Accessibility links

"Мешкей Нұр-Сұлтан". Кенже қалған қалалардың ақшасын астана жұтып жатыр ма?


Нұр-Сұлтан қаласы.
Нұр-Сұлтан қаласы.

1997 жылы желтоқсанда Қазақстан астанасы Ақмолаға ауысты. Билік қала атауын әуелі Астана, кейін Нұр-Сұлтан деп өзгертті. Астананы ауыстыру идеясының авторы Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев еді. Содан бері астанаға Қазақстанның басқа қалаларынан ақша ағылып жатыр. Түптеп келгенде, қаржы сол қалалардың дамуына жұмсалуы тиіс еді. "Настоящее время" арнасы мәселені зерттеп көрді.

Қымбатқа түскен астана
please wait

No media source currently available

0:00 0:18:20 0:00

СЕМЕЙ ХАЛҚЫ ӨТЕМАҚЫДАН ҚАҒЫЛДЫ

Семей – қаржысын сыпырып-сиырып астанаға беретін қалалардың бірі. Бұл қала Қазақстанда ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлы мен ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының туған жері ретінде танылған. Бірақ Ресей шекарасынан 50 шақырым жерде орналасқан Семей қазір проблемаға белшеден батқан. Жергілікті және республикалық БАҚ қаладағы шұрық тесік жолдар, жүк тасымалдаушылар ереуілі, қоқыс шығару проблемасын жиі көтереді.

Семей маңында СССР кезінде ядролық қаруды сынақтан өткізген. Семей полигоны СССР-дағы ең ірі полигондардың бірі болды. Аумағы 18 мың шаршы километрге созылатын жерде 600-ден астам ядролық және термоядролық жарылыс жасалған. Әр жарылыстан соң аспан тіршілікке аса зиян әрі қауіпті шаң-тозаңға оранған. Оның радиоактивті әсерінен сол жерде тұратын миллиондаған адам зардап шегіп, Семей халқының денсаулығына зор нұқсан келген.

– Қалқанша без – аденома. Қуықасты безі – аденома. Өңеш – жарылып кеткен. Тіліп, қайта тігу керек, – деп Семей тұрғыны Владимир Сулима диагнозын тізіп шықты.

Семей ядролық полигонындағы сынақтарға қатысқан Сулиманың жиырмадан астам созылмалы ауруы бар. Соның бәрі иондаушы сәуленің әсерінен пайда болған.

Совет өкіметі алғаш рет атом бомбасын жер бетінде жарып, сынақ өкізген кезде Владимир Сулима оқушы болған. Ал 17 жасында ядролық полигонға жұмысқа тұрған. Владимир істеген № 113 экспедиция ұңғыма қазумен айналысқан. Сол шұңқырларға кейін жарылғыш заттар салынған. Әр ауысымда бұрғылауға 20 минут берген. Уақыт өткен соң бригаданы сол жерден алып кетіп отырған. 1968 жылғы күзде Владимир радиация шығып жатқанын білмей, сынақ алаңына барған.

– Жұмыста кідіріп қалдық, кеш келдік. Алаңға келіп, ештеңеге назар аудармастан, сол жерде қонып шықтық. Таңертең бізді дозиметрия қызметі тапты. Қалай тап болғанымызды сұрай бастады. Ұңғымадан зиянды заттар апатты мөлшерде бөлініп, алаң толығымен эвакуацияланған екен, – дейді Сулима.

Владимир бригадасына полигондағы жұмысқа қажет қорғаныш заттарын ешкім бермегенін айтады.

– Респиратор, қолғап, әскери қолғаптар. Жұмыс кезінде әскери форма берілетін, – дейді ол.

СССР кезінде Семей тұрғындарына радиацияның аса қауіпті екенін ешкім айтпаған. "Құпия" деп таңбаланған ақпараттың таралмауын жіті қадағалаған. Қаладағы адамдардың көбі онкология мен сәуле ауруларынан көз жұмған. Алайда оның себебі қайда жатқанын ешкім түсінбеген. Өмірінің біршама бөлігі мен денсаулығын полигонға сарп еткен Владимир Сулима қазір 170 доллар зейнетақыға күн көріп жатыр.

1992 жылы Қазақстан үкіметі "Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы" заң қабылдады. Құжатта 50 және 55 жаста зейнетке шығу, экологиялық төлем алу, санаторий-сауықтыру мекемелерінен тегін қызмет алу жайлы жазылған. Алайда бес жылдан соң заң күшін жойды. Сол кезде Семейде "Поколение" үкіметтік емес ұйымы құрылған. Оның мүшелері тарихи әділет орнатып, ядролық полигоннан зардап шеккендердің бәріне жеңілдіктер алуына қол жеткізуге тырысып жүр. Алайда әзірге ұйым өкілдерінің шенеуніктермен күресінен нәтиже жоқ.

– Мемлекет ақша төлеуге мүдделі емес: мұны шығын көреді. Бұл не үшін керек? Жерлей салған оңай ғой, – дейді Семей ядролық полигонында зардап шеккендердің бірі Әзиза Сабырханова. – Артық проблема туғызамыз. Мемлекет Семей полигонына қатысы барлар қашан өледі деп күтіп отырғандай көрінеді.

Семей тұрғындарының көбі ренішін жасырмайды: Қазақстан астанасы жылдан-жылға көркейіп, дамып жатыр, қала күніне арналған жарнама тақтасының өзіне билік жүздеген миллион теңге жұмсайды. Ал денсаулығына зақым келген Семей тұрғындары өтемақы ала алмай әлек. Тұрғындар тек полигонда жұмыс істегендерге өтемақы беруге ғана емес, Семей тұрғындарына көмектесуі мүмкін басқа да жобаларға қатысты реніш білдіреді.

"АҚША ЭКСПО-ға КЕТКЕН ШЫҒАР ДЕП ТОПШЫЛАДЫҚ"

Аутизмге шалдыққан 15 жастағы Данил зейнеткер әжесі Галинамен бірге тұрады. Галинаның сөзінше, қазақстандық танымал психолог Флюра Смашникова бірнеше жыл бұрын Семейде ерекше балаларға арналған оңалту орталығын салуды ұсынған. Жоба мемлекеттік органдармен толық келісілген, тек бюджеттен қаржы алып, құрылысты бастау ғана қалған.

– Алайда ақша сол күйі болмады. Астанада ЭКСПО орталығын сала бастады, ақша бір жаққа ғайып болды. Бізге уәдені үйіп-төкті, бірақ ештеңе істемеді. Ақша сонда кеткен шығар деп топшыладық, – дейді Галина Акимова.

Астанада халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесін ұйымдастырып, оны өткізуге үш миллиард доллардан астам қаржы кеткен. Жоба елге ерекше серпіліс беруі тиіс еді. Алайда шараға дайындық дау-жанжал, лауазымды адамдарды ұсталуымен қатар жүрді. Төрт жылдан соң ЭКСПО жоспары мен уәде етілген нәтиже қағаз жүзінде ғана қалғаны анық көрінді. Ал қаржыдан қағылған басқа өңірлер ауқымды болмаса да, маңызды жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігінен айырылды.

Қазақстанның басқа өңірлерінің бюджетіне астана кесірінен қаржы толық түспегенімен қоймай, Нұр-Сұлтан "сыйлық" та жиі алады. 2018 жылы Шығыс Қазақстан облысы астана күнінде Нұр-Сұлтанда үлкен фонтан салуға 940 миллион теңге жұмсаған. Фонтан 73 метр диаметрі бар дөңгелек пішінде салынған. Композиция ортасында суы буланып тұратын "Тайқазан" орналасқан.

Нұр-Сұлтандағы "Тайқазан". Әкімдік сайтынан алынған сурет.
Нұр-Сұлтандағы "Тайқазан". Әкімдік сайтынан алынған сурет.

2020 жылы Нұр-Сұлтан қаласы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Семейге сыйлық ретінде қаланың орталық жағалауын жөндеп беретінін мәлімдеді. Алайда, шенеуніктердің сөзі мен ісі бір-біріне сай келмеді. Кейінірек олар сыйлық болмайтынын, оған бюджетте ақша жоғын айтты.

"Әкімдік Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған іс-шараларды қолдайды және оның маңызды екенін біледі. Алайда экономикалық жағдайға және бюджет тапшылығына байланысты аталған жобаға қаржы бөлінбеген" деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН: ТОЗҒАН ҮЙЛЕР, АУЫЗ СУ ТАПШЫЛЫҒЫ

Петропавл – елдегі аграрлық өңірлердің бірі Солтүстік Қазақстан облысының әкімшілік орталығы. Қазақстандағы дәнді дақылдардың 25 пайызын, майлы дақылдардың үштен бірін осы облыс береді. Бірақ бүкіл облыстың бюджеті бір ғана Нұр-Сұлтан қаласыныкінен екі есе аз. Петропавлда әбден тозып, қаусаған тұрғын үй көп. Онда тұрып жатқан жұрт үй қабырғасы құласа, қашу оңай болуы үшін жарықты қосып ұйықтайтынын айтады.

Алайда Петропавл билігі құлауға шақ тұрған әлгі үйлердегі тұрғындарды басқа жерге көшіруге асықпайды. Жергілікті әкімдік жаңа тұрғын үй салуға қаржы тапшы дейді, ал тұрғынның өз күшімен үй сатып алуға шамасы жоқ.

Петропавлдағы тозығы жеткен тұрғын үйлердің бірі.
Петропавлдағы тозығы жеткен тұрғын үйлердің бірі.

– Әжетке жертөлеге барып жүрміз деуге болады. Мына екі қабатты үйлерде іріп-шіріп жатырмыз. Бәріміз – зейнеткерміз. Элеваторда, зауытта жұмыс істедік. 30-35 жыл жұмыс істеген адамдар қазір осындай жағдайда тұрып жатыр, – дейді Петропавлдағы апатты үйлердің бірінде тұратын Тамара Шевченко.

Солтүстік Қазақстан облысында Петропавлдан 10 километр жерде қазақстандықтар жақсы білетін Якорь ауылы бар. Бұл ауыл тұрғындары ауыз су мәселесін бірнеше тілде айта бастаған соң ауызға іліне бастады. 21 ғасырда ауыл тұрғындары тамақ әзірлеу үшін суды дүкеннен сатып алады. Ал бау-бақшаны суғару үшін жаңбыр суын жинайды. Жалпы, Қазақстанда бір миллионнан астам адам таза ауыз суға қол жеткізе алмай отыр.

Су арнасы мамандары Якорь ауылына су жеткізу үшін су құбырының 20 километрін ауыстыру керек дейді. Маусымда мұндай жұмыс 475 миллион теңгеге бағаланған. Қазір бұл баға он пайызға өсті. Якорь ауылдық округі әкімдігі жөндеу жұмыстары 2022 жылға жоспарланғанын айтады. Алайда тұрғындар оған сенбейді.

Әлбетте, Нұр-Сұлтан әкімдігі Қазақстанның басқа өңіріндегі мәселелердің шешілуіне жауап бермейді, қаржыны да тікелей алмайды. Алайда, "бір адамның" ұйғаруымен Қазақстанның негізгі саяси орталығына айналған қалада бюджеттің триллиондаған қаржысы шоғырланған. Нұр-Сұлтанның жылдық бюджеті бір триллион теңгеден асады. Көбіне астана бұл ақшаны күмәнді жобаларға жұмсайды.

Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің имиджін арттыруға жүздеген миллион теңге жұмсалады. Астаналық шенеуніктер қызмет көлігін немесе кеңсе жиһазын сатып алуға одан да көп ақша шығындайды. Биылдың өзінде Нұр-Сұлтан әкімдігі артық бағамен тауар сатып алуға екі миллион доллардан астам бюджет қаржысын жұмсаған. Бұл ақшаға Петропавлда жаңа үй салып, Семейде оңалту орталығын ашуға, ядролық полигонда зардап шеккендерге көмектесуге болар еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG