс қызметі хабарлады.

Бұл шешім шыққанға дейін Meta-ның жалпы айыппұлдарының көлемі 106 млн рубльдей болған.

Судья салық қызметіндегі мәліметке сүйеніп, Meta-ның Ресейде тапқан бір жылдық табысын есептей отырып, айыппұл көлемін анықтаған.

Бұған қоса сот Ресейде тыйым салынған ақпаратты жоймағаны үшін Google-ға да 7,2 миллиард рубль (98 миллион доллар) айыппұл салды.

Корпорация заң талабымен алынып тасталуы тиіс ақпаратты жоймай, қайталап құқық бұзғаны үшін кінәлі деп танылды. Бұл бап бойынша айыпты деп танылған заңды тұлғаға бір жыл бұрынғы табысының 5-10 пайызы көлемінде айыппұл салу көзделген. Google-дың мәліметі бойынша, 2020 жылы корпорацияның Ресейдегі өкілдігінің айналымдағы қаражаты 85 миллиард рубльден асқан.

Сот интернет-бизнес өкілідерне алғаш рет "ақша айналымы негізіндегі айыппұл" әдісін қолданды, яғни айыппұл көлемі компанияның Ресейдегі айналымына қарай есептелді.

Ресей президенті Владимир Путин әлеуметтік медиа платформалары мен басқа да технология алыптарын елдің Интернет туралы заңдарын бұзып отыр деп айыптаған. Сонымен бірге Ресей билігі шетелдік компаниялардан ел аумағында кеңселерін ашып, ресейліктердің жеке мәліметтерін өз аумағында сақтауды талап етіп келеді.

Сарапшылардың айтуынша, бұл айыппұл – Ресей өкіметінің Интернетке бақылауды күшейтіп, бөтен пікірді басып тастауға бағытталған әрекеттердің бірі.

Елде әлеуметтік желі компанияларына бұрын да заң бұзғаны үшін қомақты айыппұл салынған.

Дегенмен бұған дейін Meta, Twitter, Google және басқа шетелдік технология алпауыттарына салынған айыппұл көлемі миллиард емес, ондаған миллион рубль көлемінде болып келген еді.

Google сот құжаттарын саралаған соң келесі қадамын ойластыратынын айтты.

XS
SM
MD
LG