Accessibility links

Жаңаөзендегі наразылық және мемлекеттің "жеке әмиянына" айналған ұлттық қор. Сарапшы пікірі


Жаңаөзен қаласында митингіге шығып тұрған адамдар. Маңғыстау облысы, 3 қаңтар, 2022 жыл
Жаңаөзен қаласында митингіге шығып тұрған адамдар. Маңғыстау облысы, 3 қаңтар, 2022 жыл

Қазақстанның батысында газ бағасының қымбаттауына байланысты туған наразылықтың астарында не жатыр? Үкімет проблемаларды қалай шешеді? Зейнетақы қорынан ақша алу жүйедегі қордаланған мәселелерді шешпейтіні, мұның тек саяси элитаға ғана тиімді екені рас па? "Эксперт Қазақстан" іскерлік журналының бас редакторы болған, Әлемдік экономика және саясат институтында қызмет еткен экономист сарапшы Сергей Домнин осы сұрақтарға жауап берді.

СОҢЫ НАРАЗЫЛЫҚҚА ҰЛАСҚАН СТРЕСС

Азаттық: 2022 жыл Жаңаөзендегі сұйытылған газ бағасының өсуіне қарсы наразылықтан басталды. Жаңаөзен халқын басқа елдімекен тұрғындары да қолдады. Наразылық себебі – кедейліктің күн санап артуы, халықтың қымбатшылықтан шаршауы және тиімсіз басқару деуге бола ма?

Экономика сарапшысы Сергей Домнин
Экономика сарапшысы Сергей Домнин

Сергей Домнин: Маңғыстау облысындағы оқиғалар – бірнеше фактордың салдары. Сұйытылған газ – өңір халқы көлікке жанармай есебінде пайдаланатын отын түрі. Газ бағасы көп қызмет түрі мен тұтыну тауарларының құрылымына кіреді. Бұл – сұйытылған газ бағасының шарықтауы басқа тауарлардың да қымбаттауына әсер етеді деген сөз. Бірақ мұнда психологиялық фактор маңызды рөл атқарды: бірнеше ай ішінде бағаның екі есе көтерілуі тұтынушы үшін үлкен стресс болды. Кейін осы стресс наразылыққа ұласты.

Үкіметтің бір сөзіне қосылуға болады: басқа отын түрлері сияқты сұйытылған газ да нарықтық бағада сатылуы керек. Бірақ инфляция мен наразылықтың артуына жол бермеу үшін бағаны нарықтық деңгейге жеткізу процесін бақылауға алып, асықпай жүргізу керек. Бұл – менің қалауым емес, халықаралық валюта қорының сарапшылары ұсынған тәжірибе. Қажет болған жағдайда бағалар арасындағы айырма бюджеттен бөлінген субсидия есебінен өтеледі. Қазақстан басқа модельді таңдады: халыққа арналған субсидияны газ өндіруші ұлттық компания төлеп келді. Бұл тәжірибені ары қарай жалғастыру қиындаған кезде билік мәселеден сырт айнала салды. Халық наразылыққа шыққаннан кейін ғана үкімет бұл мәселеге қайта назар аударуға мәжбүр болды.

Азаттық: Кейінгі айларда қазақстандықтарды қымбатшылық қыса бастады. Ресми дерек бойынша, 2021 жылдың қаңтар-қараша айларында инфляция 8,7 пайыз болып, 2016 жылдың соңынан бері ең үлкен көрсеткішке жетті. Азық-түлік бағасы 11 пайызға қымбаттады. Бұл халықтың жағдайына тікелей әсер етеді. Елдегі кедейлер саны артты ма?

Сергей Домнин: 2021 жылғы деректер әлі жарияланған жоқ. Бірақ 2015 жылдан бері кедейлік ауқымы үнемі ұлғайып келеді. 2015-2020 жылдары кедейлік тереңдігі коэффициенті – 0,3-тен 0,8-ге дейін үш есе, ал кедейлік өзектілігі коэффициенті 0,1-ден 0,2-ге дейін өскен. Үлкен өзгеріс болмаса да, бұл көрсеткіш 1990 жылдардан кейін бірінші рет осындай өсім көрсетіп отыр. Бұған пандемия да біршама әсер етті. Ресми дерек бойынша, бұл – тым жоғары көрсеткіш емес. 2000 жылдардың басындағы жағдаймен салыстырсақ, қазіргі ахуал әлдеқайда жақсы.

Дегенмен кей жанама деректер оң өзгерістер жоғын көрсетеді. Біріншіден, кейінгі бірнеше жылда халық табысының 50 пайыздан көбін азық-түлікке жұмсайды. Бұл – жақсы емес. Мысалы, Ресейде бұл көрсеткіш – 40 пайыз (осының өзі нашар деңгей), ал дамыған елдерде – 25-30 пайыз шамасында.

Тағы бір жанама көрсеткіш бар. Ұлттық статистика бюросы инфляцияны децильді топтарға бөледі, яғни, тұтыну тауарлары мен ақылы қызметтердің қымбаттауы ең бай және ең кедей адамдарға қалай әсер ететінін анықтайды. 2021 жылдың қыркүйек айында 8,9 пайыз деп тіркелген жылдық инфляция табысы төмен азаматтар үшін 9,4 пайыз, ал әл-ауқаты жоғары отбасылар үшін 8,3 пайыз шамасында болды. Инфляцияны «кедейлік салығы» деп бекер атамайды. Бай және кедей топтар арасындағы алшақтық кейінгі айлардағы азық-түлік бағасының қымбаттауымен байланысты. Бұл кедейлерге көбірек әсер етеді.

Азаттық: Үкімет бағаның өсуін “бүкіл әлемде азық-түлік қымбаттап жатыр” деген ғаламдық тенденциямен түсіндірді. Инфляцияның арту себебін әлемдік трендтен іздеу қаншалық дұрыс?

Сергей Домнин: Азық-түлік бағасының қарқынды өсуі пандемияға дейін де байқалған. Мысалы, 2021 жылы қарашада азық-түлік бағасы 10,9 пайызға өсті. 2020 жылдың тамызында да дәл осындай көрсеткіш тіркелді. Жарайды, ол кезде пандемия болды делік. Бірақ 2020 жылы қаңтарда азық-түліктің 9,2 пайызға қымбаттауын қалай түсіндіруге болады? Ол кезде әлемде азық-түлік бағасы қалыпты еді. Алдыңғы жылдары да инфляция деңгейінің жоғары болуы үкіметке қояр сауалымыз көп екенін көрсетіп отыр.

Азаттық: Ең төменгі жалақы мөлшерінің артуынан қандай да бір өзгеріс бола ма?

Сергей Домнин: Бұрын 42 500 теңге алып келген адамның қолына енді 60 000 теңге тисе, оның тұтыну себеті қаншалық кеңейеді? Оған қанша жаңа тауар қосылады? Жауабы анық: шаруашылығы не жәрдемдесетін туыстары жоқ, бала өсіріп отырған отбасы ең төменгі жалақыға күн көре алмайды.

БОЛАШАҚ ҰРПАҚҚА КӨП АҚША ҚАЛМАЙДЫ

Азаттық: Былтыр коронавирус пандемиясы мен экономикалық дағдарыс кезінде Қазақстан ұлттық қордың алты триллион теңгесін республикалық бюджетке аударды. Биыл тағы 4,5 триллион теңге алды. 2021 жылдың бірінші жартысында қордан алынған қаржы көлемі оған түсетін табыс мөлшерінен асып кетті. Ұлттық қордан ақша алу болашақта да жалғасатын сияқты. Бұл алаңдауға тұрарлық тенденция ма? Оның соңы неге апарып соғуы мүмкін?

Сергей Домнин: Он жылдан бері үкімет ұлттық қорды салықтық және өзге де түсімдер жетпеген кезде қол салатын жеке әмияны ғана емес, бюджетті толықтырып отыратын тұрақты табыс көзі ретінде қолдана бастады. Алдағы уақытта ештеңе өзгермейді, өйткені үкіметтің басқа амалы жоқ.

Бюджеттен жұмсалатын қаржының көп бөлігі (80 пайыздан астамы) – капиталды шығындар, жол, көпір құрылысы сияқты болашақта қосымша пайда әкелетін экономикалық инвестициялар немесе ақша болмаса, кейінге қалдыруға болатын шығындар емес. Бұл міндеттемелерді дәл қазір орындау керек.

Бірақ үкімет ұлттық қордан осы мөлшерден артық ақша алуға болмайды деген шектік деңгейді төмендеткен жоқ. Бюджет саясатының жаңартылған концепциясында бұл деңгей жалпы ішкі өнімнің 30 пайызына тең деп белгіленген. 2020 және 2021 жылдардың оперативті деректеріне қарасақ, бірнеше рет осы деңгейге таяп қалғанымызды көруге болады.

Әрине, мұнайдан түскен табыстың көп бөлігін болашақ ұрпаққа қалдырғымыз келсе, қазіргі саясатты өзгерту керек. Болашақ ұрпаққа аз қор қалдыру арқылы олардың келешек қиындықтарға төтеп беру мүмкіндігін азайтамыз. Үкімет ұлттық қордағы қаржы таусылмайынша қазіргідей өмір сүре береді.

Азаттық: Есеп комитетінің дерегінше, 2020 жылы үкімет ұлттық қорға түскен қаржының 94 пайызын пайдаланған. Мемлекет алдағы жылдары да ұлттық қордан ақша алады деп отырсыз. Дәл осылай жалғаса берсе, қордағы қаржы қанша уақытқа жетеді?

Сергей Домнин: Бізде 2030 жылға қарай ұлттық қорда 100 миллиард доллар болады деген ресми болжам бар. Шын мәнінде қалай болатынын дөп басып айту қиын. Мұнай бағасы және өндіріс көлемі 2026 жылға жоспарланғандай 70 доллар және 107 миллион тонна болса, қазіргі қарқынмен ақша алуды жалғастырған күннің өзінде ұлттық қорда 100 миллиард доллар болуы мүмкін. Мұнай бағасы төмен болса, 2030 жылға қарай ұлттық қорда мүлде ақша қалмайды. Әртүрлі себептермен, оның ішінде 2020 жылдың екінші жартысында нарыққа келген еңбек ресурстары мен экономика жұмыс істеуі үшін шығындарды арттыруға тура келеді. Активтер өседі, бірақ үкімет күткен қарқында емес.

Азаттық: 2021 жылы мұнай бағасы біршама өсіп, пандемия басталғалы бірінші рет 75 доллардан асты. Бірақ бұл ұлттық валютаны нығайтқан жоқ, керісінше, қазан айынан бастап теңге құнсыздана бастады. Мұнай бағасының өсуі теңге бағамына неге әсер етпеді?

Сергей Домнин: Бұл теңге бағамына оң әсер етті деп ойлаймын. Бізде төлем балансы операциялары шотының профициті артты, елге көбірек валюта келе бастады. Бірақ алдыңғы жылдары теңге 5-10 пайызға құнсызданды. Биыл теңге бағамы өзгерген жоқ. Бұған мұнай бағасының өсуі әсер етті деуге болады.

Азаттық: 2022 жылы Қазақстан үкіметі жалпы ішкі өнім 3,9-4,2 пайызға өседі деп болжап отыр. Бұл болжамға сенуге бола ма?

Сергей Домнин: Омикрон штамы қандай да бір өзгеріс әкеліп, Қытай мен дамыған елдердегі карантин қайталанбаса, бұл болжам орындалуы мүмкін. Мұнай өндірісі мен экспорты артып, өңдеуші өнеркәсіп, сауда, көлік және байланыс салаларында өсім жалғасады.

ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖҮЙЕСІНДЕГІ РЕФОРМА КІМГЕ ПАЙДАЛЫ БОЛДЫ?

Азаттық: Былтыр Қазақстан билігі азаматтарға зейнетақы қорындағы жинақ қаржысының шектік мөлшерден асқан бөлігін шешіп алып, тұрғын үй алу, емделу және құнды қағаздарға инвестиция салу мақсатында пайдалануға рұқсат берді. Қаржының көп бөлігі жылжымайтын мүлік нарығы мен құрылыс саласына құйылды. Бұл өз кезегінде көпжақты әсер берді: елде тұрғын үй бағасы өсіп, инфляция артты. Зейнетақы қорынан ақша алуға рұқсат беру әбден ойластырылған рационалды шешім болды деп ойлайсыз ба?

Сергей Домнин: Зейнетақы реформасы (мұны реформа деп атауға болады, өйткені азаматтар үшін зейнетақы жүйесіне қатысу шарты өзгерді) саяси тұрғыдан ойластырылған қадам болды: халық реформаны жақсы қабылдады, президент Тоқаевтың танымалдылығы артты.

Зейнетақы жүйесінің негізгі мәселелері – табыстың төмендігі, қоғамның қордағы қаржының басқарылу сапасына көңілі толмауы, қаржы тапшылығы (салымшылар зейнетақы шотына жеткілікті қаржы аудармаған) болса, онда реформа оларды шешуге көмектескен жоқ.

Реформаның жалғыз оң әсері (оның өзі әлсіз) – зейнетақы шотына ақша жинап, кейін оны тұрғын үй сатып алуға немесе емделуге пайдалану мүмкіндігі. Халықтың зейнетақы жүйесіне деген сенімін әлеуметтік сауалнама жүргізбей түсіне алмаймыз. Мысалы, менің зейнетақы жүйесіне деген сенімім керісінше, азая түсті. Бұл – он жылға жетпейтін уақыт ішінде зейнетақы жүйесінде жүрген екінші реформа. Ол жүйенің негізгі мәселелерін шешпейді. Соңғы реформа бұл мәселелерді одан әрі ушықтыратын сияқты.

Оң әсерге азаматтардың зейнетақы қорындағы қаржысын тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалану мүмкіндігін жатқызуға болады. Есептерге қарағанда, жинақ қаржысын алған адамдардың басым көпшілігі тұрғын үй сатып алған. Бұл қаншалық дұрыс әрі рационалды шешім болғанын айту қиын. Баспанаға шынымен мұқтаж адамдар бұл реформадан еш пайда көрген жоқ па деп қорқамын: 2020 жылдың соңында зейнетақы жүйесіне қатысушы азаматтардың 70 пайызының жинақ қаржысы миллион теңгеге де жетпеген. Мүмкін адамдар қаржысының бір бөлігін ипотека алып, кейінірек тұрғын үй жинақ жүйесіне жарна төлеуге пайдаланатын шығар. Зейнетақы жүйесіне сенбейтін, әл-ауқаты жақсы адамдар жинаған ақшасын шешіп алды. Тұрғын үй нарығына ұсыныспен кірген адамдар мен құрылыс компаниялары да біраз пайда көрді. Президент пен оның командасы қарапайым халықтың қамын ойлайтын тұлғалар ретінде көрініп, жақсы нәтижеге қол жеткізді.

Президент реформаның барлық кезеңінде осы әдісті ұстанумен болды. 2020 жылы ақпанда еңбек министрлігі зейнетақы қорындағы қаржыны 100 мыңнан астам адам ғана пайдалана алады деген мәлімдеме жасады. Президент шектік мөлшерді төмендетіп, жинақ қаржысын алуға құқылы азаматтар санын 700 мыңға жеткізуді тапсырды. Шектік мөлшерді арттыру туралы шешім қабылданған кезде де президент бұрынғы тәртіп бойынша ақша шешіп алуға үш ай уақыт берді.

Азаттық: Жаңа шектік мөлшердің күшіне ену уақытын ұзарту «біреудің жағдайын жақсарту үшін бірінші оның өмірін қиындатып, кейін бәрін бұрынғы қалпына қайтарыңыз» деген әзілді еске салмай ма?

Сергей Домнин: Бәрін бұрынғы қалпына қайтару үшін жағдайды әдейі қиындатты деп ойламаймын. Билікте бұл реформаға қатысты екі күштің күресі жүріп жатыр. Бірінші тарап ақшаның сценарий бойынша үлестіріліп, мемлекет басшысына саяси пайда әкеліп, жылжымайтын мүлік саласындағы белсенділік сақталғанын қалайды. Екінші күш – еңбек министрлігіндегі шенеуніктер – зейнетақы жүйесі негізгі міндетін атқаруы керек деп есептейді. Олар шектік мөлшерді есептеген кезде осы жайттарды ескеруге тырысқан.

Азаттық: Шектік мөлшердің артуы ең төменгі жалақы мен зейнетақы көлемінің өсуімен түсіндірілді. Зейнетақы жүйесінен ақша шешіп алуға қажетті қаржы көлемін арттыру туралы шешім қабылдауға не түрткі болды деп ойлайсыз? Жаңа шектік мөлшердің күшіне ену уақытын үш айға ұзарту дұрыс болды ма?

Сергей Домнин: Есеп формуласы мақсаттармен салыстырғанда екінші орында тұр. Ал реформаның мақсаты – халыққа зейнетақы қорындағы ақшасын пайдалануға мүмкіндік беру. Мемлекет «зейнетақы қорындағы қаржының қалай басқарылып жатқанына көңілдерің толмаса, ақшаларыңды алып, өздерің жаратыңдар» деді. Бұл тұрғыдан алғанда реформа толықтай жүзеге асты. Шектік мөлшерді есептеумен еңбек министрлігі айналысты. Бұл жерде ұзақмерзімді әдіс басшылыққа алынған: олар болашақта зейнеткерлердің табысы жоғары болуы үшін зейнетақы қорында көбірек ақша қалдыруға тырысқан. Өйткені ақшаны қысқамерзімді мақсаттарға жұмсауға рұқсат берілген кезде жағдай түбегейлі өзгерді.

Азаттық: 2021 жылы қарашаның басында 485 мың өтініш тіркеліп, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының шотынан екі триллион теңге аударылған. БЖЗҚ қорындағы қаржының бір бөлігін азаматтарға үлестіру болашақ зейнеткерлердің табысына әсер ете ме?

Сергей Домнин: Әрине. Еңбек министрлігі «ақшаны [мерзімінен бұрын] шешіп алудың әсері болады, жүйедегі және әр салымшының шотындағы қаржы азаяды» деп ескертті. Тиімді зейнетақы жүйесінің басты мақсаты – азаматтарға қамсыз қарттық сыйлау, яғни, қорда көбірек ақша сақтап, консервативті әрі тиімді әдістер арқылы жинақ қаржыны тым болмаса инфляциядан қорғайтын инвестициялық табыс табу. Зейнетақы қоры осы міндетті орындауы керек. Ол еңбекке қабілетті жастағы азаматтар өз мәселесін шешуге пайдаланатын шот болмауы тиіс. Қор азаматтарға қартайған шағында көмектесуі қажет.

Азаттық: Үкіметте отырған шенеуніктер зейнетақы қорынан ақша шешіп алу инфляция мен жылжымайтын мүлік бағасына әсер ететінін білді ме?

Сергей Домнин: Осындай бір әсер болатынын болжаған шығар. Олар бұл жерде ота жасау мен жасамаудың қайсысының салдары ауыр болады деп салыстырып, шешім қабылдайтын хирургтар сияқты әрекет етті. Шенеуніктер саяси пайда көруді көздеген болса, жылжымайтын мүлік нарығындағы бағаны өсіру арқылы дегендеріне жетті деп ойлаймын.

Бірақ бір нәрсені атап өту керек: тұтынушылық инфляцияның құрылымына қарасаңыз, оған тұрғын үй бағасының қымбаттауы тікелей әсер етпегенін көресіз. Мысалы, 2021 жылы қарашада жалдамалы пәтер бағасы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20 пайызға өскен. Бұл – тұрғын үйдің бірінші және екінші нарығындағы қарбаластың нәтижесі. Мүмкін бұл әсердің алғышартын қалыптастырғандар болған шығар, бірақ бәрібір шенеуніктер жақсы саяси ұпай жинаймыз деп күткені анық. Өйткені тұрғын үй бағасының өсуі олар үшін үлкен мәселе емес.

Азаттық: Яғни, бізде қысқамерзімді саяси әсерге көбірек жүгіне ме?

Сергей Домнин: Иә. Қазақстан билігі ұзақмерзімді мақсаттарды емес, қысқармерзімді міндеттерді көбірек таңдайды. Бірақ қысқармерзімді міндеттерді ұзақмерзімді мақсаттар жүзеге асатындай етіп орындау керек. Өкінішке қарай, олай болмай тұр. Адамдар сайлау арасындағы кезеңнен де қысқа уақыт ішінде өзекті болатын шешімдер қабылдайды. Бізде үкіметке төрт-бес жылдық бағдарламасын жүзеге асырып, кейін қызметінен кететін тұлғалар келмейді. Үкімет авторитаризмнің халық алдындағы танымалдылық үшін күреске мән бермей, ұзақмерзімді реформаларды біртіндеп жүзеге асыру сияқты «артықшылығын» құнсыздандыратын режимде жұмыс істеп, осындай шешімдер қабылдайды. Әрине, бұл қызық көрінеді, бірақ мұндай жағдайда қалған қиын.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG