Accessibility links

Желге ұшқан миллиардтар. 2021 жылы үкімет қандай жобаларға қаржы жұмсады?


Кейінгі үш жылда мемлекет Түркістан қаласына 1,5 триллион теңге бөлген. Қаржы қалаға турист тартуды көздейтін жобаларға жұмсалғаны айтылды. Соның бірі осы суреттегі "Керуен сарай" кешені 2021 жылы 87 миллиард теңгеге салынған.
Кейінгі үш жылда мемлекет Түркістан қаласына 1,5 триллион теңге бөлген. Қаржы қалаға турист тартуды көздейтін жобаларға жұмсалғаны айтылды. Соның бірі осы суреттегі "Керуен сарай" кешені 2021 жылы 87 миллиард теңгеге салынған.

2021 жылдың басында Қазақстан үкіметі бір жылда мемлекет 12,6 триллион теңге табыс тауып, әдеттегідей бұдан әлдеқайда көп – 15,3 триллион теңге ақша жұмсайтынын хабарлаған. 2,7 триллион теңге бюджет тапшылығы аса қорқатындай емес болып көрінсе де, Қазақстан 12,6 триллион теңге табыс таба алмасы анық. Өйткені үкімет бұл соманың 4,5 триллионын мұнайдан түскен табыстан құралған ұлттық қордан алған. Ұлттық қор 2009 жылы "голланд ауруынан" сақтайтын, өскелең ұрпаққа арналған қор ретінде құрылған, бірақ үкімет жыл сайын осы қордан қомақты қаржы алуды әдетке айналдырып алған. Бұл қаржы көбіне ақылға қонбайтын дүниелерге жұмсалады. Азаттық бюджет тапшылығы тұсында болған ірі шығындарды шолып шықты.

СӘН-САЛТАНАТҚА ҚҰМАР ШЕНЕУНІКТЕР

Мәдениет сарайы – 9,5 миллиард теңге

Аумағы 20 мың шаршы метр, ампир стиліндегі мәдениет сарайы, 360 градусқа айналатын сахна, 400 шаршы метрлік оркестр орны. Мұның бәрі әдемі естілгенімен, өте қымбат тұрады. Оралда осындай сарай салуға 9,5 миллиард теңге жұмсалған. Қаржыны бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында "Қарашығанақ петролеум оперейтинг" компаниясы бөлген. Бұл ақшаның қалай жұмсалатынын мұнай өндіруші кәсіпорын шешпейді. Шығынды жоспарлап, қажет нысандар салуға Батыс Қазақстан облысы әкімдігі тапсырыс береді. Шенеуніктер осы жолы 300 мың тұрғыны бар қалаға құны 9,5 млрд теңге болатын мәдениет сарайы керек деп шешкен.

Ғимаратты жылытудың өзіне қала бюджетінен ай сайын 2,5 миллион теңге бөлінеді.

Қала халқының көбі мәдениет сарайын салуға тапсырма берген адамдардың сән-салтанатқа неге сонша құмар екенін түсінбейді.

Орал қаласындағы мәдениет сарайы 9,5 миллиард теңгеге салынды. (KPO B.V. фотосы)
Орал қаласындағы мәдениет сарайы 9,5 миллиард теңгеге салынды. (KPO B.V. фотосы)

Конгресс-холл – 13,6 миллиард теңге

Шымкент қаласындағы әлі құрылысы аяқталмаған конгресс-холл да осы рейтингке кіреді. Нысан құрылысына жауапты BI Global компаниясымен келісімшарт 2021 жылы жазда жасалған.

Ұлу қабыршағы түрінде салынған, 2066 орындық көрермен залы, мың адам сыятын конференц бөлмелері бар, үшқабатты конгресс-холлға салық төлеушілерден жиналған 13,6 миллиард теңге жұмсалмақ. Құрылыс жұмыстары 2022 жылдың аяғында бітпекші.

Кей қазақстандықтар бюджет қаржысы оңды-солды жұмсалатынына қынжылады.

Әлеуметтік желі қолданушылардың бірі "Бүкіл ел, барлық өңір жиған-тергенін өз тұрғындарының аузынан жырып, Шымкентке берді. Осылай қала бюджетін 131 милиард теңгеден 483 милиард теңгеге дейін үш есеге өсірді. Ал қала әкімдігі 7 (!) ірі мектеп тұрғызуға жететін ақшаға конгресс-холл салған дұрыс деп ойлай ма? Шымкентте мектеп жетіспейтіні, биыл ондаған білім ошағында орын болмай, балаларды бірінші сыныпқа қабылдаудан бас тартқаны мәселе емес пе?" деп жазған.

Мемориалды кешен – 1 миллиард теңге

2021 жылғы наурызда Ордабасы аудандық құрылыс бөлімі Түркістан облысындағы Қажымұқан ауылдық округіне Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы мемориалды кешен салу туралы келісімшарт салған. Әкімдік мемориалды кешенмен қатар қонақ үй салу туралы шешім қабылдамаса, бұл нысанға байланысты көп сұрақ туындамас еді.

Әзірге қонақ үйді кім (әкімдік пе, жеке тұлға ма) басқаратыны белгісіз. Бірақ құрылыс бөлімі бұл мақсатқа 50 миллион теңге қарастырып қойған. Құрылысқа бұдан да аз ақша жұмсауға болар еді, бірақ шенеуніктер қонақ үйдің ішіне ерекше көңіл бөлуге тырысқан. Мысалы, сметаға сәйкес, бір ғана кофемашинаның өзі – 3,3 миллион теңге, ал проектор 6,7 миллион теңге тұрады. Қалғанының бәрі – қонақ үйге тән жиһаз бен ыдыс-аяқ: бар, кереует, шкаф, шырын сығуға, майға ас қуыруға арналған құрылғы, блендер, үстел және тағы басқа заттар.

Мемориалды кешенде спортзал болады. Оны құны 13 миллион теңге болатын жаттығу құралдарымен жабдықтамақ.

Мемориалды кешен құрамына осының бәрін қосудың не қажеті болғаны түсініксіз.

Түркістан

Кейінгі үш жылда қыруар қаржыға тұрғызылған Түркістан қаласының орны бөлек. Ресми дерек бойынша, мемлекет бұл қалаға 1,5 триллион теңге құйған.

Бұл қаржы Түркістанды туристер қызығатын қалаға айналдыратын жобаларға жұмсалған.

Олардың қатарына 2021 жылы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде 87 миллиард теңгеге салынған "Керуен сарай" кешені жатады. Кешен "Орталық Азиядағы ең ірі турист кешені" деп таныстырылған. Бірақ кейін қоғам сынына қалған.

Қазір Түркістанда "ең үлкен кітапхана" салынып жатыр. Нысанға жалпы қанша ақша жұмсалатыны белгісіз, бірақ құрылыстың алғашқы кезеңі 6,8 миллиард теңгеге түскен.

Түркістанда енді салынып жатқан, жоспарға енген нысандар өте көп. Үкімет Түркістанды "әлемдік деңгейдегі рухани орталыққа" айналдырғысы келеді. Сондықтан қала мен ондағы нысандар туралы айтылған сын пікірлерді ұната бермейді. Биыл Түркістандағы өзгерістер туралы жағымды материалдар дайындауға бюджеттен кем дегенде жеті миллион теңге бөлінген.

Бюджеттегі "күмәнді шығындарға" қалай тоқтау салуға болады?

Димаш Әлжанов, саясаттанушы:

– Қазақстандағы авторитар модель былай құрылған: бірінші президенттің қолына шоғырланған билік саяси адалдығы үшін мемлекеттік аппаратқа жемқорлық жасауға және бюжет қаржысын мақсатсыз жұмсауға мүмкіндік беру керек дегенді білдіреді.

Мұндай жағдайда шенеуніктер өзін басқаша ұстайды деп күтпей-ақ қой. Өйткені жүйе ішінде қаржының тиімсіз жұмсалуына жол бермейтін, бюджетті қоғамға есеп беретін елдердің үлгісі бойынша құратын бақылаушы институттар жоқ.

Бізде бюджетті атқарушы биліктің өзі құрады. Жүйе ішінде есеп беру механизмі жоқ.

Мұны өзгерту үшін салмақты саяси өзгерістер керек. Үкімет қоғамның сұранысына жауап беруі тиіс.

Көп қаржыға ескерткіш салудың артында не тұрғанын білу үшін зерттеу жүргізу керек. Бірақ осы тұста басқа бір мәселе туады: бізде жемқорлық фактісін анықтайтын тәуелсіз тергеу органдары, тәуелсіз прокуратура жоқ. Өйткені осының бәріне арқау болатын саяси негіз қалыптаспаған.

Қоғам рөлін қайта қарамай, есеп беру механизмдерін қалыптастырмай бұл жағдайды өзгерте алмаймыз.

АСА ҚЫМБАТ ЕСКЕРТКІШТЕР

Бюджетті бөлумен айналысатын тұлғалардың тағы бір осал тұсы – ескерткіштер.

Өскемендегі 959 миллион теңгеге тұрғызылған Тәуелсіздік монументі. Қазақстан үкіметі сайтындағы фото.
Өскемендегі 959 миллион теңгеге тұрғызылған Тәуелсіздік монументі. Қазақстан үкіметі сайтындағы фото.

Тәуелсіздік монументі – 959 миллион теңге

Монумент 11 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысы орталығы Өскемен қаласында ашылған. Ескерткіш төрт скульптура, барельеф пен бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзінен тұрады.

Монумент орнатуға 959 миллион теңге жұмсалған. Басында монумент биіктігі 30 метр болады деп айтылған, бірақ кейін 15,7 метрге дейін қысқарды.

Қала халқы тәуелсіздік монументіне бөркін аспанға атып қуанған жоқ. Тіпті, жаңа қойылған монумент қирап жатыр деген ақпарат тарады.

Бұл – 2021 жылы салынған, құны белгілі ескерткіштер арасындағы ең қымбат нысан.

Шілде айында Түркістан мен Нұр-Сұлтан қалаларында бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіштерін орнатуға қанша ақша жұмсалғаны белгісіз.

Абай ескерткіші – 129 миллион теңге

Желтоқсанда Атырау облысында қазақ ойшылы, ақын Абай Құнанбайұлының ескерткіші ашылуы керек еді. Биіктігі 5,2 метр болатын ескерткіш 129 миллион теңге деп бағаланған. Бірақ қазір облыс басшыларына қарсы қозғалған қылмыстық іс аясында мәдени ескерткішті жемқорлыққа қарсы күрес қызметі тексеріп жатыр. Тергеу болжамы бойынша, өңір басшылары байқауда ескерткіш жасау құқығын жеңіп алған компаниядан 4,5 миллион теңге пара алған.

Кезінде Нұрсұлтан Назарбаевты мақтап, халықтың есінде қалған Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова мен мәдениет, архив және құжат басқармасының бөлім басшысы Ақылбек Рысқалиев қазір пара алды деген күдікке ілінді.

Жемқорлыққа қарсы наразылық акциясына қатысушы азаматтар. Көрнекі сурет.
Жемқорлыққа қарсы наразылық акциясына қатысушы азаматтар. Көрнекі сурет.

Қазақстанда жыл сайын бірнеше жаңа ескерткіш ашылады. 2021 жылы Дина Нұрпейісова, Әл-Фараби, Мұқағали Мақатаев, Қаныш Сәтпаев, Қазыбек би, Салық Зиманов, Жұмабек Тәшенев және басқа да тұлғаларға ескерткіш орнатылды. Ескерткіш құны әртүрлі болғанымен, жалпы мұндай мәдени нысандарға едәуір ақша жұмсалды. Мысалы, Алматы облысы Қарасаз ауылындағы Мұқағали Мақатаевтың 7,5 метрлік ескерткіші 62 миллион теңгеге жуық қаржыға тұрғызылды.

Қала және ауыл тұрғындары ескерткіштерді қуана қабылдай бермейді. Павлодар облысы Баянауыл ауданы тұрғындары шенеуніктің Жасыбай және Олжабай батырларға ескерткіш қою жоспарына қарсы болған. Халық қос ескерткішке 1,5 миллиард теңге жұмсалатынын естіп, наразылық білдірген. Олар биліктен ескерткіштен гөрі бұл ақшаға кәріз жүйесін тартуды сұраған. Бірақ халықтың ол талабы ескерілмеді.

Күмәнді шығындар тізіміне ескерткіштер мен құрылысы қымбат нысандардан бөлек, басқа жобалар да кіреді. Мысалы, Алматы әкімдігі "ТикТок" желісінде ролик түсіру байқауына – 31 миллион, шетелдік блогерлерді шақыруға – 26 миллион, пластиктен жасалған қызғалдақ гүлзарына – 15 миллион, 10 күннен кейін сынып қалған әткеншекке 5,5 миллион теңге жұмсаған.

Материалдың орыс тіліндегі нұсқасын мына жерден оқи аласыз.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG