Accessibility links

Сот "Шаңырақ ісі" бойынша сотталған Құрманғазы Өтегеновтің ерте босап шығу туралы өтінішін орындамады


Құрманғазы Өтегенов.
Құрманғазы Өтегенов.

N2 Қостанай қалалық соты "Шаңырақ ісі" бойынша ұзақ жылға сотталған Құрманғазы Өтегеновтің мерзімінен бұрын босап шығу туралы өтінішін орындамады. Бұл жөнінде Адам құқықтары және заңдылықты сақтау бюросының заңгері Гүлмира Қуатбекқызы хабарлады.

– "Ереже бұзған" деп өтінішін қанағаттандырмаған. Құрманғазы Өтегеновтің өзі соттан кейін хабарласып, шешімді жеткізді. Негізі оның ешқандай қарызы жоқ болатын. Ақша жинап, бәрін төлеп тастағанбыз. Ал қандай "ереже бұзғаны" белгісіз, – деді Гүлмира Қуатбекқызы Азаттыққа.

Адам құқықтары және заңдылықты сақтау бюросының Қостанай облыстық бөлімшесінің заңгері Елизавета Жук 21 ақпан күнгі процеске бақылаушы ретінде қатысқан. Оның айтуынша, сот өте жылдам өткен.

"Судья қорытынды бөлімді оқыды. Сосын "қанағаттандырылмасын, барлықтарыңыз боссыздар" деді. [Өтінішті қанағаттандырмау] Себептері айтылмады" деді.

Құқық қорғаушылар "саяси іс" деп таныған "Шаңырақ ісі" бойынша сотталған тұтқынның түрмедегі жағдайын үнемі бақылап келе жатқан заңгер Гүлмира Қуатбекқызының айтуынша, Құрманғазы Өтегеновтің жазасы биыл тамызда аяқталуы тиіс. Сот бұған дейін оның ерте босап шығу туралы бірнеше өтінішін орындамаған. Ол қазір Қостанайдағы қауіпсіздігі жоғары УК-161/2 мекемесінде жазасын өтеп жатыр.

Құрманғазы Өтегенов 2006 жылғы 14 шілдеде Алматының шетіндегі Шаңырақ елдімекенінде болған оқиғаға қатысқаны үшін сотталған. Шаңырақта сот "заңсыз салынған" деп таныған баспаналарын сүруге келген билік өкілдеріне жергілікті тұрғындар қарсылық көрсетіп, қақтығыс салдарынан полиция қызметкері қаза болған. Осы оқиғадан кейін төрт адам ұзақ мерзімге сотталған. Олардың екеуі 2020 жылы мерзімінен бұрын шартты бостандыққа шықты.

"Шаңырақ ісі" бойынша 18 жылға сотталып, 15 жылын түрмеде өткізген, былтыр күзде денсаулығына байланысты босатылған диссидент, ақын Арон Атабек түрмеден шыққаннан кейін көп ұзамай ауруханада қайтыс болған. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен жергілікті белсенділер оның өліміне билікті кінәлап, түсініктеме беруді талап етті. Халықаралық дәрежеде тергеу жүргізу қажеттігін де алға тартты. Ал белсенділер "Шаңырақ ісінің" қайта қаралуын талап етті.

Сот үкімі бойынша 16 жылға бас еркіндігінен айырылған Құрманғазы Өтегеновтің жаза мерзіміне 2013 жылы түрме әкімшілігінің "заңды талабына бағынбағаны" үшін тағы екі жарым жыл қосылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG