Accessibility links

Алматыда полиция наразыларға шулы граната қолданды. Тоқаев Маңғыстау мен Алматыда төтенше жағдай жариялады


Интернетте тараған видеоларда Алматыда арнайы жасақ наразыларға қарсы шулы граната қолданғаны байқалады. 4 қаңтар 2022 жыл.
Интернетте тараған видеоларда Алматыда арнайы жасақ наразыларға қарсы шулы граната қолданғаны байқалады. 4 қаңтар 2022 жыл.

Қазақстанда билікке ел наразылығы күшейген тұста Ақорда 19 қаңтарға дейін Маңғыстау облысы, Жаңаөзен және Алматы қаласында төтенше жағдай жариялады. Алматыда полиция наразыларға қарсы шулы граната мен көзден жас ағызатын газ қолданғаны хабарланды.

4 қаңтардан 5 қаңтарға қараған түні Алматыда арнайы жасақ Республика алаңына жиналған наразыларға шулы жарық граната мен көзден жас ағызатын газ қолданды. Бұдан бөлек Алматыда бірнеше полиция көлігі өртенгені байқалады. Мұны интернетте тараған видеолардан көруге болады.

Видеода жарылыс дауысын естіліп, тұманға ұқсас түтін байқалады. Жөтелген адамдардың да дауысы естіледі.

Алматы көшесінде өртенген көліктер. 5 қаңтар 2022 жыл.
Алматы көшесінде өртенген көліктер. 5 қаңтар 2022 жыл.

Vlast.kz сайты да күш құрылымдарының алаңға келгендерге қарата шулы граната қолданғанын хабарлады. Сайттың жазуынша, алаңға мыңнан аса адам жиналған.

"Зардап шеккендер жайлы дерек жоқ. Ал орталық алаңға келгендердің қатары өсіп жатыр. Наразылар арнайы жасақтың шулы граната лақтырып тұрған көлігіне қарай беттеп барады. Ал арнайы жасақ оларға таяқ, басқа да заттар лақтырып жатыр. "Астана" алаңында да жарылыс дауыстары естіліп жатыр. Қала орталығында газдың иісі шығады" деп жазды Vlast.kz.

Алматыдағы түнгі оқиғалар
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:16 0:00

Ішкі істер министрлігі, Алматы қаласы полиция департаменті жағдайға байланысты әзірге ешқандай мәлімдеме жасамады.

Елде билікке қарсы наразылық күшейген кезде, 4 қаңтар күні түнде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысында және Алматы қаласында төтенше жағдай жариялады, бұл туралы жарлық шығарардың алдында Тоқаев видеомәлімдеме жасап, "билік құламайды" деп мәлімдеді.

"Азаматтық және әскери мақсаттағы, қызметтік ғимараттарға шабуыл жасауға үндейтін ұрандар мүлдем заңға қайшы келеді. Бұл - өрескел қылмыстық әрекет. Билік құламайды. Бірақ бізге өзара сенім және өзара диалог керек" деп мәлімдеді Тоқаев.

Қазақстан президенті жастарға "жарқын болашақтарыңызға балта шаппаңыздар, жақындарыңыздың жағдайын ойлаңыздар" деп ескертті және 5 қаңтарда мәселелер бойынша арнайы жиналыс өтетін, басқа да әлеуметтік мәселелер осы жиында талқыланатынын жеткізді.

Бұған қоса Тоқаев жұртты "деструктивті топтарға ермеуге" шақырды. Бірақ нақты қандай топтар екенін ашып айтпады.

Тоқаевтың жарлығына сай, Алматы, Маңғыстау облысы мен Жаңаөзендегі төтенше жағдай 5 қаңтар түнгі 01:30-дан бастап 19 қаңтар 00:00-ге дейін жалғасады.

"Президент телевизия арқылы жасаған үндеуінде айтқандай, іштен және сырттан болған сан түрлі ақпараттарға сеніп, ереуілге салынған топтың қитұрқы әрекеттері мен тәртіпсіздікке ермей, парасатпен және ақылмен ғана шешім қабылдайды деп үміттенеді" деді Ақорда.

2 қаңтарда Қазақстанның батысындағы Жаңаөзен қаласында тұрғындар газдың 60 теңгеден 120 теңгеге қымбаттауына қарсы шыққан. Наразылықты Қазақстанның өзге өңірлері қолдады. Содан бері Қазақстан қалаларында билікке қарсы бейбіт наразылық жалғасып жатыр.

4 қаңтарда билік құрған арнайы комиссия Маңғыстау облысында газ бағасы елу теңге болатынын мәлімдеген. Бірақ наразылар тарқамай тұр. Олар елді қымбатшылық қысып тұрғанын айтып, биліктің отставкасын талап етеді. Бейбіт митинг кезінде "шал, кет" деген ұран да айтылды.

Елде полиция күзеті күшейіп, белсенділер мен журналистерді ұстау жиіледі. 4 қаңтарда елде жүздеген адам ұсталды. Кейбір белсенділердің соққыға жығылғаны да хабарланды.

Ұсталғандардың арасында Азаттық тілшілері Қасым Аманжол мен Дархан Өмірбек те бар. Полиция Азаттық тілшілерін бірнеше сағат себепсіз ұстап, бостатты.

Маңғыстау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев (оң жақта) газ бағасын түсіруді талап еткен тұрғындармен кездесіп тұр. Жаңаөзен қаласы, 3 қаңтар 2022 ж.
Маңғыстау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев (оң жақта) газ бағасын түсіруді талап еткен тұрғындармен кездесіп тұр. Жаңаөзен қаласы, 3 қаңтар 2022 ж.

Кейінгі кезде елде инфляция өсіп, азық-түліктің, тұтыну тауарларының, бензиннің бағасы қымбаттап, елдің әлеуметтік жағдайы қиындай түсті. Жұрт әлеуметтік жағдайды айтып, наразылыққа жиі шыға бастаған.

Бұл – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы билікке қарсы ең ірі бейбіт митингінің бірі. Кейінгі кездегі митингілерде наразылар Нұрсұлтан Назарбаевтың биліктен толық кетуін жиі талап етіп жүр. Елді отыз жылдай басқарған Назарбаев 2019 жылы наурызда президенттіктен кетсе де, Қауіпсіздік кеңесінің өмір бойғы төрағасы ретінде билікке ықпалын сақтап қалды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG