Accessibility links

Алматыда қаңтар оқиғасына байланысты ұсталған тағы 10 адам тергеу изоляторынан шықты


Қаңтар оқиғасына байланысты ұсталған азаматтарды тергеу изоляторының алдынан туыстары күтіп алды. Олардың бұлтартпас шарасы өзгерген. Алматы, 1 ақпан 2022 жыл.
Қаңтар оқиғасына байланысты ұсталған азаматтарды тергеу изоляторының алдынан туыстары күтіп алды. Олардың бұлтартпас шарасы өзгерген. Алматы, 1 ақпан 2022 жыл.

Алматыда қаңтар оқиғасына байланысты ұсталған тағы 10 адам тергеу изоляторынан босап шықты. Тағы бір адам ауруханадан босатылады деп хабарлады адвокат, "Аманат" қоғамдық комиссиясының жетекшісі Абзал Құспан. Олардың бұлтартпас шарасы қамаумен байланысты емес шара түрімен алмастырылды.

Сейсенбі күні түстен кейін қамаудан шыққандарды тергеу изоляторының алдынан туыстары күтіп алды. Босатылғандар ақпарат құралдарына пікір білдіруге ықылас білдірген жоқ. Тек аяғына оқ тиген бір азамат қана"ішінде маған жақсы қарады" деп қысқа қайырды. Бірнеше адам балдақпен, кейбірі ақсаңдап шықты.

Адвокат Абзал Құспанның айтуынша, қоғамдық комиссия 272-бап 2-тармақ бойынша күдікке ілінгендердің бұлтартпас жазасын жұмсартуды көздеп отыр. Себебі бұл топқа көбіне митингіні кездейсоқ көріп, қатысқандар кірген. Бұған қоса, оқиға кезінде ауыр жарақат алғандардың жазасын жұмсартуға да күш салынып отыр. Қоғамдық комиссия жұмысы аясында 36 адамның бұлтартпас жазасы жұмсартылған. Алматының өзінде ғана тергеу изоляторда "жаппай тәртіпсіздік" ісі бойынша 250-ден астам адам отыр.

Қоғамдық комиссия бұған дейін бірнеше рет ұсталғандардың бұлтартпас жазасын өзгертуге қол жеткізгенін хабарлаған.

Осыған дейін қаңтар оқиғасына байланысты ұсталғандардың азапталғаны, қарулы күштердің оқиға кезінде жаралағандарды денсаулығына қарамастан ауруханадан алып кеткені жөнінде хабар тараған. Арнайы жасақтың жараланғандарды ауруханадан ұстап алып кеткені туралы видео-айғақты Азаттық та жариялаған.

Қаңтар оқиғасы мен оқиғадан кейінгі азаптау мен қысым көрсету фактілеріне құқық қорғаушылар алаңдаған.

Бас прокуратура құқық қорғау органдары тарабынан ұстау және тергеу кезінде заңсыз әрекеттер болғанын (азаптау, билік өкілетін асыра пайдалану және тағы басқа) мойындаған. Ресми мәлімет бойынша, азаматтардан 109 шағым түскен. 11 шағым бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталған.

Еуропарламент жақында қабылдаған қарарында бейбіт наразылықтан кейін өрбіген жаппай зомбылықты айыптап, ресми Нұр-Сұлтанды "терроризм" айыбын оңды-солды тақпауға үндеген. 27 тармақтан тұратын құжатта Қазақстан билігін азаматтар мен қоғамдық ұйымдарды саяси себеппен қудамалауға, адамдардың бейбіт жиналуына кедергі келтірмеуге, жөн-жосықсыз ұстау мен азаптауды доғаруға шақырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG