9 ақпанда мәжіліс отырысында қаңтар оқиғасына байланысты ұсталғандарды азаптау, полицияның шамадан тыс күш қолдануы жөнінде азаматтардан көп шағым түсіп жатқаны айтылды.
- Жағдайдың ушыққаны сонша, шетелдің құқық қорғау ұйымдары біздің мемлекеттік органдарға азаптау туралы мәлімдемелерді мұқият тексеруге және адам құқықтарының бұзылуын тоқтатуға шақырды, - деді депутат Еділ Жаңбыршин.
Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігі өкіліне сауал қойған депутат ведомстволар "зардап шеккендердің құқықтарын қалай қамтамасыз етпек? ІІМ адам құқықтарын бұзу фактілерін қалай жоймақ? Заң бұзған полицейлер қандай жазаға тартылады және келген зиян қалай толтырылмақ?" деген сауалдап қойды.
Бас прокурордың орынбасары Әсет Шыңдалиевтің айтуынша, қазіргі кезде азаматтардан "тергеу кезінде заңсыз әдістің қолданылуына байланысты" 250 шағым түскен.
"Олар бойынша 133 қылмыстық іс қозғалды. Бұл істер прокурорлардың қатаң бақылауында. Әр іс бойынша процессуалдық прокурор тағайындалған" деді ол.
Бас прокуратура өкілі "бұл бағытта жұмыс жалғасатынын" айтты.
Ал ішкі істер министрлігінің өкілі абақтылардағы азаптау мен қатыгездікті жою мақсатында "полиция мекемелеріне жаппай камера орнатылып жатқанын" айтты. Оның сөзіне қарағанда, қазір 18 мыңнан астам мекемеге камера орнатылған.
"Полицияның билікті асыра пайдалануы бойынша [мәліметтерді] прокурорлар қатаң тексереді. Зардап шеккендерге өтемақы төлеу тәртібі заңмен көзделген. Сот шешімімен іске асады" деді министрлік өкілі.
Өткен айдың басында болған кемінде 227 адамның өмірін қиған Қаңтар қырғынынан кейін ұсталғандардың аяусыз соққыға жығылғаны, азапталғаны жайлы хабар көп шыққан. Кейбір ұсталғандардың туыстарының айтуынша, полиция жақындарын электрошокермен, үтікпен азаптаған. Бұған дейін ұсталғандардың туыстары кәмелетке толмаған балаларын "кемпірауызбен тісін босатқанын" хабарлап, жылаған. Құқық қорғаушылар денесі жарақаттанған, азапталған азаматтардың суреттерін де жариялады. Жергілікті және халықаралық құқық қорғаушылар Қазақстан билігін азаптауды доғаруға, оған кінәлілерді жауапқа тартуға шақырған.
Бас прокуратура "тергеу кезінде заңсыз әдіске жүгіну" фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалғанын айтқанмен қанша полицейдің ұсталғаны туралы ақпарат бермеді.
Талдықорғанда "үтікпен азапталып, соққыға жығылған" Азамат Батырбаевтың адвокаты Бауыржан Азанов бір күн бұрын президентке қайырылып, Батырбаевтың азапталуына қатысты айыпталған немесе күдікке ілінген полицейлерді абақтыға қамау жөнінде өтініш жасаған.
ПІКІРЛЕР