Accessibility links

Беларусьте Азаттық тілшісі Олег Груздиловичке айып тағылды


Олег Груздилович.
Олег Груздилович.

Азаттықтың Белорус қызметінің (Радыё Свабода) тілшісі Олег Груздиловичке айып тағылды. Ол "қоғамдық тәртіпті өрескел бұзатын әрекетті ұйымдастырды" деп айыпталып отыр. Бұл жөнінде сәрсенбі күні "Настоящее время" арнасы жазды.

Айыптау тарабы Груздилович СІМ аккредитациясынан айырылғаннан кейін рұқсат етілмеген митингіге қатысты деп санайды. Журналист тағылған айыптарды жоққа шығарды. Ол акцияға қатыспағанын, оқиға орнынан ақпарат таратып, кәсіби міндетін атқарғанын жеткізді. Оның сөзіне қарағанда, аккредитациясы болмаса да, ол сол кезде "Народная воля" басылымының штаттан тыс тілшісі болған. Егер сот оны кінәлі деп таныса, төрт жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Груздилович 23 желтоқсанда Минскіде ұсталған. Күштік құрылым өкілдері оның үйіне барып, есікті сындырып ашқан. Журналистің өзін ұстап, Минскідегі № 1 тергеу изоляторына қамаған. 28 желтоқсанда тергеушілер одан сұрақ-жауап алды.

Груздилович биыл алғаш рет 16 шілдеде ұсталған. Ол кезде күштік құрылымдар Азаттықтың Белорус қызметінің кеңсесіне басып кіріп, бірнеше журналисті (арасында Олег Груздилович те бар) ұстаған. Техниканы тәркілеген. Бұдан соң Груздилович пен әріптесі Ина Студзинская аштық жариялаған. 10 күннен соң басылым қызметкерлері ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босаған.

Өткен аптада Беларусь ІІС Азаттықтың Белорус қызметі - Радыё Свабода сайтын "экстремистік құрылым" деп атаған.

  • Беларусьте шамамен 300 интернет-ресурс "экстремистік сайт" деп танылған. 27 шілдеде Польшаның "Белсат" телеарнасының өнімдері де "экстремистік ақпарат ресурсы" деп танылды. Тамызда спорт жаңалықтарын тарататын Tribuna.com сайтына да дәл сондай шешім қабылданды. Одан бөлек, Zerkalo.io, Tut.by ақпараттық ресурстарының сайттары мен логотиптері, әлеуметтік желідегі акаунттарына тыйым салынды.
  • Бас кеңсесі Чехияның астанасы Прага қаласында орналасқан Азат Еуропа/Азаттық радиосы (АЕ/АР) корпорациясы сөз еркіндігі шектелетін немесе еркін БАҚ әлі толық қалыптаспаған 22 елде (арасында Қазақстан да бар) 26 тілде әртүрлі платформа (интернет, радио, телеарна, видео) арқылы хабар таратады. АЕ/АР аудиториясы - 34 миллион адам.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG