Accessibility links

Тоқаев қауіпсіздік жүйесін реформалайтынын айтты, бірақ не өзгеретіні белгісіз


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

27 қаңтарда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің (ҚК) отырысын өткізді. Ақорда сайтының хабарлауынша, онда "ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесін қайта құру және нығайту шаралары" қарастырылған. Ресми ақпаратта қауіпсіздік жүйесінде қандай кемшілік бар екені нақты айтылмаған. Жиында президент қауіпсіздікке жауапты барлық органдар жұмысын өзгертуі қажет екенін ескерткен.

Отырыста "ұлттық қауіпсіздік жүйесін реформалауға бағытталған нақты шешімдер қабылданған". Бірақ қандай шешімдер қабылданғаны айтылмайды.

Қауіпсіздік мәселелері бойынша шешім қабылдайтын ең жоғары орган Қауіпсіздік кеңесіне төрағалықты Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның барлық аумағында наразылық болып, дүрбелең басталған уақытта - 5 қаңтарда өз қолына алған. Бұған дейін оның төрағасы қызметін елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев атқарып келген. Кей шешімдерді қабылдауда президент Қауіпсіздік кеңесі төрағасымен ақылдасуы тиіс деген заң нормасы көп пікірталас тудырған еді.

Қасым-Жомарт Тоқаев кеңес төрағалығын қолына алған соң Назарбаевқа жақын делінген бірқатар жоғары лауазымды тұлғалар қызметтен алынды. Кейін Назарбаевтың ұзақ жылдан бергі үзеңгілесі, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов тұтқындалып, оған "билікті күшпен басып алмақ болды" деген айып тағылды. Бұдан соң ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде Назарбаев пен Тоқаев арасында билікке талас өршігені жөнінде болжамдар айтыла бастады.

Алайда бұрынғы президенттің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай "Қауіпсіздік кеңесі төрағалығын тапсыру туралы шешімді Назарбаевтың өзі қабылдағанын" айтып, сендіруге тырысқан.

Қазақстанды отыз жылдай басқарған Назарбаев 2019 жылы наурызда президенттіктен кеткенімен, биліктің көп тетігін қолында ұстап қалды. Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы лауазымымен қоса, ол биліктегі "Нұр Отан" партиясының және Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы болды. Былтыр жыл соңында ол ассамблеяға және партияға төрағалықтан бас тартатынын жариялады. Кейбір сарапшылар қаңтарда елде болған наразылық пен тәртіпсіздік Назарбаевтың ықпалын әлсіретті деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG