Accessibility links

Қадыровтың қызы "Адам құқығын қорғағаны үшін" марапатталды

Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың қызы Айшат Қадырова.
Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың қызы Айшат Қадырова.

Шешенстан Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Нурди Нухажиев АҚШ санкциясына ілінген Шешенстан басшысының 22 жастағы қызы Айшат Қадырованы "Адам құқығын қорғағаны үшін" медалімен марапаттады. Медаль тапсыру кезінде Қадырованың "азаматтардың конституциялық құқықтары мен мүдделерін қорғауға үлкен үлес қосқаны" айтылды. Бұл жөнінде Шешестан Адам құқықтары жөніндегі уәкіл аппараты жанынан құрылған қоғамдық комиссия хабарламасында айтылады.

Былтыр күзде Айшат Қадырова республика мәдениет вице-министрі болып тағайындалған. 2020 жылы наурыз айында "Шешен республикасына сіңірген еңбегі үшін" медалімен марапатталды.

АҚШ мемлекеттік департаменті 2020 жылы жазда республика басшысы Рамзан Қадыровқа салынған санкцияға Айшат Қадырованы да кіргізген. Вашингтон оны Шешенстандағы адам құқықтарының өрескел бұзылуына кінәлі деп санайды.

2017 жылы желтоқсанда АҚШ қаржы министрлігі Шешенстан басшысын "Магнитский тізіміне" енгізген. Ведомство оны сотсыз дарға асу, азаптау және өзге де адам құқықтарын бұзу жайттарына кінәлі деп таныған.

Рамзан Қадыровтың жақындары Шешенстанда түрлі медаль, наградалармен жиі марапатталады. Оның анасы Аймани Қадырова осыған дейін "Жол қауіпсіздігі мемлекеттік инспекциясында үздік қызмет атқарғаны үшін" марапатталған. Ол "Қадыров орденінің" кавалері, Ахмат қажы Қадыровтың құрметіне арналған медаль және "Ұлт мақтанышы" дипломының иегері. ​

Желтоқсанда Қадыров 21 жастағы қызы – Грозный қалалық мектепке дейінгі білім беру департаментінің жетекшісі Хадижат Қадырованы "Шешен республикасына сіңірген еңбегі үшін" медалімен марапаттау туралы жарлыққа қол қойған.

XS
SM
MD
LG