Орал қаласының соты "Нұр Отан" партиясының бөлімшесі алдында жалғыз адамдық пикет өткізген жергілікті тұрғын Бекболат Өтебаевқа 100 мың теңгеден астам айыппұл салды.
Сот 11 ақпанда кешке онлайн өтті. Сот Өтебаевты "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" (Әкімшілік кодекстің 488-бабы, 1-бөлігі) деп таныды.
Бастапқыда сот оған 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салған, бірақ кейін айыппұл көлемін азайтты.
—Өтебаевтың екінші топ мүгедек екені ескерілгендіктен айыппұл көлемі 30 пайызға азаяды, – деді сот шешімін оқыған судья Халықов.
Өтебаев өзіне тағылған айыппен келіспейтінін жеткізді. Ол сотта Конституцияда көрсетілген пікір айту құқығын пайдаланғанын, сол үшін өзін жазықты санамайтынын айтты. Адвокат Имашев Өтебаевтың әкімшілік құқықты бұзбағанын айтты. Алайда сот Өтебаевтың кінәсін видеожазбалар мен жауапкердің сөзі дәлелдейтінін алға тартты.
Сот шешімі бойынша Бекболат Өтебаев 107 205 теңге (250 доллар) төлеуі тиіс.
Соңғы бір жылда Орал тұрғыны "бейбіт жиын тәртібін бұзғаны үшін" бес рет жазаға тартылды. Сот шешімдері бойынша, барлығы 30 күнге (4 рет қамау) қамалып, бір рет айыппұл салынды. Бұған дейінгі соттарда судья оның мүгедектігін жазаны жеңілдейтін жағдай ретінде ескермеген. Бұл жөнінде құқық қорғаушы Павел Кочетков бірнеше рет атап өткен.
28 қаңтарда "Нұр Отан" партиясының съезі өтетін күні Бекболат Өтебаев партия бөлімшесінің алдында пикет өткізіп, зейнет жасын төмендетуді және зейнетақы мен жәрдемақыны көбейтуді талап еткен. Бірнеше минуттан кейін оны полиция ұстап әкетті. Оны полицияда бес сағаттан астам уақыт ұстаған.
ПІКІРЛЕР