Accessibility links

"Единая Россияның" жеңісі, технология алпауыттарының Кремльге бағынуы. Дума сайлауынан кейінгі бес түйін


Құқық қорғау органы қызметкерлері сайлау күні Мәскеудегі No 144 сайлау учаскесін тексеріп жүр.
Құқық қорғау органы қызметкерлері сайлау күні Мәскеудегі No 144 сайлау учаскесін тексеріп жүр.

Ресейдегі сайлау науқаны лас әрі жартылай жабық өтті. Оппозицияны сайлауға қатыстырмады десе болады, биліктің қарсыластарын қудалау тоқтаған жоқ. Ресей мемлекеттік думасына сайлау қорытындысы бойынша тұжырым жасап, оның ел болашағына әсерін сараладық.

Үш күн қатарынан өткен дума сайлауында бұрмалау мен дауыс ұрлау туралы көп айтылды. Кремль қолдауына сүйенетін "Единая Россия" партиясы 20 қыркүйекте парламенттің төменгі палатасындағы орындардың үштен бірін иеленуге жақын екенін мәлімдеді. Партия бас кеңесінің хатшысы Андрей Турчак "Единая Россия" партиялық тізім бойынша 120 орын, бірмандатты округтер бойынша 195 орын иеленуден үмітті екенін айтты, бұл олардың думадағы 450 орынның 315-іне бақылау жасауына мүмкіндік береді.

Бюллетеньдердің 99 пайыздайы саналғаннан кейін орталық сайлау комиссиясы президент Владимир Путиннің "Единая Россия" партиясы партиялық тізім бойынша 50 пайыздай дауыс жинағанын хабарлады.

2016 жылы партия 54 пайыз дауыс жинаған. 20 жылға жуық уақыт ішінде билік партиясының рейтингі бұрын-соңды бұлай қатты құлдырамаған.

Сайлау қарсаңында елдегі саяси алаң толық тазартылды: оппозициялық және тәуелсіз деген кандидаттардың барлығы ығыстырылды. Ең беделді деген халықаралық бақылаушы топ – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының арнайы миссиясы сайлауды бақылаған жоқ.

Жұрт сайлаудағы бұрмалауды сөз етіп жатқанда Азаттық бұл саяси науқан бойынша бірнеше тұжырым жасады.

Ресей президенті Владимир Путин
Ресей президенті Владимир Путин

ЖЕҢІМПАЗДАР

Путин қолдайтын "Единая Россия" партиясы сайлау қарсаңында қиын жағдайға тап болды.

Соңғы бірнеше ай бойы партия рейтингі қатты құлдырады. Оған бір себеп – жемқорлықпен күресіп жүрген саясаткер Алексей Навальный жариялаған әшкерелеуші материалдар. Бірақ Навальныйдың өзі түрмеге қамалып, жақтастары қудалауға ұшырады. Осыдан оншақты жыл бұрын ол енгізген "алаяқтар мен ұрылар партиясы" деген тіркес ел аузында жүр.

Билік Навальный бастаған қозғалысты және жалпы оппозицияны тұншықтырып, ең күшті бәсекелестерін додаға жібермеді. Содан да болар, "Единая Россия" думадағы көпшілік орынды сақтап қалмақ.

Осының арқасында бұл додадан Путин де жеңімпаз болып шықты. Былтыр ол Конституцияны өзгерту сияқты кереғар ұсыныстарды жариялағанда парламенттің көмегіне сүйенген. Сол өзгерістің арқасында ол президенттік мерзімін "нөлден бастап", билікте 2036 жылға дейін қалу мүмкіндігіне ие болды.

Осындай конституциялық өзгерістерді іске асыру үшін Путин парламенттегі орындардың басым бөлігін бақылауы тиіс болады. Алдын ала мәлімет бойынша, билік партиясы діттеген мақсатына жететін тәрізді.

Оппозициялық саясаткер Алексей Навальный
Оппозициялық саясаткер Алексей Навальный

ЖЕҢІЛГЕНДЕР

Бұл науқан оппозиция үшін қиын болды. Бүкіл ел аумағында оппозиция белсенділері мен жақтастары жаппай қудаланып, ұсталып жатты.

Навальный қаңтардан бері түрмеде отыр. Билік маусым айында ол басқаратын ұйымды "экстремистік" деп таныған соң оппозиционердің жақын көмекшілерінің барлығы шетелге қашып кетті.

Сарапшылардың айтуынша, биліктің оппозиция белсенділері мен сыншыларға шүйлігуіне сайлау науқанының таяп қалғаны себеп болды.

Мұның алдындағы сайлауларда оппозициялық топтар бүкіл ел аумағында кандидаттарын ұсынып келген. Олардың көбі түрлі кедергіге ұшырап, үгіт-насихат жүргізе алмай жататын.

Бұл жолы додаға тәуелсіз кандидаттардан өте аз адам қатыстырылды.

Сайлау қарсаңында Навальныйдың блогында оның жақтастарына арнап үндеу жарияланды. "Единая Россия" тағы бес жыл билікте қалғысы келеді. Ол ойы орындалса, елді бес жыл кедейлік, күн сайынғы қуғын-сүргін, босқа өткен бес жыл күтіп тұр" деп жазды оппозиция өкілдері.

"Единая Россия" жеңісін бекітудің аз-ақ алдында тұр, ел аумағында қандай да бір ірі наразылықтың нышаны байқалмайды, ал бұл билікке ықпал ету үшін көшеде белсенділік танытатын оппозицияға еш жақсылық әкелмейтін сияқты.

Навальный тұтқындалған қаңтардағыдай, болмаса 2011-2012 жылдардағы нәтижесі күмәнді сайлау кезіндегідей ондаған мың адам жиналған наразылық шеруі бола қоюы неғайбыл тәрізді.

Билік партиясы жеңісін тойлауға дайындалып жатыр, ал оппозицияның оған қарсылық білдіру бойынша еш идеясы жоқ сияқты.

"АҚЫЛМЕН ДАУЫС БЕРУ" ЖҮЙЕСІ НЕГЕ ІСТЕМЕДІ?

Оппозиция сайлау нәтижесіне ықпал ету үшін "Ақылмен дауыс беру" жүйесіне үлкен үміт артқан. Белсенділер Навальный жақтастарын әр округте "Единая Россия" кандидатын жеңуі ықтимал деген адамдарға дауыс беруге шақырды.

"Ақылмен дауыс беру" деген не? Кремль мен "Единая Россия" одан неге шошиды?
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:23 0:00

Былтыр "Ақылмен дауыс беру" идеясы электрондық пошта мен әлеуметтік желі арқылы және ауызба-ауыз таратылған. Биыл Навальный командасы жоғары технологиялық мобильді қосымшаға үміт артқан.

Алайда 17 қыркүйекте Apple мен Google Кремльдің қысымымен дүкендерінен ол қосымшаны алып тастады, ал Google-ға тиесілі YouTube хостингі осы стратегияны түсіндіретін маңызды видеоны өшірді. Google болса, Google Doc-тағы "Ақылмен дауыс беру" құжатын ашу мүмкіндігін шектеді. Хат-хабар алмасуға арналған Telegram қосымшасы да осылай істеді.

Twitter-дегі хабарламасында Навальныйдың көмекшісі Иван Жданов Американың технология компанияларының әрекетін "масқара саяси цензура" деп сынады.

Қатты қысымға ұшыраған оппозиция елдегі әділетсіздікті көрсетіп, идеяларын таныстыру үшін YouTube және басқа да шетелдік платформаларға арқа сүйеп келген және оларға биліктің құрығы жетпейтін. Олардың мұндай шектеу қоюы оппозиция үшін ауыр соққы болды дейді сарапшылар.

Apple мен Google мұндай шешім шығарғалы оларды сынаушы көбейді. Компаниялар өкілдері бұл әрекетінің себебін түсіндірді. Ресей билігі компанияның елдегі қызметкерлеріне қысымды күшейіп, қылмыстық жолмен қудалаймыз деп қорқытқан.

АШЫҚ БҰРМАЛАУ

Он жыл бұрын дума сайлауы нәтижесі жаппай бұрмаланды деген әңгіме шыққанда Мәскеуде ондаған мың адам қатысқан демонстрация өткен. Наразылық шерулерінің арқасында Навальный дүйім жұртқа танылған.

Көршілес Беларусьте былтыр тамызда анық байқалған бұрмалаудың соңы диктатор Александр Лукашенконы биліктен тайдыруға шақ қалған жаппай шеруге ұласқан.

Кремль бұл сценарийлердің қайталанғанын қаламады.

Сайлау қарсаңында сарапшылардың көбі билік сайлау күні көзге көрінетін бұрмалау көп болмауына бар күшін салады деп болжады. Яғни оппозиция кандидаттары сайлауға жіберілмей, Навальный ұсынған қосымша жұмыс істемей қалғандықтан, нәтижені бұрмалаудың қажеті де болмай қалады деген тұжырым болған.

Бірақ олай болмады.

Үш күн сайлау кезінде әлеуметтік желіде Ресейдің әр түкпірінде жәшікке топтап бюллетень салып жатқан видеолар көп тарады.

Бұл әрекет "Единая Россияға" жеңіс әперу үшін жасалды ма, әлде Ресейде сайлау өткізу кезінде үнемі болатын басқа мәселелер қайталанды ма, оны анықтау қиын.

Ресейдегі сайлауды бақылаумен айналысып келген жетекші тәуелсіз ұйым – "Голос" "шетелдік агент" деп танылған соң бұл сұраққа жауап табу тіпті мүмкін емес болып қалды.

Сайлау комиссиясы мүшелері жәшікті төгіп, бюллетеньдерді санап жатыр. Владивосток, Ресей. 17 қыркүйек, 2021 жыл.
Сайлау комиссиясы мүшелері жәшікті төгіп, бюллетеньдерді санап жатыр. Владивосток, Ресей. 17 қыркүйек, 2021 жыл.

БҰЛ 2024 ЖЫЛҒА ДАЙЫНДЫҚ ПА?

"Единая Россияның" қазіргі басты мақсаты – думада орындардың көбін иелену. Алайда Путиннің қазіргі президенттік мерзімі аяқталатын 2024 жыл Кремль үшін ең басты сынақ болмақ.

Алайда Путин келесі сайлауға түсе ме, жоқ па, әлі белгісіз. Путиннің қайта додаға түсуіне жол ашып берген де "единоростар" көп отырған дума болатын.

Келесі сайлауда Путин 71 жасқа келеді. Ол билікте 2000 жылдан бері отыр (2008-2012 жылдары ол премьер-министр қызметін атқарды).

Сауалнамаларға көз салсақ, соңғы жеті жыл көлемінде Путинді қолдайтындар саны бір қалыпта болған. Алайда алдағы екі жылда оның рейтингі құлдырап кетсе, Путинге жеңіс әперу үшін Кремльдегі саяси технологтардың көп тер төгуіне тура келеді.

Тағы бір вариант: Путин президенттікті тапсырып, одан да жоғары әлдебір лауазымға отырады, билік тізгіні бәрінің оның қолында қалады. Бірақ бұл нұсқаны жүзеге асыру үшін Конституцияға өзгеріс енгізу керек, ол үшін сөзге келмей қолдайтын дума қажет. Оның үстіне орнына мұрагер таңдау да оңай шаруа емес.

Осы сайлауда сынақтан өткен элетронды сайлау жүйесі нәтижені бұрмалауға көп мүмкіндік береді деп сынға ұшырады. Алайда, билік одан бас тартпайтын тәрізді. Яғни, 2024 жылғы сайлауда элекронды дауыс беру – билік арсеналындағы тағы бір құрал болуы ықтимал.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG